Калькулятор расчета монолитного плитного фундамента тут obystroy.com
Как снять комнату в коммунальной квартире здесь
Дренажная система водоотвода вокруг фундамента - stroidom-shop.ru
Home / Мақалалар / Сұхбат / «Ең әуелі орамалды емес, иман мәселесін насихаттау қажет»
«Ең әуелі орамалды емес, иман мәселесін насихаттау қажет»

«Ең әуелі орамалды емес, иман мәселесін насихаттау қажет»

Фирдоуси ауылындағы орамал дауы  

ҚР Білім және ғылым министрлігі 2016 жылы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесіне бағынбаған Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы  А. Фирдоуси атындағы жалпы орта мектепте 3 қыркүйектен бастап бірыңғай мектеп формасын сақтамаған оқушыларға  мектепке кіруге тыйым салынғаны белгілі.  Орамалын шешпеу себепті үш күн бойы сабақтан қалған оқушылардың ата-аналарына айыппұл салу шаралары да жүргізіліп жатыр.  Мектепке орамалын шешіп барудан  бас тартқан 13 оқушы қыздың ата-анасына бес айлық есептік көрсеткішке (бір айлық есептік көрсеткіш – 2405 теңге) тең айыппұл салынған. 

Аталмыш мектепте 700 оқушы білім алады.  Соның 371-і – қыз балалар. Олардың барлығы мектепке орамал жамылып  келіп жүрген. 4 қыркүйек күні 1-4-сыныпта оқитын қыздардың барлығы мектеп формасына ауысқан. Жоғары сыныпта оқитын 165 қыз бала бірыңғай мектеп формасын сақтап, сабаққа қатысып отыр. Ал мектеп формасын сақтамаған 60 оқушымен мамандар жұмыс жүргізіп жатыр.

Мектеп директорын қорқытқан

   Мектеп ережесін сақтауды талап етіп, сабаққа қыздарды орамалмен кіргізбеген Фирдоуси атындағы мектептің директоры Жанар Мамыроваға қоқан-лоққы жасалды.

Директордың айтуынша, министрдің бұйрығы бойынша қыздарды орамалмен мектепке кіргізбегені үшін  кейбір ауыл тұрғындары оған қоқан-лоққы көрсетіп, қорқытқан. «Мені оқушы қыздарға орамалын шешкізгенім үшін айыптайды. Ұялы телефоныма белгісіз нөмірлерден «Орамалды шешкізгенің үшін атып кетеміз» деген xаттар түскен соң полицияға арыздандым», — дейді директор.

Директордың арызы бойынша Қылмыстық кодекстің «Қорқыту» бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз xатшысы Салтанат Қаракөзова мәлімдеді.

 Адам өлтіру туралы Құран не дейді?

«Кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы  ішінде мүлде қалатын Тозақ болады. Сондай-ақ Алла оған ызаланады, лағынеттейді және зор қинау әзірлеп қояды» деді (ән-Ниса 4: 93).

Абдулла ибн Омардың, Алла оған және оның әкесіне разы болсын, сөздерінен жеткен хадисте  Пайғамбар былай деді: «Бізге қару көтерген – бізден емес». Әл-Бухари 6874, Муслим 161.  

 Хазіреті Пайғамбардың осы  сөзі адам баласы өмірінің қорғалуы маңызды екендігін нық білдірген. Ислам діні бойынша тіпті соғыс кезінде де мұсылманның дұшпанды өлтіруге құқығы өте шектеулі. Балалар, әйел, қарт адамдар, дінбасы  және соғысқа қатыспаған бейбір тұрғындардың өлтірілуіне тыйым салынған. Біздің асыл дініміз – ислам тіпті соғыста қолға түскен тұтқындардың да өмірін сақтаған.

