Ақида-сенім – сергелдеңге түсірмес алтын қазық

Соңғы кездерде діни орталарда «ақида» деген сөз жиі айтылып қалады. Арабша сауаты бар кісілерге түсінікті болғанмен, жалпы жұршылыққа осы ұғымды ашып түсіндіруіміз күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Өйткені бүгінгі таңда көптеген діни мәселелердің астарында осы ақида жатыр.

 

Сонымен, ақида деген не? Ақида – иман негіздері, сенім жүйесі, сенім негіздерін зерттейтін ілім деген сөз. Араб тіліндегі «айн», «қаф» және «дәл» әріптерінен құралған «ақада» түбірінен шығады. Негізгі мағынасы «байлау», яғни бір нәрсені екінші нәрсеге байлау. Мысалы, құлынды желіге байлаймыз ғой. Бұл да сол секілді адам санасындағы барша ойдың қазығы болып табылатын ілімді шариғат тілінде «ақида» деп атайды.

Расында, әркім өз жүрегін бір нәрсеге байлап қояды. Сол байланған нәрсеге жан-жүрегімізбен берілеміз. Солай емес пе? Мәселен, біреу жүрегін мал-дүниеге байлауы мүмкін.  Қазақ термелерінің бірінде: «Өлерінде өкінер байлыққа сенім байлаған» деген сөз кездеседі. Міне, осы жердегі «сенім байлау» деген ұғым біз айтып отырған ақида-сенімді білдіреді. Демек, Аллаға иман келтірген адам Аллаға жүрегін байлайды. Ақида ілімінің мән-маңызы да – осы.

Адамның жүрегі байланатын нәрсе болғандықтан, ақида жай бір ақпарат  жиынтығы емес. Пенденің бүкіл өмірі сол ақидасына байланысты өрбиді. Алла Тағаланың бар екендігін, бір екендігін, Оның ешбір теңдесі, ұқсасы, серігі жоқ екендігін ауызбен айтып қана қою немесе жай біліп қана қою жеткіліксіз. Бүкіл ішкі дүниеміз, күллі сезіміміз сол сенімге барып байланады.

«Иман» сөзі қазақ тіліне аударғанда «бір нәрсеге сену, растау, қабыл ету, шын жүрекпен мақұлдау» деген мағыналарды білдіреді.  Ғылыми анықтамасы «соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алла Тағаладан әкелген үкімдерін мойындап, шүбәсіз қабыл алып, оның рас екендігіне жүрекпен сену» деген мағынаға келеді.

Халқымыз ақида ұғымын иман шарттарына сыйғызып, сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келген. Иман шарттарын кейде «әманту» деп те атайды. Әрбір мұсылман тілімен айтып, жүрегімен бекітуі тиіс иман шарттары мыналар: «Мен Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алланың жаратуымен болатынына сендім. Өлгеннен кейін қайта тірілу – хақ. Мен Алладан басқа ешбір тәңір жоқ екендігіне және хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін». Қорыта айтқанда, ақида – мұсылманның шын жүректен сеніп, иман келтіруі тиіс құндылықтардың жиынтығы.

Ақида екі дүниеде бақытына қауышудың ең маңызды шарты саналады. Бай болсын, кедей болсын, жас болсын, кәрі болсын, мейлі еркек, мейлі әйел болсын, сау болсын, ауру болсын – барлық адамның мұсылманша дұрыс сенімі болуға тиіс. Бүгінге дейін мұсылман жұртшылығы қандай жақсылыққа жеткен болса, соның бәрі де ең алдымен дұрыс сенімге, терең иманға байланысты болды. Саңлақ сахабалардың, олардың соңынан еруші екі ұрпақтың да ең ұлкен байлықтары дұрыс ақидалары болатын. Сол арқылы олар небір адам төзгісіз қиындықтарға сабыр етіп, адам айтса нанғысыз ұлы жетістіктерге қол жеткізді.

Ал, енді бүгінгі таңда мұсылмандар тарыдай шашылып, бытырап, бөлініп, ғылым-білімнен кері қалып, жүйесіз, тәртіпсіз, мақсатсыз, мән-мағынасыз күн кешіп жүрген болса, оның да астарында дұрыс сенімнің жоқтығы деген себеп жатыр.

Ақиданың әр түрлі болуына байланысты адамдар арасында неше алуан пікір қайшылықтары да туындауы мүмкін. Мұны да айтпай кетуге болмас. Біріне-бірі сай келмейтін, тіпті бірі мен бірі жау болатындай алуан түрлі діни ағымдар туындап жатады. Бұлай болуы заңды да. Өйткені бүкіл ағзалар жүрек деген бір кесек етке бағынады. Ал, жүрек әр түрлі нәрсеге байланса, көзқарас та, дүниетаным да әр келкі болуы түсінікті.

Діни ағымдар арасындағы қайшылықтардың өте күрделі болатынын осы тұрғыдан бағамдаған дұрыс. Абай атамыз айтқандай, адам баласының жүректен қадірлі, жүректен аяулы жері бола ма? Болмайды! Олай болса, адамның қолын кісендеу, аяғын тұсаулау бір басқа да жүрегінен байлап қою мүлдем басқа. Біреулердің небәрі бірнеше күнде адам танығысыз болып өзгеріп кеткенін көргенде таң қаламыз. Кеше ғана ішімдікке мас болып, аузына келген сөзді айтып жүрген адам қалайша жылдам өзгеріп кеткен дейміз. Әсіресе, көптеген ата-аналар өз балаларының қас пен көздің арасында жат пиғылды діни ағымдарға қалайша қосылып кеткенін айтып жылағанын талай есіттік. Осындай нәтижеге жол бермеудің бір ғана жолы бар, ол – ата-ана өз ұл-қыздарының жүрегіне дұрыс ақиданы барынша ертерек сіңіруі тиіс. Себебі, жастардың тура жолдан азып, адасуы олардың жүрегін байлауға кімдердің араласқанына байланысты. Cанасы қалыптасып үлгермеген жастарға тозақ, Алланың азабы, күпірлік туралы уағыздар айтып, қорқыту арқылы неше түрлі діни  ағымдарға тартып кетуге болады.

Бүгінгі таңда Таяу Шығыста, араб елдерінде жүріп жатқан қанды соғыстарда құрбан болып жатқандадың дені кезінде біліп, білмей теріс ақида қалыптастырып алғандар екені анық.

Ғаламтор беттеріндегі түрлі сайттар мен әлеуметтік желілер жастарды күндіз-түні бағыты басқа ағымдарға тартып жатқаны жасырын емес. Олай болса, қазір жалпы халық осы айтылған сенім негіздерін мешіттердегі имам-молдалар мен ұстаздардан сұрап, біліп, үйреніп алғандары жөн. Сонда бөтен пиғылды өзгелердің алдау-арбауына түсіп қалу қаупінен құтылады. Алла Тағала баршамызға дұрыс сенім нәсіп етсін!

Асылбек Әуезханұлы,

«Асыл сөз media» шығармашылық

бірлестігінің жетекшісі, ф.ғ.к., дінтанушы

http://srealt.comhttp://otellook.com