Калькулятор расчета монолитного плитного фундамента тут obystroy.com
Как снять комнату в коммунальной квартире здесь
Дренажная система водоотвода вокруг фундамента - stroidom-shop.ru
Home / Ислам ғылымдары / Хадис / Сахаба әйелдердің Исламға сіңірген қызметтері
Сахаба әйелдердің Исламға сіңірген қызметтері

Сахаба әйелдердің Исламға сіңірген қызметтері

Ислам діні бүкіл адамзат баласына арналып түскен дін болғаннан кейін, күллі адамзат мейірім шапағатын Алла елшісінен (с.ғ.с.) үйренеді. Өзгелердің жан дертіне күйіп жанып, хидаят тілеудің үлгісі де – осы пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінде жатыр. Қала берді, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бар өмірі – тұнып тұрған тәрбие мектебі.

Ғаламның рақым нұры болған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көркем мінезі барлық сахабалардың бойынан табылды. Өйткені, олар өздерін пайғамбар сүннетімен (с.ғ.с.) жүруді және осы жолда жанкештілік пен адалдық танытуды көздеді.

Сахабалар – пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) рухани тәлім алып шыққан, оған сондай тәнті болған. Сол себепті бүкіл өмірлерін Алла дініне қызмет етуге арнаған. Тарихқа зер салсақ, жер бетіне жіберілген барлық  пайғамбарлардың және сахабалардың өмірі қиын сынақтар арқылы өрілген. Алла тағала оларды дін жолында әр түрлі қайғы, қиындықтармен сынаған сәттерде сахабалар  Алла тағалаға тәуекел етуден бір сәт те айныған емес. Өйткені адам Алланың разылығы үшін қызмет етсе, Алла тағала оның ісін жеңілдетіп қояды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қалай қызмет етсе, қызметті қалай сүйсе, мүмін де қызметті солай сүюі керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көктегілер сендерге мейірім етсін десеңдер, сендер жер бетіндегілерге мейірім етіңдер», – деп бұйырады. Ал, бұл мейірімге Алла жолындағы қызмет арқылы қол жеткізген.  Өйткені қызмет адамның мейірімін бекемдейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Садақаларыңның сауабын жойып алмаңдар» –дейді. Өйткені «мен саған пәлен жақсылық жасадым» дейтін болса, оның  сауабы жойылып кетеді. Хазіреті Айша анамыз бір әйелге садақа береді. Ол әйел хазіреті Айшаға дұға етеді. Ол дұға еткен соң хазіреті Айша анамыз оған дұға етеді. «Неге қайтара дұға еттіңіз?», – деп сұрағанда, «өйткені мен оған бір сый жасадым, дұғасымен маған қайтарды, сосын мен оның дұғасын бос қайтармау үшін қайтара дұға еттім» деген екен.

Рухани жетілуге, яғни діннің жартысын толықтыруға дәнекер болған сахаба әйелдер де жеткілікті. Олардың исламға жасаған қызметтері мен ерен ерліктері – біздерге үлгі. Әйел – отбасыдағы бақыт пен берекенің ұйытқысы. Сондықтан да әйел өзінің негізгі ұрпақ сүю, олардың дінге, отанға, ұлтқа қызмет көрсететін қайырлы перзент өсіруі сияқты аса сезімталдықты қажет ететін міндеттерін ұмытпауы керек. Аналық міндеттерін мінсіз орындаған аналарымыздың өміріне көз жүгіртер болсақ, хазіреті Эсма бинти Әбу Бәкір бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Оларды дінге қызмет ету жолында қиындыққа еш мойымауға, Алла жолында жан беруге әзір елгезек жан етіп тәрбиелеген.

Оған ұлы Абдуллаһ ибн Зүбейір мен залым Хажжаждың арасындағы шайқаста ұлына берген өсиеттері дәлел бола алады. Ата-бабамыз «Ұяны ұрғашы құс жасайды», – деп бекерге айтпаған. Сонымен қатар, мүмкіндіктер мен шарттар ыңғайлы болып, жаратылысы мен шариғатына сай қоғамдық жұмыстарды да істей алады.

Қоғамдық істерде қызмет еткен әйелдердерге тоқталып өтейік. Хазіреті Үммү Шәрик құрайыш әйелдеріне үздіксіз дастархан жайып, оларға дінді насихаттайтын. Әрбір есікті қағып Аллаға иман етуге шақыратын. Дінді насихаттай жүріп қаншама адам төзгісіз қиыншылықтарға тап болған. Сонда да ол дінді жаюды зор жауапкершілік ретінде қабылдаған.

Сондай-ақ хазіреті Шифа бинти Абдұллаһ оқу жазуды білетін парасатты сахаба әйел болған. Оның көптеген жұқпалы ауруларды дұға арқылы емдеп жазатын қасиеті болған. Ал, хазіреті Руфайда – Әслам тайпасынан шыққан емшілікпен айналысқан сахаба әйел. Сонымен қатар, барлық шайқастарға қатысып, майдан даласында жарақаттанған адамдарға көмек көрсететін. Және сол сияқты сахаба әйелдерге алғашқы қиналғанға қол ұшын созу жолдарын да үйретеді екен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ауруларға ем-шара көрсету үшін, мешіт жанынан бір шатыр құрғызған екен. Ал, хазіреті Зема бинти Қайс қол өнері арқылы сол бұйымдарын тұрмысқа шыққалы жатқан қыздарға жасау ретінде сыйға тартатын болған.

Зейнеп бинти Жахш та мал терілерін өңдеп, тұрмыстық заттар тігетін болған. Оны сатып, одан түскен ақшаны кедейлерге садақа етіп беретін болған. Міне, байқағанымыздай, әйел сахабалардың қоғамға қосқан үлесі мол болған. Ал, Аллаға қызмет ету жолында көптеген асуларды бағындырған өмірден өткен осындай сахаба аналардан үлгі алып, сауапты амал жасайық.

Расында, Алла жолына қызмет ету үшін бай болудың немесе құзыретті болудың еш керегі жоқ. Тек Алла разылығы үшін қызмет етсек, Алла тағала жолымызды оңайластырып, қиюын келтіреді. Осыған сеніп, тәуекел етейік. Таразыда ауыр басатын амал жасауымызды Алла тағала барша мұсылманға нәсіп етсін. 

Айжарқын ТҮЗЕЛОВА,

«Иманғали» мешітінің ұстазы

Scroll To Top
http://srealt.comhttp://otellook.com