Калькулятор расчета монолитного плитного фундамента тут obystroy.com
Как снять комнату в коммунальной квартире здесь
Дренажная система водоотвода вокруг фундамента - stroidom-shop.ru
Home / Мақалалар / Сұхбат / Тұрарбек Құсайынов: «Шындықты түгел айтайын деп шештім»
Тұрарбек Құсайынов: «Шындықты түгел айтайын деп шештім»

Тұрарбек Құсайынов: «Шындықты түгел айтайын деп шештім»

                 Ақиқат

 

Эксклюзив

Тұрарбек Құсайынов. Оның есімі  бүкіл елімізге «Мен қалай рухани жаңғырдым» атты кітабімен жақсы таныс болды. Рухани ізденіс жолында жүріп, басынан небір шым-шытырық оқиғаларды өткізген автордың  аталмыш туындысының ерекшелігі- көптің көкейіндегі сұрақтарды дөп басуында. Кітапта кімнің-кім екені, қандай жолда жүргендігі  туралы ащы шындық айтылады және автор дін жолында сол адамдармен бірге адасқан. Бір ғажабы- ақиқат жолын іздеп жүріп шалыс басқан Тұрарбек санасын салқын, жүрегін таза қалпында сақтап қалған.  

 

 

Тұрарбек Құсайынов:  

 

«Шындықты түгел айтайын деп шештім»

 

— Тұрарбек, жақында «Мен қалай рухани жаңғырдым» атты  кітабыңыз жарыққа шықты. Кітапта рухани ізденіс жолындағы басыңыздан өткерген небір шым-шытырық жағдайларды жасырмай жазыпсыз. Осы кітапты жазуға не себеп болды? 

— Мен 2013 жылы жылы сепаратизм айыбы бойынша 4 жылға  сотталып, жазаның 3 жылын түрмеде өткіздім. Қамауда болғанда өткен саналы өмірімді ой елегінен өткіздім, барлық ісіме өзімше анализ жасадым, баға бердім. Мүмкін, кітап жазу туралы ойдың алғашқы ұшқыны сол кезде пайда болған шығар. Бірақ, қамаудан босаған соң, «менің өмірім кімге қызық» деген селқос оймен бәрін шетке ысырып қойғам. Жазамды өтеп болған соң, мен құқық қорғаушылармен бірлесіп қоғамдық шаруамен шұғылдана бастадым. Менің осы белсенді әрекетім кейбіреулерге ұнамайтын сияқты. Мен туралы бұрын да әртүрлі алып-қашпа әңгіме айтылатын. Соңғы кезде өсек-аяң тіпті көбейді.

Ерте көктемде халқымыздың күрескер ақыны Мұхтар Шаханов пен «Алаш жолы» қозғалысының Алматы филиалының жетекшісі Ғабиден Жәкей Атырау өңіріне танымал тұлғалардың қазасына көңіл айтып, бата жасап келген. Алыстан ат арылтып келген кісілерді күтіп алушылардың ішінде мен де болдым. Сол сапар кезінде ақиық ақынымызды қаралайтын мақала мен ыңғайсыз жағдайда түскен суреттер интернетте жарияланып кетті. Мүдделі топтар өздері астыртын істеген осы оспадар қылықты маған жауып, Мұхтар Шаханов екеуіміздің арамызға от тастап, шағыстырды. Мұнысымен қоймай, биліктің сөзін сөйлейтін «Серке.орг» сайтында бастан аяқ мені қаралайтын «Ұлтшылдарды ішінен кемірген «құрт»

деген тақырыппен көлдей екі мақала басты. Онда ұлтшыл патриоттарды бір-біріне айдап салып қырқыстырып жүрген, «құраншыларды» сатып кеткен мен екені айтылады. Бүткіл бәлені менің басыма үйіп-төгіпті. Олардың сондағы мақсаты — мені Мұхтар Шахановқа жеккөрінішті етіп қою, аға мен ініше қарым-қатынасымызды бұзу. Мұның төркінінде іштарлық қызғаныш, көре алмаушылық жатыр. Мені қаралағысы келген тапсырыс мақаланы ұйымдастырған өзім бір кездері бірге жүрген ұлтшылдар екеніне күмәнім жоқ. Әсіресе, «Алаш жолы» қозғалысының белсендісі Геройхан Қыстаубаевтан және сонымен әріптес болған бір кісіден күдіктенемін. Себебі, осы екеуі саяси тапсырыспен мақала басатын «Серге.орг» сайтымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Ал Атырау сапары кезінде Мұхтар Шаханов ағамызды білетін, қасында жүрген бір кісі ол туралы мәліметті астыртын интернетке жіберіп отырған сияқты. Оқиғаның дәл осылайша өрбігеніне, бықсық интриганың құрбаны болып, менің жазықсыз жапа шеккеніме Мұхтар аға Шахановтың да кейін көзі жетті.

