Калькулятор расчета монолитного плитного фундамента тут obystroy.com
Как снять комнату в коммунальной квартире здесь
Дренажная система водоотвода вокруг фундамента - stroidom-shop.ru
Home / Мақалалар / Сұхбат / Мақсат — айқын, жұмыс –жүйелі
Мақсат — айқын, жұмыс –жүйелі

Мақсат — айқын, жұмыс –жүйелі

 

Еркебұлан Қарақұлов,

ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы,

республикалық РАНТ мүшесі

Мақсат — айқын, жұмыс –жүйелі

-Еркебұлан Ыбрайымұлы! Сіз жақында Батыс Қазақстан облыстық мешітіне бас имам болып тағайындалдыңыз. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстанда қызмет еттіңіз. Екі облысты салыстырсақ, дін мәселесі тұрғысынан қандай айырмашылықтар бар?Өзіңізді де таныстыра кетсеңіз.

— Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!Баршаңызды күллі мұсылман баласы сағына күткен, берекелі, келе жатқан қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын! Рамазан мүбәрак болғай! Рамазан – жалпыға ортақ ізгі амалдар маусымы. Ораза – тәрбие, сабыр, қайырымдылық, ізгілік мектебі.Рамазан – қайырымды жандар үшін үлкен мүмкіндік. Оразада жасалған Жаратушы Иемізге ұнамды әрбір қайырлы іс – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Адамдардың жақсысы – елге пайдасы тигендері» – деген. Адам қалай ниет етсе, сол мақсатына жетеді.

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазретіміздің бұйрығымен БҚО бойынша бас имам қызметіне тағайындалдым.  Әлемге әйгілі Әз-Асхар университетінің түлегімін.  Алғашқы қызметімді Алматы қаласынан бастадым.  Рухани орталық ҚМДБ-да қызмет жасадым. Атырау облысында найб имам қызметін атқардым. Жұмыс бабымен Шымкент қаласына қызметке ауыстым. Дін мәселесі бойынша екі облыстан ешқандай айырмашылықты байқамадым. Асыл дініміз баршамызға ортақ. Оңтүстік  Қазақстан облысында мешіттер өте көп, халық тығыз орналасқан. Қазіргі уақытта діни басқарманың бастамасымен асыл дініміз бірізділікке түсті. Бұрынғы дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен 2015 жыл «Дін мен дәстүр жылы» болғандығы  жамағаттың жадында шығар.  Сол жылы «Дін мен дәстүр»  кітабы жарыққа шықты. Одан  кейінгі жылды «Тарих тағылымы» деп жариялады. Енді ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының биылғы жылды «Ислам және отбасы  жылы» деп жариялады. Аталған жылға орай БҚО-да көптеген шаралар ұйымдастырылып, отбасы төмен және мұқтаж жандарға, көп балалы аналарға қайырымдылық көмектер көрсетілуде.

-Еліміздің батыс өңірі діни теріс ағымдардың, дәлірек айтсақ псевдо-сәләфилердің шоғырланған аймағы саналып отыр. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысындағы діни ахуалды қалай бағалайсыз?

— Батыс Қазақстан облысында діни ахуал тұрақты. ҚМДБ-ның төрт тапсырмасы бар. Олар: уағыз насихат, сауат ашу курсын жандандыру, қайырымдылық іс-шаралары, теріс ағымдармен  жұмыс.  Қазіргі уақытта осы бағыт бойынша жұмыстар жасалуда. Жоғарыдағы сауал  Қазақстан бойынша күн тәртібінде қойылатын күрделі мәселе.

— Облыстағы мешіт жұмыстары көңіліңізден шықты ма? Жаңа басшы ретінде қандай жұмыстарға күш салу керек деп ойлайсыз және ол жолда қандай қиыншылықтарды көріп отырсыз?

— Әрине, Батыс Қазақстан облысы бойынша мешіт жұмыстары көңілімнен шығады. Ақжайық жеріне РАНТ мүшесі болып жүргенде келгенмін. Жамағаты биязы, сабырлы. Тәуелсіздікті алғаннан  асыл дініміз көркейіп келеді. Сол жылдарда қызмет еткен Ерғали қажы Жұматаш, Смайыл қажы Сейтбеков, Бауыржан қажы Әлиұлы, Руслан қажы Сұлтановтың бастаған игі жұмыстарын жандандыру енді менің міндетім. Қызмет жасаған соң  қиыншылық болатыны сөзсіз. Қиыншылықтарға сабырлық танытып, ел мен жамағатпен бірге еңбек етеміз. Ал жалпы, батыстағы төрт облыстағы діни ахуалды жетік білемін.

