Калькулятор расчета монолитного плитного фундамента тут obystroy.com
Как снять комнату в коммунальной квартире здесь
Дренажная система водоотвода вокруг фундамента - stroidom-shop.ru
Home / Мақалалар / Сұхбат / Қазақстанның еңбек сіңірген азаматы болсақ деген арманымыз бар
Қазақстанның еңбек сіңірген азаматы болсақ деген арманымыз бар

Қазақстанның еңбек сіңірген азаматы болсақ деген арманымыз бар

 Бұрынғы псевдосәләфтар: 

«Қазақстанның еңбек сіңірген азаматы болсақ деген арманымыз бар» 

Олар 2012 жылы қазан  айында Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 233-3 бабы- террористік немесе экстремистік қызметті қаржыландыру бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бас бостандықтарынан айырылған. Орал қаласындағы РУ- 170/2 мекемесінде жазасын өтеп жатқан олар мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Ерте шыққаны- бұрын исламның сәләфилік бағытын ұстанған олардың түрмеде отырып түзелгені, өз қателіктерін түсініп, діни сауаттарын ашып, ата-баба ұстанған дәстүрлі дініміз- Ханафи мазхабына оралғаны.  Бір кездегі «вахавистермен» кездесіп, әңгімелесуге бардым. Менің алдымда үлбіреген ақ жемпір киген аппақ бір бала отырды. Есімін өзгертіп Жарқын дейінші. Екіншісі- сөзге сараң болса да сөзі мен ісіне нық көрінген Болат. (Оның да есімі өзгертіліп жазылды) Сонымен сұрақ қоюшы — мен.  Жауап олардан…

 

      — Сіздер ҚР Қылмыстық кодексінің терроризмді қаржыландыру бабы бойынша істі болдыңыздар. Қарапайым адамдар қаржыландырушыны ақшасы көп, бай адам деп түсінеді. Кімді, қандай террорлық әрекетті қаржыландырдыңыздар?

Ж: — Біздің артық бір тиынымыз болған жоқ. Әншейін жұрттың жинаған ақшасын салып жіберуге делдал болдық. Бір таныс бала Ауғанстанға соғысуға бара жатып, Түркияға жеткенде ақшасы бітіп қалады. Жігіттер маған 500 доллардан екі рет ақша жинап берді, мен оған сол ақшаны салдым.

Одан хабарыңыз бар ма?

Ж:  — Біз ақша салған ол жігіт Ауғанстанда соғыста өлді деп естідік…

—  Сіздерді қалай ұстады?

Ж:   — Арада 7-8 ай өтті.Ұмытылып кеткендей болған. Оған халықаралық іздеу салынып, бүкіл дерегі тексеріліпті. Содан ғаламтор арқылы онымен сөйлескеніміз, ақша салғанымыз белгілі болып, қамауға алындық.

Б:    — Сотталып кеттік. Орал қаласындағы Ру 170/2 мекемесінде жазамыздың жартысынан көбін өтеп, қалған жазаны неғұрлым жеңіл жазаға ауыстырды. Көп нәрсені ұқтық, ақты ақ, қараны қара деп түсіндік. Көзіміз ашылды.

      -Аздап кері шегінсек. Айдын күні аманында қалай адастыңыздар?

Б:   — Намаз оқимыз деп мешітке келгенде басқа жамағатқа тап келіппіз. Олар исламды ғаламтор арқылы үйренуге шақырды. Имамды тыңдамаңдар, шетелдің ғалымдарынан оқыңдар деп үйретті. Басқа жолға түсіп кеткенімізді білмей қалдық.

Ж:  — 2008 жылы намаз оқи бастадым. Оразаның уақыты еді. Ол кезде ішімдікке әуес едім. Теледидардан бір хабар көріп, ойландым. «Намаз оқиыншы, арақты тастайыншы» дедім. Балалармен бірге пәтер жалдап тұратынмын. Олар: «Намаз оқымаған адамдардың жер басып жүруге қақысы жоқ» деген әңгімелер айта бастады. Сол кезден бастап радикалдана бастадым.

                — Оралда, елімізде, шетелде байланысыңыз болды ма?

Ж:  -Шетелмен байланысымыз болған жоқ. Сол ақша салған жігітпен ғана сөйлесіп тұрдық. Онда да алғашқы кезде.

       — Сол кезде сіздерге біреу «мешітке барыңдар, имамдардан үйреніңдер» деп айтпады ма?

