Калькулятор расчета монолитного плитного фундамента тут obystroy.com
Как снять комнату в коммунальной квартире здесь
Дренажная система водоотвода вокруг фундамента - stroidom-shop.ru
Home / Ислам ғылымдары / Фиқһ / Қажылық махшар майданын еске салғандай
Қажылық махшар майданын еске салғандай

Қажылық махшар майданын еске салғандай

Исламның бес тірегінің бірі болған қажылық құлшылығы – Алланың құлдарына берген жақсылықтарға толы зор мүмкіншілігі. Қажылық ұғымы – араб тіліндегі الحَجُّ  (әлхажжу) ұғымының баламасы. Тілдік мағынасы — ұлық тұтқан нәрсеге талпыну және ниеттену, оны мақсат тұту. Қажылық дегеніміз – балиғатқа толған, ақыл есі дұрыс, денсаулығы сау әрі қаражат мүмкіншілігі табылған әр мұсылманның Алла үшін ғұмырында бір мәрте шариғат белгілеген мерзімде арнайы шарттарға тәуелді құлшылық рәсімдерін орындауға дара тағайындалған қасиетті орынды зиярат ету.

Құран Кәрімде Алла Тағала қажылық жайлы бірнеше аяттар келтірген. «Әли Имаран» сүресінің  97-аятында  былай дейді: «Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы. Ал егер кімде-кім күпірлік қылып, қажылықты жоққа шығарса, біліп қойыңдар, Алла ешкімге мұқтаж емес, керісінше бүкіл ғалам Оған мұқтаж. Аяттың мағынасында айтылғандай Раббымыз ешкімнің құлшылығына, қажылығына мұқтаж емес. Керісінше күнәсі тау тасынан көп болған пенделердің мұқтаж болған қасиетті ғибадаты. Олай болса бұл ұлы іс тек қана Алла үшін дұрыс ниет, шынайы ықыласпен, үлкен дайындықпен кірісетін амал.

Қажылық барысында қажы бос істердің бәрін тастап, өзін көріп, бақылап тұрған Раббысының разы болатын қайырлы істерімен ғана айналысуы қажет. Кез келген адам жолға шығар алдында керек азығын алғанындай, бұл қасиетті сапардың ең негізгі азығы болған тақуалықты ала шығу керек. Ал адамның жиған қаржысы, алған киім-кешек, заттары осы тақуалыққа жәрдемші құралдарға айналуы тиіс. Кез келген амал мен құлшылықта Алла тағала жасырған даналық пен сыр бар. Қажылықтың да исламдағы алатын орны да өте жоғары. Адамға берер пайдасы да, жасырылған даналығы да өте көп.

  1. Біріншіден бұл қасиетті сапар кімге нәсіп етілсе, ол тек Алланың құлына деген кеңшілігі екенін ескеруіміз қажет. Өйткені Раббымыз: (Уа Мұхаммед !): «Оларға: Бұл тек Алланың шексіз шарапаты рақымының арқасы. Ендеше, (адамдар) осыған ғана қуансын! Өйткені бұл олардың бүкіл жиған-тергенінен алдеқайда артық», деп айт. Юнус сүресі – 58 аяат
  2. Алланың бірлігін пенденің санасына сіңіріп, Аллаға деген махаббатын арттыратын құлшылық. Қасиетті Құранда: Әйтсе де, кезінде Ибраһимге қасиетті үйдің (Қағбаның) орнын белгілеп бергенімізде оған: «Маған еш нәрсені серік қоспа. Үйімді оны тауап ететіндер, онда қиямда тұрып, рукуғ жасап, әрі сәжде етіп құлшылық қылатындар үшін таза ұста» деп, бұйырған едік. Хаж сүресі 26-аят.
  3. Әлемдегі мұсылмандардың  арасында сүйіспеншілік  орнатады. Ол жерде  болған адам барлық мұсылмандардың түсіне, тіліне, ұлтына, жеріне, еліне,  дүниесіне,  денсаулығына  қарамай бір киімде,  бір жерде, бір уақытта, бір құбылаға бет бұрып, бір Аллаға  жалбарынып, бір-біріне жәрдем етіп жатқанын байқайды.

Дін ғұламалары тәубенің қабыл болуы үшін төрт шартты бекіткен: күнәдан тыйылу, бұрынғы жасаған күнәларына қатты өкіну, күнәні қайталамауға бел байлау, кісі  ақысын  иесіне қайтару. Қажылық — мұсылман ұлттар арасындағы теңдіктің іс жүзіндегі көрінісі. Неге десеңіз, мұсылман ұлттар қажылық кезінде бай-кедей, білімді-білімсіз, ұстаз-шәкірт, шен-шекпен жағынан кім болса о болсын барлық дүниелік атақ-лауазымдарын бір жаққа ысырып қояды. Киімдерін шешіп бәрі бірдей аппақ ихрам киеді. Басқа мұсылман бауырларынан ажыратқысыз кейіпке еніп, ешбір айырмашылықтары болмайды. Сырттай көз тастасаң бәрі бірдей ақ кебінге оранған секілді. Еріксіз Мақшарда мазардан түрегелер сәтті елестетеді.

Қажылық – мұсылмандар үшін сабыр мен талпынысты үйрететін мектеп. Қажылық мектебі үздіксіз ғибадат жасау арқылы нәпсінің тізгінін тартып, ауыздығын салады, мұсылман бауырларды бір-бірін сыйлап, сыпайылық танытуға үйретеді. Қажылық сапары барысында ешбір қайтарымсыз мал жұмсау, Алла үшін не нәрсені болса  да шығындау парасаты өседі.

Ихрам – «рида» және «изар» деп аталатын екі бөліктен тұратын сүлгі немесе оған ұқсас тігісі жоқ мата. Ихрамға қажылық түрлерінің қайсысын орындайтын болса, соны жүрегімен ниет етіп, тәлбия айту арқылы кіреді. Бірақ, ниетті тілмен айту – мустахаб. Ихрамға кірудің шарттарының бірі ғана болып табылатын «рида» және «изар» деп аталатын екі бөліктен тұратын мата халық арасында «ихрам» деп аталғанымен, Ихрам  мағынасын толық қамтымайды. Орындайтын қажылық түрін ниет етпей, тәлбия дұғасын айтпай, тек қана үстіне ақ, тігіссіз мата оранумен ихрамға кірген болып саналмайды. Өйткені ниет пен «тәлбия» дұғасы — ихрамның  шарттары.

Арафатта  тұру – арафа күні түс ауғаннан кейін құрбан айттың бірінші күні таң намаздың уақытына дейін Арафат тауында бір мезетте болса да тұру. Сондықтан кімде-кім Арафатта тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қажылық легеніміз – Арафат, кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады», – деп, Арафатта тұрмаған кісінің қажылық ғибадатының қабыл  етілмейтінін ескерткен. Тауап ету араб тілінде «бір нәрсені айналу» деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы – қасиетті Қағбаны жеті рет ғибадат ниетімен айналу. Тауап — Алла тағаланың аршының айналасында тауап ететін періштелер тәріздес Алла тағалаға деген сүйіспеншілікпен, тағзыммен жасалатын ғибадат. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тауаптың намаз тәріздес ғибадат екенін білдіреді: «Байтулланың (Қасиетті Қағба) айналасында тауап жасау – намаз оқу сияқты. Ерекшелігі тауапта сөйлеуге болады, бірақ тауап жасап жүріп, кім сөйлесе, қайырлы сөз сөйлесін», – деген.

Т. Нуралиев,

Жалпақтал  мешітінің  бас  имамы   

Scroll To Top
http://srealt.comhttp://otellook.com