Калькулятор расчета монолитного плитного фундамента тут obystroy.com
Как снять комнату в коммунальной квартире здесь
Дренажная система водоотвода вокруг фундамента - stroidom-shop.ru
Home / Ислам ғылымдары / Ақида / Тәкфір идеясын тарату – қоғамдық сананы бұрмалау
Тәкфір идеясын тарату – қоғамдық сананы бұрмалау

Тәкфір идеясын тарату – қоғамдық сананы бұрмалау

Қалай күресеміз?

Тәкфір идеясын тарату – қоғамдық сананы бұрмалау

Тәкфіршілердің идеологиясы бойынша иман келтіру – кәлима шаһадатты тілмен айту, жүрекпен бекіту және амал жасау. Яғни  олардың пікіріне қарасақ, мұсылман адам кәлиманы тілмен айтып, жүрекпен бекітеді, бірақ исламдағы парыздарды орындамаса, онда иманды болып табылмайды. Яғни, парыздарды орындамаған  адамдарды тәкфіршілер: «Бидғаттарды және күнәлі істерді жасаушылар» деп атайды. Сөйтіп, оларға қарсы жиһад жасау парыз, оларды өлтіруге, әйелдері мен мал-мүліктерін тартып алуға болады деген сенімді ұстанады. Олардың осындай бүлікшіл ұстанымы соңғы ғасырларда мұсылмандардың арасында көптеген фитналардың шығуына әкелді.

Соңғы жылдары тәкфіршілердің көпшілігі террорлық әрекеттерге бой алдырып, әлемге жексұрын бола бастады. Өздерінің құлдырап бара жатқан абыройларын сақтау үшін өшпенділікке негізделген ұстанымдарын боямалап көрсетуге әрекеттеніп жүргендері де бар. Бірақ, олар қанша әрекеттенгендерімен көсемдерінің кітаптарындағы: «Бидғаттарды және күнәлі істерді жасаушыларға қарсы жиһад жасау парыз» деген ұстанымдарын жасырып қоя алмайтындығы анық.

Тәкфір идеологиясының негізгі ұраны – тәкфір, яғни кәпірге шығару, кәпір деп санау ұғымы.

Араб тілінде «тәкфір» сөзі «кәфара» етістігінен құралып, «біреуді дінсіздікпен, дінінен шығумен айыптау» деген мағыналарды береді. Тәкфір идеясы – барлық діни-экстремистік және террористік ұйымдар мен ағымдардың идеологиясы негізінде кездеседі. Оның ықпалына түскен адам айналасындағы мұсылмандарды, тіпті туған-туыстары мен бауырларын дәйексіз түрде дінсіздікпен, діннен шығумен айыптайды. Тәкфіршілік көзқарасты ұстанғандар діни негізде отбасынан, қоғамынан, әрмен қарай мемлекетінен оқшаулана түсіп, зайырлылық және басқа конфессияларға қатысты барлық нышандарға төзімсіздік танытып, көбіне радикалды, экстремистік ағымдардың қатарына қосылады. Үлкен күнәларды істеген, бастан аяғына дейін күнәға батқан адам кәпір, оның тәубесі қабыл болмайды. Сондай-ақ Алланың түсірген шариғатымен үкім шығармайтын басшылар мен сол үкімді разылықпен қабылдайтын жұрт та кәпір. Бұларды кәпір қатарларынан көрмейтін дін ғалымдарды да кәпір. Тәкфір пікірін қабыл алмаған немесе қабыл алып, жамағатқа қосылмаған және сол жамағаттың имамдарына ермеген әрбір адам кәпір. Ал, кімде-кім жамағатқа кіріп, одан шықса, ол адам сатқын деп есептеледі. Оны өлтіруге де болады. Қайбір ислам жамағаты тәкфір жамағатының дағуатын қолдамаса, оның басшысы діннен қайтқан кәпір саналады.

