Калькулятор расчета монолитного плитного фундамента тут obystroy.com
Как снять комнату в коммунальной квартире здесь
Дренажная система водоотвода вокруг фундамента - stroidom-shop.ru
Home / Ислам ғылымдары / Фиқһ / Зекет – бес парыздың бірі
Зекет – бес парыздың бірі

Зекет – бес парыздың бірі

Дінбүкіл әлемдерді жаратушы Алла тағаланың адамзатты екі дүниеде де шынайы бақытқа жетелеу үшін жіберген иләһи ережелер мен қағидалар жиынтығы болып табылады. Сол себепті, ислам дінінің тыйған тыйымдары — адам мен қоғамды ластық пен жамандықтан қорғау үшін болса, әмір еткен парыздары — кейде тікелей, кейде жанама түрде қоғамдық тепе-теңдікке, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа, адами бақытқа апаратын негізгі жол.

Ислам діні – қазақ қоғамының ел болып қалыптасу тарихи кезеңінен санасына сіңіп, жүрегіне терең тамыр тастағаны соншалық, біздің салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз діни қағидалармен етене қайнасып кеткен. Ата-бабаларымыздан келе жатқан асыл дініміз тәуелсіздік жылдарымен қатар ел арасында қайта түлеп, қоғам ақиқатты іздеп, діни сауатты арттыруға,  үйренген білімімен амал етуге талпынуда. Исламның басты парызы бесеу болса, соның бірі — зекет туралы көпшілік арасында толық ақпарат әлі де жеткіліксіз. Зекет —  намаз, ораза сияқты әр мұсылманға (нисабы жетіп тұрса) міндетті ғибадат екенін білгеніміз абзал.

«Зекет» сөзінің мағыналары — тазалау, арту, көбею дегенді білдірсе, діндегі мағынасы — белгілі адамдардың өз мүліктерінің белгілі мөлшерінің, берілуі тиіс жерлерге бөлінуін білдіреді.

Зекеттің мұсылман қауымға парыз болуы Мәдина дәуірінде, хижреттің екінші жылына сәйкес келеді. Құранда зекет парыз ғибадаты ретінде отыз жерде айтылса, оның жиырма жетісінде намазбен қатар айтылады. Мұның өзі бір жағынан зекеттің намазбен тығыз қатынасын білдірсе, екінші жағынан оның намаздан кейінгі үлкен парыз екендігін көрсетеді.

 

Зекеттің адам мен қоғамға берер пайдасы:

 

1) Алла Тағала Құранда өзінің әмірлері мен тыйымдарына бойұсынған құлдарын жәннатпен сүйіншілеп, мейіріміне бөлейтіндігі турасында уәде еткен. Ал, сондай әмірлердің бірі – зекет екені даусыз. Сонымен қоса, зекет – күнәлардың кешірілуіне себеп болатыны да Құранда айтылған: «Олардың малдары көбейіп және өздері күнәлардан тазалануы үшін мұсылмандардың малдарынан садақа ал» («Тәубе», 103).

2) Қоғамдағы бай мен кедейдің арасындағы байланысты жақсартып, бауырмалдыққа тәрбиелеуде де зекеттің маңызы зор. Кедейлерге мейірімділік танытып, жағдайларына қарасқандықтан, кедей де байларға құрметпен қарап, олардың дүние-мүліктеріне сұқ көзденбейді. Бүгінгі таңдағы әлемнің түкпір-түкпірінде белең алып жатқан көтерілістер мен төңкерістердің түбінде қоғамдық топтардың бір-біріне деген ашу-ызасы, реніші жатқанын ескерсек, сондай құбылыстардың алдын алуда да зекеттің маңызы айқындала түсетіні сөзсіз.

3) Зекет  капиталдың тек қана байлардың арасында айналып тұратын күш болуына бөгет жасайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.ғ.) «Зекет–Исламның көпірі» деп, әлеуметтік өмірдегі табиғи түрде бай, кедей деп бөлінудің зекет арқылы бір дастарқан басына жиналатындығын ишарат етуде.

4) Адам баласының бойында дүние-мүлік, байлыққа деген қомағайлық пен қанағатсыздық және байлығымен басқаларға тәкаппарлану, паңдану сияқты жаман сипаттар болуы мүмкін. Зекет ғибадаты адамды осы өзімшілдік, сараңдық, дүниеқорлық, тәкаппарлық сияқты жиіркенішті қылықтардан сақтап, кішіпейілдік, жомарттық және кеңпейілдік сияқты жақсы сипаттарға тәрбиелеп, баулиды.

5)    Зекет қоғамдағы жарлы-жақыбайлардың тұрмысының жақсаруына ықпал етіп, мемлекеттің әл-қуатының артуына септігін тигізеді.

6)    Зекет пәле-жаладан, апаттан, ауру-сырқаудан сақтайды. Байлықтың құрып кетуіне тосқауыл болып, берекесін арттырады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, тілейтін дұғаларыңмен бастарыңа келетін пәлелерді қайтарыңдар» деген хадисі осыған дәлел.