Б:   — Біз ондай адамға тап келгенше «мешіттен үйренбеңдер, имамдарды тыңдамаңдар, олар үкіметтің адамдары, полиция не айтса соны тыңдайды, дінді дұрыс түсіндірмейді» деп миымызға құйып тастаған еді.

      — Ата -ана, отбасына деген көзқарасыңыз қандай болды сол кезде?

Ж:  — «Ата-ананы тыңдамаңдар, Арабиядағы шейхтерді оқыңдар» деді. Бас- аяғы не ортасы жоқ, кішкентай кітапшаны оқып, соған мәз болып жүресің. Пайғамбарымыздың хадисі деп бір-екі сөзді жазып қояды, бірақ ары қарай дамытып түсіндерген жоқ. Содан адастық.

— Намаз оқымағаны, дәрет алмағаны үшін отбасы мүшесі пісірген тамақты жемедіздер…

Ж:   — Базардан әкелінген етті жеген жоқпыз, оны біз тоққа соғып, немесе басынан ұрып, қан шығармай, пісмилла айтпай өлтірілген харам мал деп есептедік. Ал ата-анамыз дәрет алмады деп тамағын ішпей қалу болған жоқ. Бұл идеология адам санасына жәйлап, жылдап енеді екен. Бір күннің ішінде ет жемеймін деп немесе әке-шешеңді, намаз оқымаған адамды кәпір деп айта алмайсың. Адам оған біртіндеп келеді және қалай өзгергенін өзі білмей қалады. Намазды жаңа оқи бастаған адамға «әке-шешең кәпір, ананы же, мынаны жеме» десе, ол: «Не айтып отырсың, кет, әрі?!» деп оның өзіне тарпа бас салмай ма?! Бұндай сөздерді адамның санасы уланып, әбден байланған соң айтады.

                 — Ғаламтордан не үйретті?

Ж:   — Ғаламторға  кіресің. Шейхтер бірдеңе жазып жатады, астына аудармасын береді. Оны кім аударып жатыр, ана шейх арапша шынымен солай деп айтты ма, ештеңе түсінбейсің. Тыңдап аласың да, «солай істеу керек екен» деп жүре бересің. Әке-шешеміз де, тәрбие беруші ұстазымыз да- ғаламтор болды. Бүгінде де жастар ғаламторға көп кіреді. Ата-аналар баласының одан не қарайтынын,  не үйреніп жүргенін қатаң қадағалауы керек.

       — Арабтың шейхтарынан кімдердің  дәрісін тыңдадыңыздар?

Ж:  — Шейхтардың есімдерін білмейміз. Біз сол жолда жүргенде ғаламторда «Мұсылман бауырларды қырып, зорлап жатыр, мұсылман бауырлар қайдасыңдар? Не істеп жатырсыңдар, кәпірдер дінімізді қорлап, бізге күн көрсетпей жатыр» деген бейне фильмдер болды. Біз қараймыз да «кәпірлерге көрсету керек!» шығамыз.

      -Кәпірлер деп кімдерді айтты?

Ж: — Көбіне американдықтарды айтты олар. Ал Оралда намаз оқымағанды  кәпір дедік. Бізді олармен араласпауға үйретті. Олармен тек қана шаруа мәселесімен, мысалы «Мынандай аялдама қай жерде екен, айта қойыңызшы» деген сияқты қарым-қатынаста болдық. Басқаша сөйлеспейсің, олармен дос болуға болмайды.

      -Кәпірлерді өлтіру керек деді ме?

Ж: — Қазақстанда өлтіру керек деген әңгіме болған жоқ, Соғыс болып жатқан мұсылман елінде қорғану, кек алу үшін өлтіру деген бар. Соғысу керек деген идеология болды. Ол жақта бейне- таспаны кім түсіріп жатқанын да білмейсің, өтірік арандатып, үйде отырып фильм түсіреді де, ғаламторға салып жібереді. Соғысқа баратындардың «наемниктардың» үстінен ақша ойнатып отырады. Мысалы «Қазақстаннан 10 адам келе жатыр» дейді, жихаһқа адам жинап ұйымдастырғаны үшін оған 10 мың доллар ақша береді. Ал барғандарды «өлсең жәннәтқа кіресің» деп алдайды.

      — Жихадқа бару туралы айтты ма  сіздерге?

Ж: — Біз ғаламтор арқылы сабақ алып жүрген кезде айтылды. Ол кезде ғаламтордағы әңгіме сол болатын. Қазір алып тастаған шығар.

      — Жихадқа бару туралы ойларыңыз болды ма?  Мысалы ақша жіберген кезде?