-Кітап жазуға, шындықты бүкпей көрсетуге осы оқиғалар себеп болды дейсіз ғой…

— Ия. Дұрыс айтасыз. Осы оқиғадан соң, бұрыннан ойымда жүрген кітапты жазуға бел будым. Өзімнің кім екенімді өзім айтайын дедім. Әрине, шындықты айту да, оны есіту де қиын. Мен өзімді «сүттен ақ, судан тазамын» деп айтпаймын. Ақымақ болып адасқанымды, ақылымды іске қоспай біреулердің арбауына түсіп қолшоқпар болғанымды, жол таппай қиналғанымды кітапта түгел айтуға тура келді.

— Рушылдық, аймаққа бөліну,  ұлтшыл патриоттардан жұқты, соның кесірінен сепаратизм бабы бойынша сотталдым» дейсіз кітапта. Шынымен де ұлтшылдар  руға бөліне ме?

— Рушылдық – нәсілшілдік пен ұлтшылдықтың ауқымы жағынан кіші түрі. Егер ұлт қандай да бір импершіл ұлттың (мемлекеттің) езгісінде болып, содан құтылу үшін ұлт-азаттық күрес жүргізсе, бұл кезде ұлтшылдықты ақтап алуға болады. Ал біртұтас қазақ ұлтының ішіне сына қағатын рушылдықты, жүзшілдікті, аймақшылдықты кесірлі іс деуіміз керек. Бұл біздің тәуелсіздігімізге әрқашан қатер төндіріп отыратын қоғамдық кесел. Біз содан арыла алмай келе жатырмыз. Құдайдан жасыра алмайтынымызды адамнан қалай жасырамыз, рушылдықтың кеселі  ұлтшыл патриоттық ұйымдардың ішін дендеп алған. «Ұлы дала» қозғалысының рушылдық кесірінен қирағанын кітапта айттым. Одан кейін Мұхтар Шахановтың басшылығымен  құрылған «Қазақ ұлттық кеңесі» де рушылдықтың құрбаны болғанын баспасөзден білеміз. Саясаткер Серікжан Мәмбеталин «Ұлттық кеңестің» басшылары түгел Ұлы жүздің тумалары, ішінде Орта және Кіші жүзден ешкім жоқ» деп шу шығарған. Осыдан кейін ол Мұхтар Шахановтың орынбасарларының бірі болған Мақсат Ілиясұлымен бет көріспестей қатты ренжісіп, мұның соңы дауға ұласты. Қарап отырсақ, ұлтшыл патриоттық ұйымдардың ішіндегі саяси интриганың бәріне, алауыздыққа рушылдықтың әсері бар. Тіпті, Жәңгір хан, Шыңғыс хан, Әбілқайыр хан сияқты тарихи тұлғалар және бүгінгі министр, әкімдер жөніндегі пікірталасты да ұлтшылдар рушыл сипатпен өрбітеді. Рушылдық, руға бөліну – өзінің позициясын қорғай алмайтын әлсіз адамдардың қаракеті. Бұл азаматтық қоғамның  дамуына көп кедергі келтіріп отыр.

— Кітаптың ерекшелігі-  қазақ халқына жақсы таныс тұлғалар, өздерін «қоғам қайраткеріміз» деп жүрген адамдар туралы ащы шындықты жасырмай жазғаныңыз. Ол адамдар сізге ренжіген жоқ па? Сізді  қорқытып- үркітіп немесе керісінше ризашылық білдіріп жатқандар бар ма?

