Калькулятор расчета монолитного плитного фундамента тут obystroy.com
Как снять комнату в коммунальной квартире здесь
Дренажная система водоотвода вокруг фундамента - stroidom-shop.ru
Home / Ислам ғылымдары / Хадис / Имам Ағзамның (р.а) өмірі мен діндегі орны
Имам Ағзамның (р.а) өмірі мен діндегі орны

Имам Ағзамның (р.а) өмірі мен діндегі орны

Алла Тағаланың тарапынан жіберілген соңғы дін -Исламның келгеніне ХІV ғасырдан аса уақыт өтсе, қазақ даласына келгеніне он екі ғасырдан аса уақыт өтті. Содан бері халқымыз атақты ислам ғұламасы, фиқһтың (мұсылман заңы) білгірі Нұғман ибн Сәбит (р.а.) (699–767) негізін қалаған Ханафи мазһабын (діни құқықтық мектеп) ұстанып келеді.

Имам Ағзам Әбу Ханифа ән-Нұғман ибн Сәбит (р.а.) Ирақтың Куфа қаласында үмәуйлік халифат тұсында (699 жылы ) дүниеге келген. Азан шақырып қойылған аты ән-Нұғман болғанымен, халық оны Әбу Ханифа немесе Имам Ағзам деп атайтын. Өйткені, ислам әдебі бойынша үлкен ғалым адамдардың аттары аталмайды. Олар хазірет, ұстаз сияқты құрметті сөздермен тілге алынады. Сол уақыттан бері Ислам діні — әлем халықтары ұстанатын негізгі дін ретінде толыққанды қалыптасты. Осынау кезеңдер ішінде асыл дініміздің кеңінен қанат жаюына көптеген тұлғалар үлестерін қосты. Олар халық арасында шариғи нормалардың ретті қолданылуы, діни қағидалардың жұртшылық ішінде оңды қабылдануына ерекше ықпал етті. Мұсылмандардың күнделікті өмірінде жүріп-тұратын негізгі бағыттарын, тура жолын айқындап, анықтап берді. Солардың бірі әрі бірегейі Имам Ағзам Әбу Ханифа болды. Әбу Ханифа ақылды, өткір, аса парасатты, кемел ойдың иесі еді. Ел арасында ол туралы ғибратты, әрі жұртқа таныс төмендегі оқиға жиі айтылады: Әбу Ханифаның әкесі Сәбиттің жас жігіт кезі еді. Бірде дәрет алып, сүлгімен бет–аузын сүртіп тұрғанда, арықта ағып келе жатқан алмаға көзі түседі. Алманың әдемі түсі көз тартатын. Сәбит шыдамай, алманы алып бір тістейді. Сонан соң ол: «Не істеп қойдым? Алманың иесі бар шығар? Оны тауып, дереу, ризашылығын сұрайын» деп өзен бойымен жоғары қарай алманың иесін іздеуге шығады. Содан ол үлкен баудың ішіне кіреді. «Жеген алмам осы баудан шығар» деп Сәбит бау иесіне барып, оған: «Ас–сәләму әлейкум! Ойламай бақшаңыздың бір алмасын жеп қойдым. Мүмкін болса, кешірім етсеңіз» дейді. Жігіттің ақылдылығы мен имандылығын байқаған бағбан әдейі: «Разы емеспін» деп дөрекілеу жауап қайырады. Бұл сөз Сәбитке ауыр тиеді. Ол бағбанның аяғына жығылып, оған: «Кешіріңіз! Жеген алманың ақысын төлейін немесе қызметіңізді істейін» деп жалбарынады. Сонда бағбан: «Онда былай. Үш жыл қызметімді істейсің. Сонан кейін арғысын көре жатамыз»деп жігітке шарт қояды. Амал жоқ, Сәбит шартқа көнеді. Өйткені, ақырет есебі мен кісі ақысынан қорқатын. Ол үш жыл бойы бағбанның үйінде адал қызмет етеді. Мерзімі біткеннен соң, кетуге рұқсат сұрайды. Бағбан оған: «Мен саған үш жыл өтсе, арғысын тағы көрерміз» деп едім. Сондықтан, менің тағы бір кішкене шартым қалды. Соны орындасаң, сөзім сөз, саған разы болып, рұқсатымды беремін,–дейді. Сәбит көнеді. Бағбан оған: «Менің бір қызым бар. Көзі көрмейді, құлағы естімейді, қол–аяғы сал және мылқау. Соған үйленесің. Соңғы шартым осы,–дейді. Жігіт бұған да көнеді.