Тәкфіршілердің нысанасы – дәстүрге берік, өмірлік көзқарасы қалыптасқан, қоғамда орныққан мұсылмандар

«Тәкфіршіліктің» талқандағыш күші алдымен ислам дінін ұстанатындарға және исламның тікелей өзіне бағытталған. Өз міндеттеріне сай мемлекетті қорғап, қолдап отырған биліктің, құқық қорғау органдарының, қарулы күштер құрылымдарының өкілдеріне «тәкфір» жариялау ислам рухына жат және оның қағидаларымен үндеспейді. Олардың ұстанымы бойынша тек «Исламның негіздерін орындайтын және баршаға мұсылман ретінде танымал болған» адамдарға ғана тәкфір жасауға болмайды.

 Абу Ханифа мазһабын ұстанушылардың сенімі бойынша иман келтіру – кәлима шаһадатты тілмен айтып, жүрекпен бекіту. Осылай істеген адам иманды деп саналады.

Ханафилердің ақидасы бойынша егер адам парыз амалдарды орындамаса, діннен шықпайды, тек үлкен күнә жасаған болады. Оны кәпір деп айыптауға, оған қарсы жиһад жариялауға ешкімнің қақысы жоқ. Өйткені, «әһли сүннет уәл жамағат» сенімі бойынша қыбыла жаққа қарай намаз оқитын адамға кәпір деп айту әрі қателік, әрі күнә болып табылады. Ақида кітаптарында айтылғанындай: «Әһли қыбыла, яғни біздің қыбыламызға қарап намаз оқитын, Мұхаммед пайғамбардың Алладан әкелген үкімдерін мақұлдап мойындаған, сондай-ақ Пайғамбар хабар берген нәрселерді растап мақұлдаған адамдарды мүмин-мұсылмандар деп атайды.

Мазһабсыз деп аталып жүрген тәкфіршілердің идеологиясы исламдағы дәстүрлі төрт мазһабтың мәнін бұрмалау болып табылады.

Мәселен, олар «біз тек Құран мен сүннетті басшылыққа аламыз, ал Құран мен Пайғамбар сүннетінде мазһабтар туралы ештеңе айтылмағандықтан, ондай түсінікке орын жоқ» деген пікірді алға тартады. Тәкфіршілердің Әбу Ханифа мазһабына және оны ұстанушыларға не үшін сынай қарайтыны осыдан түсінікті. Сондықтан олар жергілікті мешіт имамдарын да мойындамайды. Құранда «Ниса» сүресінің 94- аятында: «…Сендерге сәлем берген адамға, дүниенің өткінші қызығына алданып: «Сен — мүмин емессің» демеңдер» деген үкім туралы Ибн Аббас: «Алла Тағала мүминдерге өлексені жеуге тыйым салғаны сияқты, «Лә илаһә илләллаһ» — деп куәлік берген адамға: «Сен – кәпірсің» деп айтуға да харам қылды. Бұл оның мал-мүлкіне және жанына берілген амандық. Сондықтан, оның сөзін қайтармаңдар» деген. Хадисте дәл аяттағыдай үкім беріліп,

«Ла илаһа иллаллаһ» деп куәлік берген адамға: «Сен – кәпірсің» деп айту, яғни «тәкфір жасау» тыйым салынған.

Кімде-кім осы аят пен хадисте «тәкфір жасауды» харам еткен үкімдерін білместікпен бір мұсылманға: «Сен – кәпірсің» десе, айтқан адам күнә табады, ал егер біле тұра айтса, харам етілген амалды қасақана орындағандығы үшін өзі кәпір үкіміне ұшырайды. Сондықтан, біздің мазһабымыздың ғұламалары «Ла илаһа иллаллаһ» деп куәлік берген бір адамға: «Сен – кәпірсің» деп тәкфір жасаудан тыйылу туралы қатаң түрде ескерту жасаған.

Тәкфіршілердің идеологиясымен күресу үшін жастарымызға дәстүрлі исламды жетік меңгерту қажет. Осы мақсатта мектеп, колледж, университет программаларына дінтану сабағын міндетті пән ретінде оқыту керек. Тәкфір идеясы жас таңдамайды, оған бірнеше салада білімі бар орта жастағы және үлкен жастағы аға – апаларымыз да оңай сеніп қалады, сондықтан мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде имамдармен бірлесе отырып алдын алу шараларын ұйымдастыру қажет.

 

Асылбек НАУРЫЗОВ,

Орал қалалық мешітінің имамы

 

Scroll To Top
http://srealt.comhttp://otellook.com