Калькулятор расчета монолитного плитного фундамента тут obystroy.com
Как снять комнату в коммунальной квартире здесь
Дренажная система водоотвода вокруг фундамента - stroidom-shop.ru
Home / Мақалалар / Ғибратнама / «Құран – шам, ақыл – басшы, ғылым – құрал»
«Құран – шам, ақыл – басшы, ғылым – құрал»

«Құран – шам, ақыл – басшы, ғылым – құрал»

(Қазақ ағартушыларының діни  ізденісі)

Ислам – ізгілікке үндейтін, адамның жан-дүниесін көркейтетін дін. Сондықтан қазақтың игі жақсылары, ағартушылары, ойшылдары Исламды ұлықтаған. Дін жолын ұлт мұратына қазық қылған. ХІХ ғасырдың басында және оған дейін өмір сүрген қазақтың көрнекті қайраткерлері, зиялылары, ұлт ұстаздары ауыл молдасынан тәлім-тәрбие алғанын байқайсыз.

Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа.

Екінші тілек тілеңіз,

Ер шұғыл пасық залымның

Тіліне еріп азбасқа.

Үшінші тілек тілеңіз,

Үшкілсіз көйлек кимеске.

Төртінші тілек тілеңіз,

Төрде төсек тартып жатпасқа.

Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытты бес намаз

Біреуі қаза болмасқа, – деген Бұқар жырау тектес аузы дуалы жандар мен алыптардың Ислам құндылықтарын жоғары қойғандарын байқаймыз. Ұлы Абайдың өлеңдері мен қарасөздері Құран тәпсірі екенін көкірегі ояу, көзі ашық жан тез аңғарады. Ақын Семей қаласындағы Ахмет-Риза медресесінен білім алды. Ғылымы озық шет елдердің әдебиетімен танысты. Рухани кемелденіп, ілім-білімі артты. Сонда да Абай Ислам шеңберін аттамады. Құдайды сүю – халықты ағарту жолының негізі екенін асыл сөз өзегіне айналдырды.

Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман болса, ашады жол! – деп толғанған ойшыл ақын Ислам жауһарын жаһанға паш етті. А. Құнанбаев 10-шы қара сөзінде: «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» дегенін есімізде сақтауымыз қажет.

Абайдың ізін басқан Шәкәрімнің де кемел ойынан сусындаған адам жаны ізгілене түсетіні анық. Қырандай биікте қалықтап, қиядағыны шолған дана ақынның «Мұсылмандық шарты» атты еңбегі 1911 жылы Орынбор қаласында басылып шықты.

Азды ұқсаң, бұл сөзді анықтап ұқ,

Иеңдей болам деме, иеңе ұқса.

Тәңірің – таза, болып бақ, сен де кірсіз,

Әлің келсе, менен қаш, Иең мінсіз.

Бұл құдайдай боламын деген емес,

Сөзімнің түбін ұқпай деме, дінсіз.

Алланың пендесіне рақымы мол,

Сен де өзіңдей адамға мейірімді бол, – деген Шәкәрім адамды жан тазалығына, имандылыққа үгіттейді, адамның көңілі кіршіксіз болуы керектігін айтады. Ақын 1905-1906 жылдары қажылық сапармен Араб, Түрік, Еуропа елдерін аралаған. Дін мен философия, ғылым салаларын игерген.

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында туған Ғұмар Қараштың ұлт алыптарымен қатар тұрғанын кейінгі деректер дәлелдеуде. Оның «Бала тұлпар, «Қарлығаш», «Тумыш», «Аға тұлпар», «Тұрымтай» деп аталатын бес поэзиялық, «Ойға келген пікірлерім», «Өрнек», «Бәдел қажы» дейтін үш зерттеу кітабы жарық көрген. Ол Кеңес үкіметінің елге ылаң әкелетінін ерте сезген ақын.

Құбылма тез оңатын түстен қорқам.

Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,

Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам.

«Таң туды, мезгіл жетті» деп адасып,

Құрылған қараңғыда заңнан қорқам, – деген күдігі текке кетпеді. Кеңестік кезеңде атеистік көзқарас күшейді. Қазақ дінінен, діңінен айырылды. Шаңырақ шайқалды. Саяси қақтығыстар қантөгіспен  аяқталып отырды. Алмағайып заманда Ғұмарлар мойыған жоқ.

Құран – шам, ақыл – басшы, ғылым – құрал,

Құралсыз шекпе сапар жолың болмас.

Айырылма жатсаң-тұрсаң құранды ұста,

Жол бастар қараңғыда ол бір компас, – деген ақынның ұлт тағдыры үшін жанкешті еңбек еткенін енді танып жатырмыз. Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Елеусін Бұйрин сынды азаматтармен бірге тізе қосып, Ғұмар Қараш та 1911-1913 жылдары Бөкей Ордасында «Қазақстан» газетін шығарып, еліміздегі ең алғашқы басылымдардың негізін қалады.  «Газеттің асыл мақсұты – кәсіп ету, ғылым-өнер турасында» деп көрсеткен зиялылар қараңғы қазақ көгіне шамдай жарқырап келген, әрқайсы тарихтан ойып тұрып орын алған тұлғалар еді.