-Еркебұлан Ыбрайымұлы! Сіз республикалық ақпарат-насихат тобының мүшесісіз. Бүгінгі діни ахуал қоғамды алаңдатып отыр. Жалпы республика бойыншадіни жағдайды қалай  бағалайсыз?

-Басшылыққа бас мүфти Ержан қажы келген соң республикалық ақпарат-насихат тобы құрылды. Топ республика бойынша 33 имамнан тұрады. Төрт жылдан бері осы топ жұмыс істеп жатыр. Облыстарды аралаймыз. Нәтиже ауыз толтырып айтарлықтай болмаса да, бар. Әр аудиториямен жеке жұмыс жасаймыз. Дәстүрлі жамағат бөлек, жалпы халықпен кездесу және дәстүрлі емес бағытта жүргендермен жеке жұмыстар жасалуда. Бұл идеология болғандықтан нәтижесін бірден бермейді. Уақыт керек, түсіндіру керек.

-Діни теріс ағымда жүрген адаммен мамандар 1-2 жыл жұмыс істейді. Жұмыстың  қиындығы неде?

-Кейде ел ағалары: «Ағымдар көбейіп кетті, оларға сырттан қаражат келіп отыр» дейді.Мен бұл пікірмен толық келіспеймін. Бұлда себептің бірі десек те болады. Алайда, барлық кезде қаражатқа келіп тірелмейді,  бұл қауіптің алдын алуға болады.

Мәселе, жастарымыздың  санамен кетіп  жатқандығында. Жүрекпен, санамен кеткен соңәлемдегі ең кереметті ұсынсаң да адамды ойынан қайтару қиындау. Адасқан жастар отбасы құндылықтарынан сырт айналып жатыр. Балаға ата-анадан артық қымбат кім бар?Біз бұл тақырыптарға құранмен, хадиспен жан-жақты түсінік жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.Сондықтан бұл мәселе кешенді жұмыстарды талап етіп отыр.Келешек ұрпақты сақтау үшін балабақша, мектеп қабырғасынан бастап жасайтын бағдарлама керек. Оған әдейі мамандар әзірлеу керек. Адам баласы аурудың алдын алмай, ауруға шалдыққан соң, өткізіп барып емделсе нәтижесі аз болады. Ауырмайтын, науқастанбайтын жағдай жасауымыз керек.  Алайда оған қол жеткізу жылдарды талап етеді.

— Сіз талай аудиторияда болып жүрсіз, жалпы жастардың дінге деген көзқарасы қандай?

— Дінге ниетті жастар бар. Олар мәселенің ақ-қарасын ажыратқысы келеді. Шынын айтсақ, дәстүрлі дінімізді қолдайтындар көп. Намаз оқымаса да жастар дәстүрлі исламды қолдайтындарын білдіріп жатады. Кездесулерде жақсы мәселелер көтереді.Бүгінгі қоғамда орын алып отырған діни адасушылықты қолдамайды. Жүректері ауыратын, бізге көмектесіп, ортақ іске атсалысқысы келетін жастар көп.Жастар бізден өте сапалы мәлімет, рухани  азық күтеді. Біз соған лайық болып, жастардың сенімінен шығуымыз керек.

-Еркебұлан Ыбрайымұлы! Шымкент жағы — діннің жақсы дамыған жері. Хиуадан, Бұхарадан оқыған ищан, шейхтар сол жерден шықты. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары вахабизм де сол жерден бастау алды.Бүгінде ол жақтағы жағдай қалай?

-Өкінішке орайпроблема бар. Мешіт, халық саны көп болсада, өзіне тән, өзекті мәселелері жетерлік. Мен Оңтүстіктің жағдайын былай түсіндірер едім. Салафизмді насихаттаушылардың кейбірі сол өңірден шықты. Ол жақтаарабша сауаты бар, діни кітапты өздігінен оқи алатын жастарды кездестірдім. Олармен  жеке кездесіп, әңгімелестім. Сондықтан имам болсын, дінтанушы болсын, арабша сауатты әрі исламды терең білуі керек. Бұл біздің жұмыстағы қаруымыз.

