«Тулбаев Мухаммед-Гариф» атындағы мешіт

Орал қаласындағы көне ғимараттардың бірі –  «Тулбаев  Мухаммед-Гариф»  атындағы  Қызыл мешіт болып табылады. Шаhардың татарлар мекендеген аймағында орналасқан бұл тамаша архитектуралық ғимаратының үлкен тарихи маңызы бар. Бұл өңірде көбінесе Қазаннан шыққан татарлар тұрған. Осындай ортада 12 жылға жуық уақыт бойы рухани білім алып, татар халқының ұлы ақыны ретінде қалыптасқан Ғабдолла Тоқай өмір сүрді.

Мешіт 1871 жылы салынды. 1877 жылдан бастап 30 жылға жуық уақыт бойы осы мешіттің имамы Тоқайдың ұстазы -Мутыгулла Тухватуллин болды. Қазан өңіріндегі медресені үздік аяқтаған соң, ол 10 жыл Каир мұсылман университетінде білім алды. Жоғары білімді ұстаз Мутыгулла хазреттің үздік ойы, оның бай кітапханасы Тоқайдың қалыптасуына, оның исламға, ислам өркениетіне деген көзқарасын қалыптастыруда ерекше рөл атқарды. Тоқайды бүкіл Ресейге танытқан «Фикер» («Мысль) газетін, «Стрелы» және «Новый век» журналдарын шығарудағы  Мутыгулла Тухватуллиннің ықпалы мен көмегі зор болды.

ХХ ғасырда, яғни 1920-шы жылдары мешіт жабылып, 1930-шы жылдың басында мұнаралары алынып тасталды. Алайда ғимарат сақталып қалды. 1936 жылдан бастап онда қолөнер мектебі жұмыс істеді.1962 жылдан бастап мешіт қаладағы  № 25 арнаулы кәсіби — техникалық училищесіне (СПТУ) беріліп,  кейін, 1974 жылдан бастап сол училищенің жатақханасына айналды. 1990 жылдың соңында ғимарат айтарлықтай тозып, қабырғалары мен төбесі ғана қалған болатын.

Алайда бұл мешіттің одан әрі қирауына оралдық  кәсіпкер Хайруллин Ришат Увалиұлы жол бермеді. 2000 жылы тендерлік комиссия арқылы оны бір жылға  өз теңгеріміне ресімдеп, кейіннен аукционда сатып алу шартымен алды. Ол жалғыз өзі, ешбір қаржылық қолдаусыз, тәуекел етіп мешітті қалпына келтіруге кірісті. Мешітті қалпына келтіруге көптеген адам ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан қол ұшын берді.

2006 жылы 13 сәуір күні татар слободасындағы «Тулбаев  Мухаммед-Гариф» атындағы Қызыл мешіттің мұнарасы тұрғызылды.

С. ҚАНАТҚАЛИ, 

«Тулбаев  Мухаммед-Гариф»

 мешітінін найб имамы,

Орал қаласы   

http://srealt.comhttp://otellook.com