7)    Зекет  қоғамдағы ұрлық-қарлық, алдап-арбау, адам тонау, кісі өлтіру сияқты жаман әдеттердің кеңінен жайылуына бөгет болады. Мұқтаж адамдардың өмір сүрулеріне керекті материалды көмек зекет сияқты заңды жолмен қамтамасыз етілгендіктен, қоғамдағы аталмыш болымсыз кереғар көріністер өздігінен тоқтайды.

8)   Экономикалық тұрғыдан алғанда, зекет, адамдарды өз қаржыларын бір жерде жинап қоймай, ел экономикасына айналымға салуға итермелейді. Себебі, қолдағы саудаға қатысты мүліктің (қаржының) қырықта бірін беру тиісті болғандықтан, ол байлық жылдан жылға азаяды, сондықтан оның иесі үшін оны айналымға салып, жұмыс істетуі тиімді болмақ. Ал, қолда жиналған егіншілік өнімдерінің онда бірі зекет ретінде алынуы, азық-түлікті бір жерге жинап қоюдың алдын алу үшін өте тиімді шара.

Бұл, бір жағынан, Ислам дінінің бір адамның жеке басының пайдасы емес, тұтас қоғамның, халықтың пайдасы мен өркендеуін, сол арқылы әрбір тұлғаның да өсуін көздейтіндігіне жақсы бір дәлел бола алады. Мал мен мүліктің шынайы иесі Алла тағала, оны адамдарға пайдалану үшін беретіні сөзсіз. Сондықтан ондай байлыққа ие болған адам оны пайдаға асырып, басқалардың да игілігіне қолдануы қажет. Ал, өйтпейді екен, байлықты шоғырландырады екен, онда оның бір бөлігін мұқтаж адамдарға, кедейлерге таратуы тиіс. Өйткені зекет сол зекетті алуға құқы бар адамдардың Алла тағала бекіткен заңды ақысы.

Зекеттің берілетін орындарын Алла Тағала «Тәуба» сүресінің алпысыншы аятында тағайындап білдіреді: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер): кедей-кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге, зекетті жинауға тағайындалған адамдарға (жалақы ретінде), көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға), құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Алла жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Алла тарапынан парыз етілді». Бұл аятта айтылған сегіз топты былай түсіндіруге болады: 1)-2) Пақырлар мен міскіндер: бұл жерде пақыр деп нисап мөлшеріне жететін байлығы жоқ адамдарға, міскін деп түгі жоқ адамдарға айтылады. 3) Зекет жинауға тағайындалған арнайы адамдар: зекеттің жиналуы, сақталуы, есептеліп, лайық адамдарға таратылып, тапсырылуы сияқты жұмыстар үшін тағайындалған адамдар. Бұларға зекеттен белгілі мөлшердегі төлем, еңбектерінің қарымына орай жалақы ретінде берілгендіктен, тағайындалған адамдардың бай болулары зекеттен белгілеген мөлшерін алуларына бөгет емес. 4) Муаллафату-л қулууб: мұсылман болу бақытына әлі кенелмеген кейбір адамдардың жаманшылығынан сақтану үшін және Ислам дінін жаңадан қабылдаған иманы әлсіз адамдардың, тіпті әлі Исламды қабылдамаған кейбір адамдардың көңілін жібіту үшін Пайғамбарымыз (с.а.у.) кедей болсын, ауқатты болсын, оларға зекеттен белгілі мөлшер беріп отырған. 5) Құлдар: қожайынынан азат болу үшін белгілі ақшаға келіскен құлдарға зекет беріледі. Міне, бұл Ислам дінінің құлдарды азат ету жолында жұмсаған еңбектерінің бір көрінісі. 6) Қарызға батқандар: Пақырға зекет бергеннен гөрі қарызынан қиыншылық көргендерге зекет беру – абзал. Өйткені, қарызынан құтылу – қарызы бар үшін басты міндет. 7) Алла жолында: бұл топқа Алла ризалығы үшін ілім іздеушілер, Алла Тағаланың дінін қорғау және жастарымызды имандылық, адалдық, адамгершілік, әділдік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелеу үшін, жалпы қоғам пайдасына шешілетін қайырлы істер кіреді. 8) Қаржылары бітіп, жолда қалғандар: бұларға негізгі тұрғылықты жерлерінде ақшалары барлар жатады, яғни, бай болса да оларға зекет беріледі (қажылар, ілім ізденушілер, т.б. сияқты).

Қазіргі кезде шешімін таппай жатқан көптеген әлеуметтік, қоғамдық мәселелердің түйіні, шынайы мұсылман қоғамында зекет институты арқылы өздігінен шешіліп отырғаны бүгінгі ұрпаққа сабақ боларлықтай. Өйткені, Жаратқанның (түбінде адамның өз пайдасы үшін) адамға жүктеген үлкен ғибадаты – зекеттің жеке тұлғаларға беретін сансыз сауабы, осы дүниедегі береке мен рухани ләззатынан,  ақыретте күтетін шексіз нығметтерден бөлек, тұтастай қоғамға берер пайдалары да өте көп екені аян

Бақтыгүл  БАЙҒАЗИЕВА,

Нәжиден Батырұлы мешітінің  ұстазы,

Орал қаласы

Scroll To Top
http://srealt.comhttp://otellook.com