— Кітап жүзге жетпейтін данамен шықты. Көбіне интернет арқылы таратылуда. Қазақ тіліндегі нұсқасын жариялап жатқан «Жас алаш» газетінің редакциясына ризашылығымды білдіремін. Кітап жөніндегі пікір көбіне әлеуметтік желі арқылы айтылып жүр. Саясаткерлер Зәуреш Батталова, Владимир Козлов жақсы пікір жариялады. Құқық қорғаушылар да кітаптың тәрбиелік мәні бар екенін айтып хабарласты. Кейбір ұйымдар студенттермен кездесу ұйымдастыру жөнінде ұсыныс айтқан. Бірақ, ондай кездесу жасауға әзірге мүмкіндігім жоқ, кездесуге келген адамдарға кітабымды сыйлауым керек, онсыз болмайды. Аз ғана данамен бастырған кітабым қазір  таусылып қалды. Кітабыма теріс пікір айтып жатқандар да бар. Ораза айы қарсаңында «дінімізді жағымсыз етіп көрсетіп, шу шығарып жатырсың» дейді. Мені Ібіліске теңеген пікірді де көзім шалып қалды. Оларға айтарым, мен ешкімнің наным-сеніміне селкеу түсірген жоқпын, жеке басымнан өткен оқиғаларды жаздым. Кітапта жазылғанның бәрі менің тағдырыма байланысты мәселе. Ол жөнінде мен айтпағанда, кім айтады?!

-Сіз өз жолыңызды іздеп жүріп, басыңызды тау мен тасқа соқтыңыз. Бір ғажабы- жасаған қателіктеріңізді  түсінген соң оны түзеуге тез кірісіп отырдыңыз. Сіз өзіңізді ғана емес,  адасқан жамағатты да түзеуге  тырыстыңыз. ..

-Әрине, кітапта кейбір діни топтар мен қоғамдық ұйымдар жөнінде жағымсыз пікір қалыптасуы мүмкін. Бірақ, амал нешік, менің тағдырымның осылай қалыптасуына олардың көп әсері болды. Мен оның жаман жағын жасырып, жақсы жағын асырып көрсете алмаймын. Олай жасасам, шындық жартыкеш  болып қалатын еді. Шындықты түгел айтайын деп шештім. Сондықтан кітапта өзімді де  жақсы жағымнан көрсетуге  тырыспадым. Өтірік жазып, бірінші кезекте өзімді, екіншіден оқырманды алдағым келмеді.

Уақытты кері айландыратын мүмкіндік болса, өмір жолымды тіпті басқаша бастар ма едім. Бірақ мен утопиялық қиялға беріліп, өткен өмірімдегі кейбір істеріме өкініш білдіретін адам емеспін. Бұрын болған жамандық та, жақсылық та менің тағдырым деп қабылдаймын. Өткенді санаңнан өшіру мүмкін емес, өміріңнен сызып тастай алмайсың. Мен өмірбаян кітабымда соны жаздым. Сол үшін мені жазғырудың реті жоқ.

— Сіздің кітабыңыз теріс діни ағымда адасып  жүргендерді дұрыс жолға салуға болатындай  еңбек. Кітапты оқып дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабына қайтып оралғандар бар ма?

— Менің кітабымды оқып алып, діни көзқарасын күрт өзгертті деген әңгімені әлі естімедім. Кітап тым аз таралыммен шықты. Жұрттың бәрі кітапты оқып алды деп те айта алмаймын. Оның үстіне кітапта жұртты әлдебір мәзһабты ұстануға шақырған жоқпын. Мен үшін абсолютті ақиқат  — Құдай. Ал дін дегеніміз — адамның өз ісін, өмір жолын мына дүниені жаратқан Құдайдың заңына сәйкестендіруі. Мұны басқаша айтсақ, дін — адам мен оның Жаратушысының ара қатынасы ғана, бұл екі араға делдал немесе байланысшы қажет емес. Ғаламның Иесі (оның құзыретіне біз өмір сүріп отырған мына дүние де кіреді) қателесуден аулақ. Ол бізге әрқашан тура жолды сілтейді. Жаратушы бізге жаман мен жақсыны ажыратсын деп ақыл берді. Мұндай сый — анализ жасай алатын ми басқа ешқандай мақұлықта жоқ. Құдайдың сыйын — ақылды пайдаланбай ерік-жігеріңді әлдебір саяси мүддені көздеген шейхтың немесе пірдің қолына беріп қою — Құдайға қарсы жасалған күпірлік болар еді. Әркім білімін жетілдіріп, ақылын ғылыммен ұштастырса, ақиқатты адаспай табады.