Ж:  — Ойымыз болған жоқ, шынын айтсақ, оған жете қоймадық. Алланың қалауымен ертерек сотталып кетіп, аман қалдық. Әрине, жас өміріміздің темір торда қамалғанына өкінеміз. Бірақ  шынымды айтсам, сотталып кеткеніме өз басым өкінбеймін.

       — Сіздермен бірге тағы кімдер болды?

Ж:  — Үшінші сыбайлас болған адам бар. Ол да сотталды. Түзету мекемесінде теологтар қателігімізді дәлелдеп, көзімізді ашты, сондай-ақ прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне рахмет айтамыз. Түрмеде бізді ұрып -сабаса мүлде басқа адам болып шығар едік, ал олар сондай шыдамдылықпен жұмыс істеп, бізді дәстүрлі исламға оралтты.

      — Бостандықта жүргенде жамағатпен бір жерге жиналып дәріс тыңдау, кездесу болды ма?  Қазіргі жастар неден сақтану керек?

Ж:  — «Бір жерге жиналып, терезе- есікті жауып алып, фильм қарайды» дегенді естиміз. Бірақ бізде ондай болған жоқ. Ғаламторға ғана кірдік, оған кез- келген адам кіре алады, неше түрліні қарайсың. Мысалы Сайд Бурядский деп жазасың да дәрісін тыңдайсың. Бітті…

     — Сіздерге исламның теріс бағытында жүргендерің үшін ақша берді ме?

 Б:  — Жоқ. Егер ақша берсе үйде жатар едім ғой. Ал мен құрылыста, қара жұмыста жүрдім.

      — Студент балалардың оқуына, пәтеріне ақша төлеп, өз қатарларына тартуы мүмкін бе?

Ж:  — Мен де жоғары оқу орнының студенті болдым. Маған ешкім ақша берген жоқ. Сондықтан жастарға айтарым, егер ондайлар, мысалы ислам емес басқа бағыттағы жат ағымдар кездесіп жатса, тиын- тебенге бола өмірлеріңді қор етпеңдер!

       -Халил дегенді білмедіңдер ме?

Ж:  — Ол Батысқа  келгенде біз доп ойнап жүрген бала болдық. Қайдан білеміз?

       -Түрмеде отырғанда ата-анамен байланыстарыңыз қалай болды?

Б:    — Жақсы араластық. Ата-анамыз екі айда бір рет кездесуге келіп тұрды.

Өз отбасыларың бар ма? Болса әйелдеріңіз де осы бағытты ұстанды ма?

Б:    —Үйленген едім,  3 жаста қызым бар. Бүгінде айырылысып кеттім.

        -Себебі?

Б:    — Ол жағын айтпай-ақ қояйын… Намаз оқыды, бірақ біздің жолда болған жоқ.

Ж:   —  Мен екі рет үйленіп тастағанмын.  2011 жылы алғаш үйренген әйеліммен 10 ай тұрдым. «Сенімен тұрғым келмейді, суып кеттім» деп кетіп қалды. Қызым кетті бірге… 2012 жылы екінші рет үйлендім. Ол да радикалды көзқараста болды.

       — Талақ жасадыңыз ба? Екінші әйелмен қалай таныстыңыз? Браттарыңыз: «Осы қызды ал!» деп берген жоқ па?

Ж:  — Ия, талақ жасаймыз ғой… Екінші әйелді… браттарым дегенде  енді, оның жездесі болды, сол кісі айтты: «балдызым бар, намаз оқиды, тұрмысқа шыққысы келеді» деді. Сосын үйлендім.

      — Біреу тауып берді, бірақ бір көргенде ұнаттыңыз…

Ж:  — Бір көресің де, сөйлесесің. Көзқарасы өзімдей болған соң үйлендім. Бірақ оны түрмеде жатқанда талақ жасадым. Себебі,  ол әлі теріс бағытта жүр.

                — Оның адасып жүргенін түсіндірмедіңіз бе? Қанша дегенмен де бір кездегі жарыңыз ғой.

Ж:  —   Енді өмірімді жаңадан бастаймын. Дәстүрлі исламмен жүретін, Әбу Ханафи мазхабын ұстанатын қызбен үйленгім келеді.

    — Түрмеде сіздерге қандай көзқарас болды?

Б:  — Оң көзбен қарады. Біз жұмыс істедік. 30 мың жалақы алдық, түрменің дүкенінен көңіліміз қалаған тамақты алып тұрдық.

Ж: — Зейнетақы мен салықты ұстағанда қолымызға 23 мың теңге алатынбыз.