Қыз бен жігіттің некелері қиылып, тойы өтеді. Жігіт шымылдыққа кірген соң, көзі де көретін, құлағы да еститін, қол–аяғы да сап–сау қызды көреді. Қыздың әкесіне барып, оның сырын сұрайды. Әкесі айтқан сөздерінің себебін былай түсіндіреді: «Қызым ұят нәрселерге қарамайды, сол үшін ол көр; ұят әрі балағат сөздерді естімейді, сол үшін ол керең; тыйым салынған нәрсеге қол созбайды және бұзық жерлерге бармайды, сол үшін оның қол–аяғы сал; жаман сөз сөйлемейді, сол үшін ол мылқау. Қызымды сен сияқты құдайшыл, иман жүзді жігітке берсем, ол Алладан қорқатын, біреудің ақысын жемейтін таза адам болып, туған немерелірім де Ислам тағылымдарына сәйкес өмір сүрсе деген арманым бар еді. Алла маған сені жеткізді. Бір көргенде–ақ сенің адал екеніңді байқадым. Сонда да сынап бақсам артықтық етпес деп ойладым. Сен мен ойлағандай боп шықтың. Бұдан былай ерлі–зайыпты болып, бірге тату–тәтті өмір сүріп, бақытты болыңдар» деп батасын береді. Міне, осындай пәк, тақуа, текті отбасында әлемге әйгілі, ғалым Имам Ағзам дүниеге келеді.

Әбу Ханифа хадис пен фиқһ ілімін сол заманның ең атақты ғалымдары – Шағби және Хаммад сияқты ғұламалардан үйренді. Куфада хадис ұстаздары, араб тілі және әдебиеті мамандары, шариғат ғалымдары жеткілікті болатын. Ибн Шуһаб аз-Заһри: Әлемде беделді ғұламалар төртеу. Олар: Мәдинада ибн әл-Мусәйб, Куфада Шағби, Басрада Хасан әл-Басри (642–728), Шамда Мәкхул (р.а.),–деп сол кездің ең үлкен ғалымдарын атайды. Шағби (р.а.) бес жүзге тарта сахабалармен кездесіп, олардан білім алған. Омар ибн Әбдул Әзиздің (р.а.) халифалық тұсында Куфа қаласында қазылық қызмет етіп, 87 жасында дүниеден өткен. Оның қайтыс болғанын естіген Хасан әл-Басри: «Шағби Исламда өзінің ерекше орны бар нар тұлғалы адам еді. Алла тағала оны өз мейіріміне бөлесін» деп дұға еткен. Міне Әбу Ханифа осында ұстаздардан ілім алып өмірінде төрт сахабамен кездескен. Олар: Әнас ибн Малик, Абдулла ибн Әбу Ауфә, Сәһл ибн Саъд және Әбу Туфайл. Сахабаны көрген адам табиғин деп аталады. Осы ерекшелігімен ол тез арада өз дәуірінің ең ұлы ғалымдарының біріне айналды. Ол– ислам фиқһінің үлкен мүжтаһид ғалымы болды. Құран кәрім және сүннеттен басқа нақты дәлел ретінде ол сахабалардың, табиғиндердің алқалы пікірін, сондай-ақ қияс (салыстыру), истихсан (дұрыс санау, жақсы деп білу) және ғұрып–дәстүр сияқты фиқһ қағидаларын пайдалана отырып, шариғат шеңберінде үкімдер шығара білді.