-Құранмен бірге аздап араб тілін үйреніп, «шейх» атанып, соңына  жамағат ерткендерге қалай қарайсыз? Олардың шын мақсаты қандай?

-Дін үйретем деп шейх немесе пір атанып, мәсһаб құрып жүргендердің мақсаты адамдарды бір идеологияға иландырып, топтастыру. Кейін олар адамдарды өз мүддесіне қызмет жасатуды көздейді. Сондықтан, мынау тариқат дұрыс, мынау мәсһабпен жүрсек адаспаймыз деген бекер әңгіме. Мысалы, Орталық Азияда террорлық әрекетімен елді шулатқан Жұма Намангани мен Тахир Юлдашев және оның содырлары Әбу Ханифа мәзһабын ұстанған. 90-шы жылдардың басында Тәжікстан билігіне таласып, елді азамат соғысына киліктірген ислам партиясы да ханафиттерден жасақталған еді. «Ислам мемлекеті», «Талибан» сияқты әлем таныған террорлық ұйымдардың ішінде төрт мәсһабтың өкілдері бар. Олардың бәрі Құранды өз мақсатына сәйкес тәпсірлеп алған идеологтардың қолшоқпарына айналып кетті.

Дін мен діннің атын жамылған идеологияның аражігін ажырата алмай мен де талай адастым. Қазір дін мен үшін менің ішкі мәселем. Оның басқа адамдарға ешқандай қатысы жоқ. Ал қоғамдағы проблемалар демократия принциптеріне сүйенген саяси бәсекелесу процесі арқылы шешілген дұрыс. Діннің атын жамылған идеологиялық ағымдарға арқа сүйеу жақсылыққа апармайды. Себебі, оның бәрі о баста плюрализм мен демократияға жат, азаматтық қоғам принципіне қарсы астамшылдық пен төзімсіздікке негізделіп құрылған.

—  Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?  Кітабыңыздың жалғасы бола ма, мүмкін, тағы бір кітап жазарсыз?

— Мен жазушы емеспін. Сәйкесінше, кітап жазып, соны сатып нәпақа табуды мақсат етпеймін. Әрине, бір кездері қоғамда болып жатқан кейбір оқиғаларға, өзекті саяси процестерге қатысты пікірімді айтармын. Оны уақыт көрсетеді.

Алдағы  жоспарым менің проблемаммен байланысты болады. Қазір Атырауда тіркелген «Демос» атты құқық қорғау ұйымының төрағасымын. Бұл қоғамдық жұмыс. Басқа жұмысқа, мемлекеттік қызметке мені алмайды. Себебі мен Қылмыстық кодекстің 170 және 174-баптарының бір тармағы бойынша сотталғанмын. Жазамды толығымен өтегеніме бір жыл болды. Бірақ үкімет мені «экстремистердің тізіміне» кіргізіп тастаған. Экстремизм мен терроризмді қаржыландырудың жолын кесу деген желеумен «экстремистер тізіміндегілерге»  есеп шот ашуға тыйым салынған, банк арқылы ешқандай төлем жасау, мүлік сату, мүлік сатып алу, оны тіркету мүмкін емес, тіпті мен нотариус арқылы біреуге сенімхат жазып бере алмаймын. Осындай шектеулердің кесірінен жұмыс берушімен келісімшарт жасай алмай отырмын. Мұндай тиымнан құтылудың бір-ақ жолы бар – басқа елдің азаматтығын алып, бұл жерден көшіп кету. Бірақ менің Қазақстаннан кеткім жоқ.

«Қазақстандық адам құқықтары жөніндегі бюроның» мәліметі бойынша менімен тағдырлас 500-ге жуық адам бар. Олардың да сот шешімінде көрсетілген жазасын өтеп болса да, мен сияқты азаматтық құқықтары шектеулі. Және бұл шектеудің мерзімі заңда көрсетілмеген. Мұның алдында атап өткендей, бұл шектеуден құтылу үшін Қазақстаннан көшіп кету керек. Осылайша, мемлекет өз азаматтарын шетке теуіп отыр. Біз, құқық қорғаушылар осы мәселемен айналысып, оның оңды шешілуін қамтамасыз етуіміз қажет.

-Тұрарбек,  әңгімеңізге көп- көп рахмет!   

 

                                                            Сұхбатты жүргізген Ұлдай САРИЕВА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Scroll To Top
http://srealt.comhttp://otellook.com