-Олар арабша сауатын қалай, қайдан ашып жүр?

— Мысырға, Сауд Арабиясына барып жеке құжыралардан оқып келгендер бар. Елде жүріп өздігінен үйренгендер де кездеседі. Әлбетте арабша сауаты бар олар сәләфизм, вахабизм идеяларын тарататынкітаптарды емін-еркін оқи алады деген сөз.

-Кейбір облыстарда дін басқармасы немесе мешіт жанынан араб тілін оқытады. Сауаттарын ашып жатқандардың арасында теріс ағымда жүргендер бар. Бұдан 2-3 жыл бұрын Оралда тұтас бүркеніп,  қара  жамылып жүрген әйелдер де сабаққа қатысып жүрді.Мәселенің сіз айтып отырған екінші жағы қауіп төндіріп тұрғанда, олардың арабша сауатын неге ашып жатырмыз?Бүгінде мешіттерде араб тілі оқытыла ма?

-Менбірнеше жыл бұрын «Атамекен» ұлттық палатасының қолдауымен Ақтөбе облысында 20 күндей іссапарда болдым. Жастарды кәсіпкерлікке тарттық. Сол сапарда араб тілінен дәріс жүргенін естідім. Бүгінгі таңда мешіттерде араб тілінен сабақ беру белгілі себептерге орай уақытша тоқтатылды.Бәлкім,  алдағы уақытта  шешімін таба жатар деп ойлаймын. Әлбетте,  оқытылып  жатса тек қана  дәстүрлі бағыттың мүддесіндеғана шешімін табатын шығар.

—Еркебұлан Ыбрайымұлы! Исламды бұрмалаушылармен күресте еліміздіңтүпкір-түпкірін аралап жүрсіз. Ойыңызға түйген қандай мәселелер бар тағы?

-Біз түзету мекемелерімен де жұмыс істейміз.Басты мәселенің бірі- сол жердегі жұмысқа күш салу керек. Діни мәселе бойынша сотталған жастарды сол жерден емдеп, қатарға қосып шығару керек. Бір мүмкіншілік осы. Себебі, ол жерде тәртіп бар әрі тыңдауға, ойлануға уақыт жетерлік. Жастарды сол жерден  түбегейлі емдеп шығарсаққалғандарына үлгі болады.Еркіндікте, халықтың арасында жүрген адамдарды түзеу қиын. Олар жастармен еркін араласып, уағыз айтып, ілестіріп кетіп жатыр. «Имамның уағызында басқаша айтылды ғой» десе, «Имамдарды тыңдамай-ақ қой, неқыласың, құлағыңнан шығарып жібере сал» дейді. Ал түрмеде адамдармен араласуға мүмкіндік жоқ, сондықтан оның санасын тазартуға мүмкіндік мол.

2011 жылы  Атыраудан40-тан астам  бала  сотталды. Оларға теолог ретінде бекітіліп, екі ай жарым жұмыстандым.Нәтижесінде басқа да мамандардың қатысуымен оларға «салафиттік, жихад идеологиясын қолдайтын салафиттік топ» деген қорытынды берілді. Бүгінде түзету мекемелерінде отырған кейбіріне барып, кездесіп тұрамын.Алды бостандыққа шықты.

— Олардың түрмеден қандай адам болып шыққаны туралы сіз білесіз бе? 

—  Бостандыққа шыққан сол балалардың өмірінде жақсы нәтижелер бар, түзеліп жатыр. Сирияға барып келіп, сотталып, түрмеде түзеліп, шыққан соң жақсы нәтиже көрсетіп жатқандар да бар. Атырау қаласында Сары ата деген бейіт бар. Сол бейітті «ширк» деп бұзды бір бала. Тәртіп сақшылары барған кезде қолындағы балтасымен полицияға қарсы шауып, жылын көбейтіп алды. Имам Бұқаридің хадистерін жаттап алған сол бала бейне роликке  түскенде өзін қаһарман сияқты көрсетіп «Не істесеңдерде мейілдерің, дайынмын» дегендей болып отырды. Бір ай тергеу кезінде  басылып, менімен кездесуге келгенде көзіне жас алып, жылады. Басына қиын іс түскенде адам тәубесіне келеді. Егер сотталған адамның жүрегі дұрыс болса, ең бірінші әке-шешесін, отбасын, бала шағасын ойлайды. Түрме адамға өте ауыр тиеді.Осы түрмені дұрыс пайдалану керек.