Ендеше, өздерін діндар санаған  фирдаусилік ата-аналардың мектеп директорын «атып кетеміз» деп қорқытуын қалай түсінеміз? «Сонда олар Аллаға, Құранға қарсы шығып тұр ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Егер олай болса, олардың мұсылмандығы қайда қалды?! Екіншіден, олар  қазақ елінің зайырлы мемлекет екеніндігін, еліміздің әр азаматы мемлекеттің заңы мен бекітілген ережесіне құрметпен қарауға және орындауға тиіс екендігін біле тұра, мемлекетті мойындамай отыр емес пе? Ал Қазақстанның заңдары мен ережелерін мойындамау заңмен жазаланады.

Сот қамауға үкім етті

Ақтөбе облысында мектепте сабақ кезінде қыздарынан орамалды шешуге қарсы болған үш ер адам әкімшілік қамауға алынды.

14 қыркүйекте Ақтөбеде  мамандандырылған әкімшілік сотта ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі бойынша 3 ер адамға қатысты сот ісі қаралды.  Сот мектеп формасы ережесін сақтамау да қоғамдық тәртіпті бұзумен тең деп бағалады.  Сот шешімімен ереже бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамауға алынды. «Екі ер адам үш тәулікке, ал біреуі бес тәулікке қамалады» дейді облыстық соттың баспасөз қызметі.

 

Маман не дейді?

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ,

исламтанушы, ғалым, PhD докторы

 

Уықсыз шаңырақ көтеру- бос әурешілікпен тең

 

Алла Тағала әрбір жаратылысқа өзіндік ерекшеліктер тарту еткен. Әйел адамның қоғамдағы, жанұядағы орны, жалпы болмысы, тәні ер адамдарға қарағанда мүлдем ерекше. Әйел адам осы ерекшеліктерін қорғай білген кезде ғана қоғамдағы биік мәртебесін сақтай алады. Әйел адам өзінің аналық мейірімімен, күйеуіне деген ізеттілігімен қымбат. Ол осы қасиеттерімен әрдайым жоғары тұрады. Осы тұрғыдан алғанда, орамал тағу, ұзын киім кию – әйел адамның нәзік болмысы мен әдемілігін бөтен адамдардың арам пиғылынан, сұқ көзінен сақтайтын бірден-бір қорған. Әрі әйел затын мейірімділік, нәзіктік, ар-ұяттылық сияқты тағы басқа әйелге тән асыл қасиеттерімен танытар нышан. Әйелдердің басын жауып, ұзын киім киюі – Құранның тікелей бұйрығы.

Құранда әйел адамның киетін киімінің нақты формасы айтылмаған. Тек әйел баласы өзінің дене бітімін қатты кескіндемейтіндей кеңдікте, жүзі, екі қолы, тобықтың төменгі жағынан тыс басқа барлық жерлерін жабатындай кез келген киім үлгісін таңдап кисе болғаны. Бұл шарттар орындалғаннан кейін сәнді әрі өзіне жарасымды жалпы эстетикаға сай киім киюге ислам діні қарсы емес.

Сауд Арабиясы мен Ирандағы әйелдер сияқты қара киіп жүру үрдісі барша мұсылмандарға парыз киім үлгісі емес. Ондай киім үлгісі олардың өз әдет-ғұрыптары мен қоғамына қарай таңдалған.

Сондықтан Құран өлшемдерінен шықпау шартымен әр қоғам киім үлгісін өзінің менталитеті мен әдет-ғұрыптарына, заманына қарай әрі өмір сүрген жерінің климатына ыңғайлы етіп таңдай алады. Мысалы, қазақ жерінің әр өңіріне тән әйел кимешегі болған. Тіпті әйелдердің жас ерекшеліктеріне қарай кимешек үлгілері тігілген. Ата-бабаларымыз «Ғұрпымызда орамал тағу жоқ» деп, Құран қағидасына қарсы шықпаған. Керісінше, оны ғұрпымен сабақтастырып, ою-өрнегімен көркемдеп, өзінің төл киім үлгісіне айналдыра білген. Бүгінгі таңда да Құран өлшемдеріне әрі заман талабы мен ұлттық түсінігімізге сай әр түрлі киім үлгілерін тігуге неге болмасын? Осылай істер болсақ, бәлкім, «орамал тағып, ұзын киім кию – ананың, мынаның ұлттық киімі» дегендей таяз түсініктерден арылар едік.