Имам Ағзамның көзқарастары басқа ғалымдарға қарағанда кеңпейілділік пен жеңілдік рухына сай келгендіктен, жұрт оны Әбу Ханифа деп атаған. Ғасырының танымал, беделді, ірі ғалымы болғандықтан халық оны Имам Ағзам деп те атайтын. Бізде имам деп мешіт қызметкерін түсінеді. Бірақ, бағзы заманда имам деп аса білімді, әрі тақуа кісілер айтылатын. Имам – жетекші, басшы, ұстаз, данышпан деген мағыналарды да береді. Ал, Ағзам сөзінің айбынды, ең зор, ең үлкен, ұлық, теңдесі жоқ деген мағыналары бар. Шынында да, Имам Ағзам мұсылмандардың жетекшісі, ғалымдардың басшысы, білім мен тақуалықта теңдесі жоқ данышпан, айбынды, әрі ұлық ұстаз еді. Абдулла ибн Мүбарәк (р.а.): Имам деген атқа Әбу Ханифадан артық лайық кісі жоқ. Өйткені, ол өте такуа ғалым еді, фиқһ ілімі жолында басқалар ол кісі секілді еңбек ете алмады. Ол асылдығы, көрегендігі, қабілеттілігі, парасаттылығы арқасында оған жол салды,–деп еске алады. Әбу Йусуф (р.а.) ұстазын: Бет пішіні және дене бітімі жөнінен ол әдемі еді. Сөзге өте шешен, дәлел келтіруге өте ұста, тілі жұмсақ болатын. Дәрісіне қатысқан кез-келген адам, оның ілім үйрету әдісінен ләззат алатын. Ол шәкірттерінің шариғат мәселелерін терең түсінетін ғалым болуларына көп көңіл бөлді. Оларға жұмсаған күш-қайраты соншалық, ол кісіден дәріс алған кез-келген адамның әйгілі ғалым болуы оңай еді,–деп еске алады. Имам Ағзам түн бойы ғибадат етіп, күндіз ораза тұтатын, тілін жалған сөзден сақтап, тәнін пәк ұстайтын, жағымсыз іс–әрекет пен ойын-сауықтан аулақ жүретін, Алла тағаланың разылығын табуды өзіне парыз санайтын. Имам Ағзамның имандылығы мен тақуалығы, білімділігі мен парасаттылығы туралы Имам Шафиғи (р.а.): «Адамдар фиқһ ғылымында Әбу Ханифаға қарыздар. Кімде–кім Әбу Ханифаның кітаптарын оқымаса, ғылымға бойламағаны және фиқһ ғалымы болмағаны» дейді. Ол иманы, тақуа, білімді және парасаттылығынан да харам істерге жоламайтын, күмәнді нәрсеге де қол сұқпайтын өте сақ адам болатын. Сондықтан, оның уағызы әрбір тыңдаушы жүрегіне жететін.

Фузайл ибн Ийаз (р.а.) : «Әбу Ханифа (р.а.) фиқһ ғалымы, тақуалығымен ардақты, келгендерге тапқанын беретін жомарт, күндіз–түні дәріс беруден жалықпайтын, түнді ғибадатпен өткізетін, аз сөзді, егер бір халал–харам мәселесі туралы айту керек болса, ақиқатына көз жеткізіп түсіндіретін» деген екен. Қази Шурак (р.а.): Әбу Ханифа (р.а.) фиқһты терең меңгерген, әр ісі көңілге қонымды, шәкірттерге білім беруде аса шыдамды, шәкірт білім алып болғанша оған жан–жақты көмек көрсететін адам еді. Шәкірті оқуды бітірсе, оған: «Сен енді халал мен харамды, дұрыс пен бұрысты ажырата алатын, таусылмас үлкен байлыққа жеттің» дейтін. Ұстаздары мен құрметті адамдар алдында көп сөйлемейтін» дейді.

 

С.МҰСТАФИН,

«Тулбаев Мухаммад Гариф»

мешітінің найб имамы

Scroll To Top
http://srealt.comhttp://otellook.com