Мен 2016 жылы 5 маусым күні Ақтөбе қаласында болған терактіге қатысқан жастармен кездестім.Байқасам, олар алданып қалған. Бұл жағдай оларға қатты әсер еткен, мен олардың шын мәнінде өкініштеріне сенім білдіре аламын.

-Терактіге қатысқандар ұсталған мезетте, ешқандай үгіт-насихат айтылмай тұрып өкініп тұр ма?

-Жоқ. Олар арнайы құқық қорғау органдарының айтуы бойынша, атыс- шабыс барысында әлбетте қызуқандылықпен әрекет еткен, бірақ, оқтары таусылып, тығылып жатқан кезде қателік жасағандарын көбісі түсінген.Мен Ақтөбеге барған кезде тергеу жүріп жатты.Олардың 10 шақтысымен кездесіп, сөйлестім. Олардың ішінде өмір бойы бас бостандығынан айырылған екі жігіт болды. Біреуі шашкіден ҚР чемпионы, ол туралы фильм де шықты.Сол балалардың көзіне қарадым, сөздерін мұқият тыңдадым.Олардың өзгерісін көріп отырып, басқаларда өзгереді деген ой келді. Бұл үміт сыйлады бізге.Олар өзіміздің қаракөздеріміз, інілеріміз ғой, жүрегіміз ауырады, әрине.Өмірбақиға сотталғандар енді әке шешесін, отбасын көрмейді, бітті, тағдыры шешілді.Енді не боларын бір Алла ғана біледі. Бұл енді өте қиын… Қалғандарына қоғамға қайта оралуға мүмкіндік бар. Қателескендерін шын мәнінде түсінген болса, сенгім келеді оларға!

-Еркебұлан Ыбрайымұлы! Иммунитетті балаға жастай орнату  қажет шығар. Мектептегі дінтанудықосымша сабақ емес, неге пән ретінде енгізбеске?

-Бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Бүгінгі таңда дінтану қосымша сабақ ретінде өтіп жатыр. Дінтанушылар мен  ұстаздар арнайы мамандармен бірге оқу семинарларын өткізіп, олар өз кезегінде мектеп қабырғасында балаларға түсіндіретін болса иммунитетті қалыптастыра аламыз. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін балаларға түсіндіре алсақ жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз деп ойлаймын.Діни ақпараттың 50 пайызын мектептен  жинаса,қалған пайызын ата-анасы мен айналасынан  алса, бала адаспайды. Ал оқулықты зайырлы сипатта дайындауға болады. Құранды оқытпасын. Себебі біз ислами мемлекет емес, зайырлы елміз.Біздің қазақ, орыс тілінде ақпарат ретінде оқулық әзірлейтін керемет мамандарымыз бар. Осы бағытта жұмыстансақ жақсы болады.

         -Қалай ойлайсыз, зайырлы мемлекетіміз кейде діндегі теріс ағымдармен күресеміз деп арасында діннің өзімен күресіп кетіп жатқан жоқ па?

— Жоқ, әрине  күреспейді! «Дінмен күресіп кетпеңдер!» деген  Елбасының  сөзін бағытқа алған  мақсат — айқын, жұмыс  — жүйелі. Заң,  тәртіп аясында зайырлы сипатта осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Біз имамдар мен дін мамандары жастарымыз қыршыннан қиылмасын, өздері білмей жасаған қателіктерінің кесірінен сотталып кетпесін деген ниетте жұмыс істеп жатырмыз.

Мемлекеттің де, дін мамандарының да басты мақсаты- сәләфизм идеологиясына душар болған жастарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиімді  жүргізіп, дұрыс бағыт көрсету. Дер кезінде жастарға  қажетті ақпараттарды жеткізіп үлгеруіміз қажет.Бұл бағыттағы жұмыстар республика деңгейінде  белсенді түрде  жүргізіліп жатыр.Діни теріс ағыммен күрес әр отбасынан бастау алып, қоғам мен мемлекет деңгейіне жалғасуы керек. Сонда ғана нәтижесін көре аламыз.

  • Еркебұлан Ыбрайымұлы, әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңізге табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Ұлдай САРИЕВА,

Scroll To Top
http://srealt.comhttp://otellook.com