Міне, сондықтан әйел адамға ашық-шашық киінбеуді ислам оны төмен санағандықтан емес, қайта оны қорғау, абырой-беделін көтеру мақсатында бұйырған. Әйел өзінің орамалымен көрікті. Жарасымды ғып ұзын киінуімен ибалы. Қазақтың «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деуі де бекер емес. Күнделікті өмірде біз құнды, асыл заттарды қоғамдағы бұзық ниеттілердің арам пиғылынан қорғаудың сан түрлі жолын іздейміз. Ендеше, әйел заты да құндылардың құндысы, асылдардың асылы, нәзіктердің нәзігі. Олай болса, оның да жат адамдардың алдында ашық-шашық жүргені құптарлық емес.

Мәселенің тағы бір маңызды жағы – діни сауаттылығы төмен қоғамға ең әуелі орамалды емес, иман мәселелерін, сенім негіздерін насихаттау қажеттілігі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ең әуелі орамалды емес, иман мәселелерін кеңінен түсіндірді емес пе? Иман мәселесі шешілген қоғамда исламның кез келген тыйымдары мен бұйрықтарының да оп-оңай шешілері сөзсіз. Иманнан бұрын орамалды насихаттаудың уықсыз шаңырақ көтермек болған әурешілікпен тең болары сөзсіз.

Садық ШЕРІМБЕК 

(фэйсбуктағы парақшасынан)

  Баласына зорлап дін қабылдатуға ешкімнің қақысы жоқ

Орамал мәселесі бүгін ғана болып отырған жоқ қой. Егер қазір шешілмесе, әрі қарай үлкен мәселеге айналады. Алты жасар қызды орамалмен қаптап мектепке жіберудің логикасын ұғына алмай-ақ қойдым. Дәл сол қыздарын мектепке орамалмен жіберетін ата-аналар барып тұрған эгоист һәм балаларын еш ойлағысы келмейтін адамдар деп есептеймін.

Өзіңіз ойлап қараңыз, бүкіл мектептегі қыздардың шашы ашық жүреді. Олардың көбі діни мәселелерден хабары да жоқ. Сыныпқа басы оранған өздерімен қатар қыз кіріп келеді. Не істейді ол балалар? Әрине, ол орамалды қыздан алыс жүретін болады. Оның үстіне, үйіне барып болған жағдайды айтса, кәдімгі қыздардың әке-шешелері «Ойбай, жолама ондайларға» дейді. Нәтижесінде, енді ғана мектепте барған кішкентай қыз қоғамнан оқшауланып, өзін бөтен сезініп, депрессияға ұшырай бастайды. Ал ол кезең балалардың қалыптасу кезеңі екенін ескерсек, әлгі қыздың болашағы қандай боларын ойлай беріңіз. Ол қыз болашақта ешкіммен араласпайтын болады. Есейген кезде қоғам оны қабылдағанымен, баланың санасында қалған комплекс пен реніштің соңы неге апаратынын есептеп көріңіз…

Медреседе оқып шыққан соң, есейе келе, көпшілік сыныптастарымызбен жолығып көрдік. Соның барлығы да кезінде максимум тақуалыққа ұмтылған жастар еді. Бірақ сол қысымнан шыққан бойда бәрі өзгерді. Сіздерге айтайын, үлкен өмірге қадам басқан кезде сол кезеңдегі діндар балалардың ішіндегі қысым көріп өскендері ең «қуып кететіндердің» қатарында болады. Кәдімгі жастар жасауы мүмкін күнәларды он еселеп жасап, іштей жарылады.