Б:  —Соның өзі үлкен көмек болды. Керегімізге жаратып, қалғанын үйге, ата-анамызға беріп тұрдық.

     -Жарқын, Болат, әрине, сіздерге оңай емес, адасып, түрмеге түстіңіздер. Ата-ана, отбасы, Отан  алдындағы парыз, міндет деген бар. Осы қасиетті құндылықтарға деген көзқарастарыңыз өзгеріп, аяқ асты болды. Психологиялық үлкен қиындық көрдіңіздер, дәл қазір менімен сөйлесіп отырғанда да өздеріңізді жайсыз сезініп отырсыздар. Әр қазақ баласы басын жоғары көтеріп жүру үшін жастарға не айтасыздар?

Ж:  — Ең бірінші ересектерге айтсам деймін. Біз осы теріс жолға діни білімсіздіктен тап келдік. Мектепте діни сабақ берілген жоқ. Әке-шешеміз дінге ешқандай бүйрегі бұрылмаған Кеңестер Одағының тұсында тәрбиеленген адамдар. Егер әке- шешеміз үйде бізге дәстүрлі дінді дұрыстап түсіндірген болса, біз өзімізді адастарған адамдарды тыңдап отырып: «Мынаның әңгімесі біздің әке- шешеміздің немесе мектептің үйреткен исламымен үйлеспейді ғой» деп ойланар едік. Біз рухани азық іздедік, діни тұрғыда аш болдық, дінді өзімізше жақсы ұстанғымыз келді. Айналып келгенде не болды?

Б:   — Біз түрмеде отырғанда  Алматы, Астана қалаларының және Оралдағы теологтар бізбен жұмыстанды. Білімі бар оқыған мамандар   шынымен адасқанымызды дәлелдеп берді. Талай кітаптарды оқыдық, дінді терең біліп шықтық. Болашақта Қазақстанның еңбек сіңірген азаматы болсақ деген арманымыз бар. Жоспарымыз көп. Үкімет бізге оң көзбен қарап, түзеді,  қатарға қосты. Енді бізде сол сенімді ақтасақ деймін. Бастысы-  әке- шешемді, бауырларымды жылатпай, қадірлей білгім келеді.

      — Болат, үйлену ойыңызда бар ма?

Б:  — Әзірге жоқ. Маған алдымен аяққа тұру керек, әке-шешемнің мойнында несиесі бар, соны жабуым керек. Екі жерден жұмыс таптым, кәсіппен шұғылдану үшін жер алдым. Жалпы жақсы күнге деген жоспар мол.

Ж:  — Жастар ең бірінші әке-шешесін тыңдасын. Әке-шеше қандай жағдай болмасын баласына жамандық тілемейді. Кезінде әке-шешеміз ақыл айтқанда, «Туу, мама, қойшы, туу, папа қойшы, өзім білемін» деп беттерін қайтардық. Оларды жерге қараттық, ендігі арманым — олар еңсесін көтеріп жүрсе екен. Сол үшін қолымнан келгенді істеймін. Орыстар: «Ақылды адам біреудің, ал ақымақ өз қателігінен сабақ алады» дейді. Жастар біздің осы қателігімізден үйренсін. Кезінде жастарға мысал ететін біз сияқты адамдар шықпады, бізге ақыл айтқан адам болмады.

      — Жарқын, сіздің болашаққа қандай жоспарыңыз бар?

Ж: — Мен университет бітірдім, алайда жұмыс істеуге уақыт болмағанын өзіңіз біліп отырсыз. Мамандығым бойынша еңбек етемін. Адасып жүріп адамдардан жырақ кеттік, дос- таныс, құрбылармен араласпай қалдық. Енді ел қатарлы адамдармен араласып өмір сүргім келеді. Әке-шешемнің үмітін ақтаймын. Әрине, жоспарларым көп.

Б:  —Біріншіден, Үкіметке алғысымыз шексіз.  Түрмеде отырғанда көзімізді ашып, шындыққа көзімізді жеткізді. Өмірге қайта оралғандай болдық.

Ж:  — Әрине, біздің осындай жетістікке жетуімізге, психологиялық тұрғыдан түбегейлі өзгеріп, жан- дүниеміздің түлеуіне дін мамандары, құқық қорғау, ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері зор еңбек сіңірді. Барлығына алғысымыз шексіз. Ал жастарға айтарымыз, біздің тағдырымызды қайталамай, ертерек ойлаңыздар!

— Әңгімелеріңізге рахмет!      

 

Сұқбатты жүргізген  Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ

 

 

 

Scroll To Top
http://srealt.comhttp://otellook.com