Мәселен, 1880 жылы Бөкей ордасында туған Ғабдолғазиз Мұсағалиев Каирдегі әл-Каһира университетінің заң факультетінде оқыған. Мысырдың бай кітапханасында халифат дәуіріндегі қолжазбалармен танысты, түркі халқының ежелгі тарихын зерттеді. Сегіз шет тілін (қытай, араб, парсы, тұрік т.б.) меңгерген. Университетті бітірген соң 1909-1910 жылдары Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Жапония т. б. елдерді аралады. Сапардан оралған соң Жетісу облысының Қапал уезіне келіп, «Мамания» мектебінде сабак берді. Қазақ басылымдарында ұлт мәдениеті, әдебиеті, оқу-ағарту жайы, саяси жағдайларға қатысты терең  толғамды мақалалар жазды.

Қазақтың ғұлама ақыны Шәңгерей Бөкеевтің көзі ашық, көкірегі ояу болғанын, артына асыл жырлар қалдырғанын білеміз. Ол Эдисон атты ғалымды құрметтеп, өлең шығарған:

Тәртіпсіз жоқ-бар затты көп оқумен

Ғылымның ғасыл болмас қуат, күші.

Бұл ғылым — бір бәйтерек шектен асқан,

Шұлғанған бұтағына ғарсы — күрсі.

Бар ғалам он сегіз мың саясында,

Таусылмас бұтақ сайын бар жемісі, – деп ғылым-білім, ағарту жолын ұлықтаған. Еуропа әдебиетімен сусындап, қазақтың асыл мұраларын жинаған шайыр Құдайын да ұмытпады:

Ол күндерді тапсырдым

Жасаған өзің бір Алла!

Пайғамбар жасы жақындап,

Келе жатыр осы ара.

1852 жылы Сырдария губерниясы, Түркістан уезі, Жылыбұлақ болысында дүниеге келген Шәді Жәңгіров тоғыз жасында ауыл молдасында, келер жылы Шаян медресесінен дәріс алған. Араб, шығыс әдебиетін зерттеді. Ол діндар қаламгер болған. «Сияр-шәріп», «Фех-қайдан», «Ахуал-қиямет», «Назым Ахмет Жами», «Назым Ибраһим Халиолла», «Хазіреті Мұса мен Перғауын», «Мұсаның таурат алғаны» дастандарын  жазды. Мұхаммед пайғамбарды ұлықтады.

Есектей халі кейбір адамдардың,

Көңілі тар, көзі соқыр жамандардың.

Сары жез бен сары алтынды айырмайтын

Сынынан сақта, Алла, надандардың, – деген ақын кеңестік кезеңде теперіш көрді.

Аты Орта Азияға мәшһүр болған Мәшһүр Жүсіптің кемел адам болғанын, әулиелігін қазақ  әлі күнге аңыз қылып айтады. Десек те қазақ мәдениетін дамытқан кесек тұлға.

Исламның бес парызы біреуі – иман,

Таппайды бұл бесеуін дүние жиған.

Ықтият, шын ниетпен жұмыс қылып,

Ерлерді айт Құдай үшін жанын қиған, – деп жырлаған ақын халыққа көл-көсір мұра қалдырды. «Ғылым бі­лімі» кітабы 129 сахифадан тұрады, оның ішінде 12 аят, 18 хадис, 43 мақал, 114 ауыз өлең бар деп есепетеледі.

Ахмет Байтұрсынұлының «Дінмен байланысқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды» деген ұлағатты сөзі бар. «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық» деген ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің өлеңі кеңестік кезеңде күзеліп, оның «Мұсылманшылық тұтқасы» атты кітап жазғаны көпке дейін ұмыт қалдырылды. Н. И. Ильминскийге жазған бір хатында Ы.Алтынсарин: «Күлсеңіз, күле беріңіз, мен кейбір оқытудан бос уақыттарда оларға ресми түрде молда болып та қоямын, сөйтіп, оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелерді де қосып айтамын» деп жазуы, діни ілімі өте терең болғанын, қазақ санасына сәуле сепкенін аңғарамыз.

Исламды ту қылған қазақ ағартушылары ұлт көгіне жұлдыз болып орнықты. Көрнекті қайраткерлеріміз ұлық Алланы, дініміз ғылым-білім қайнары, тәрбие көзі екенін әсте ұмытқан емес. Тарихи құжаттар, жазба қорындағы әдеби мұралар соны айғақтайды.

Есенболат АБДУҒАЛИЕВ,

Жәнібек аудандық мұсылмандар мешітінің

бас имамы,

Батыс Қазақстан облысы

Scroll To Top
http://srealt.comhttp://otellook.com