Ешкім өз баласына зорлап дін қабылдатуға қақысы жоқ. Дін әр адамның ақылы толысып, саналы түрде қабылдауы яки қабылдамауы тиіс нәрсе болуы керек.

Сондықтан мектепке орамалсыз кіргізу – мемлекеттің қылмысы емес. Мектепке орамалмен жіберу – ата-ананың қылмысы. Һәм ол үшін жауап беруі тиіс сол ата-аналар.

Әрине, барлығымыз ұрпақтарымыздың болашағы жарқын болуын һәм адами қалыптан таймас ізгі жандар болып қалыптасуын қалаймыз. Дегенмен тәрбие деген бір тұтам орамалмен берілмейді. Ол – адамның санасында берілетін, қалыптасатын экосистема. Өздері әлі өмір көрмей, болмысы жай ғана діни романтикаға ұшыраған ата-ананың ақымақтығынан жас балалардың өмірі бұзылмасын!

 

Базаркүл ҚАЛБЫР

 (фэйсбуктағы парақшасынан)

Əйел болғанда ғана ақ орамал тақты

Сонда өзіміздің  ұлттық салт-дәстүрді ұмытып кеткеніміз жөн бе? Неге əйелдің басына жабысып қалдыңыздар? Онан өзге  мәселе  жоқ па? Сол оранып жүргендеріңіз талақ болып қалып жатқан жоқ па? Əрине, дəл қазір қыздарымыз қысқалау киіп жүргені рас. Соны тізеден төмен етіп кигізсе, ал жас қыздардың басын бүркеудің қажеті жоқ. Ата-бабамыз ұстанған жолмен жүргеніміз жөн. Қыздың шашын жапқан жоқ. Əйел болғанда ғана ақ орамал тақты. Жүректе иман мен мейірім болмаса, оның бəрі бекер. Сонан соң ерлердің нəпсіқұмарлығын тыю мəселесі неге сөз болмайды? Қыздың шашы мен тізесін көрсе, нəпсісін тия алмай қалатын  еркек қандай адам баласы? Ол – ақыл-есі бүтін адам емес, мал ма, өзіне ие бола алмайтын? Мектепте, отбасында кішкентай кезінен ұлға қыз баланы сыйлауды үйрету керек. Мұны діни жолмен емес, мемлекетіміз, идеология қолға алғаны дұрыс.

Өзіңіз ойлаңызшы, кіп-кішкентай періште қызды 6-7  жасар кезінен орап қойғандарды көріп жүрміз. Сонда еркек сол титтей қызға бұл əйел деген көзқараспен қараса, бұл оның санасыздығы емес пе? Яғни ол еркектің өзіне ие бола алмайтын хайуаннан айырмашылығы қайсы? Неге ер-азаматтар саналылыққа, имандылыққа шақырылмайды? Əйелді бүркеген елдерде əйелдерді барынша сыйлап жатыр ма? Көптеген қорлық пен зорлық көріп жатқан жоқ па? «Секс-жихад» дегенді өмірі естімеген едік…

Неге ғылымы да, өркениеті де дамыған Жапония сияқты елден үлгі алмасқа? Қазір ерлеріміздің аңдығаны білім мен ғылымды игеру емес, əйел затының етегі мен шашы болып кеткеніне таң қаласың… Адамның сырты емес, іші рухани бай болса, небір сұмдық оқиғалар болмас еді… Өз қазағына жаны ашыған азамат жастардың тек білім мен ғылыммен айналысуына, өз ұлттық бітім-болмысымызды сақтауымызға бар күш-жігерін салады. Ырым-тыйымдардың өзі нағыз қазақ ұлтына лайық етіп тəрбиелей алады. Ата-бабамыз сол жолмен жүрді, біз де сол жолмен жүрсек қана ұлттығымызды сақтап қала аламыз.

 

  Ұлдай САРИЕВА,

Орал қаласы

Scroll To Top
http://srealt.comhttp://otellook.com