Калькулятор расчета монолитного плитного фундамента тут obystroy.com
Как снять комнату в коммунальной квартире здесь
Дренажная система водоотвода вокруг фундамента - stroidom-shop.ru
Home / Мақалалар / Ғибратнама / Мұсылман адамның қиыншылықтар мен ауру-сырқауларға сабырлық танытуы
Мұсылман адамның қиыншылықтар мен ауру-сырқауларға сабырлық танытуы

Мұсылман адамның қиыншылықтар мен ауру-сырқауларға сабырлық танытуы

Әлемді жоқтан бар еткен Алла Тағалаға шексіз мақтаулар мен мадақтаулар болсын және адамдардың асылы, пайғамбарлардың соңғысы Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауаттар мен сәлемдер болсын.

Адам баласын Алла Тағала көптеген нығметтермен безендіріп, барлық жағынан көркем бейнеде етіп жаратқан. Қай жағынан алып қарасақта ерекше құндылықтарға ие адам баласы бейне бір осы әлемнің халифі, басшысы, ең негізгі жаратылыстың мақсаты деп еріксіз түрде айтуға мәжбүр боламыз. Себебі адамзаттан өзге жаратылыстарда бізде болған қасиеттердің еш бірі жоқ. Біз қуанамыз, жылаймыз, ойлаймыз, сөйлейміз тағы басқа сезімдерге иеміз. Алайда кей жағдайда қазіргі қоғам қауымына қарасақ адамдардың көпшілігі өз құндылықтарын жойып, өмірге келген мақсатын ұмытып, жалған дүниеге мас балып, мінездері өзгеріп нәпсінің жетегінде кетіп бара жатыр. Жүрекке батқан бұл ащы ақиқат бізді қандай жар тасқа соқпақ,  қандай құздан құлатпақ. Туысқандар ала ауыз боп, дүние үшін бір-бірін жалмап жатқан кезеңде қоғам ішіндегі ақиқатты, адалдықты сүйгіш мұсылман адам қалайша иманына еш дақ түсірместен, қиыншылықтарға қалай төзбек. Оған да жол сілтеп кеткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да осындай заман келетінін білгендей «сабыр,сабыр, сабыр» деп көп айтып кеткен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахих хадисінде: «Мұсылманның қандай да бір ісі таңғаларлық. Қандай іс болмасын ол өзіне жақсылық деп біледі. Егер оған бір жақсылық жетсе, ол Аллаға шүкіршілік айтады. Сол шүкір айтқаны үшін оған Алладан жақсылық болады. Ал егер оған бір қиындық жетсе, сабыр етеді. Сол сабыр еткені үшін оған Алладан жақсылық болады», – дейді (Имам Мүслім). Мұсылманның кезкелген жағдайда бір қалыпты, еш уайымдамай, қиыншылықтар мен ауыртпалықтарға төзетінін және ол мұсылманның ең негізігі қасиеттерінің бірі екенін айтып кеткен. Сабырға қатысты аяттар мен хадистер көп бола тұра көп жағдайда амалға аспай жататыны белгілі. Қиыншылық лебі ескен сәттен-ақ, көңіл күйіміз қашып, төбемізге бұлт үйіріп, жүктің бәрін өзімізге ғана артқандай күй кешеміз. Кейде Алла Тағалаға тікелей шағым айтпағанымен, іс-әрекетімізбен, хал тілдерімізбен айтып жатамыз. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде айтпады емес пе: «Әрине сендерді қауіп-қатер, ашаршылық, және малдардан, жандардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед с.ғ.с. сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр!» (Бақара 155). Онсызда өмір сынақтың үстінде ағып жатыр. Сынақ, қиыншылық, қайғы болмай адамдар арасында имандылық дәрежелері білінбейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құдси хадисінде де: «Жәннат қиыншылықтармен көмкерілген, тозақ ләззаттармен көмкерілген» деп келген. Демек кез келген ауыртпалық Алла Тағаланың сыйы, ризашылығы, сабыр ету арқылы жәннатымызға керекті сауаптарға ие еткізетін бір себеп.

Ал қазіргі кездегі көпшілік мұсылман адамдар осының бәрін ұмытқан, сабырсыз, уайымшыл болып келеді. Алла Елшісінен сахих жолмен жеткен мына бір хадиске иман етіп, осы жаман нәтижелерден құтылудың жолы бар екеніне көз жеткізсек: «Қолымда тағы бір игілік болса сендерден әсте аямаушы едім. Кім сұраудан ұялса, Аллаһ оның жанын пәк етеді. Кім қанағатшылық танытса, Аллаһ оны басқаға мұқтаж болудан сақтайды. Кім сабыр етуге ұмтылса, Аллаһ оған сабыр береді. Ешкімге сабыр, даналық және мол игілік берілмеген. (Бухари, Муслим). «Сабыр еткендерге сияпаттар есепсіз беріледі.» (Зүмәр 10) деген аят та да осының аясында иірімін иіргендей.

Сабырмен адам батыр болып кез – келген қиыншылықтарды жеңе біледі. Қазіргі кездегі етегін кең жайып кеткен қоғам дерттерінің бірі суицит те сабырсыздықтан туындаған үлкен қатер. Болмашы бір қиыншылықтардың хикметін түсінбей өз-өзіне қол жұмсау арқылы құтылғысы келеді. Алайда ақырет, сұрау бар емес пе? Бұл өмірдегі қиыншылық о дүниеде шаң тозаңдай ғана.

Сабырлы адам сабыр етуі арқылы Алла Тағаланың мейірімін оятып, көптеген сауаптарға ие болады. Ал мына аятқа қарасақ Жаратушының әр қашан сабырлы адамдарды қолдап, жәрдем беретінін көреміз.

«Ей иман келтіргендер, Аллаһтан сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Аллаһу та’ала әлбетте сабыр еткендермен бірге.»(Бақара 153)

Мұсылман адам сабыр арқылы тек көздеген мақсатына жетуді ғана емес онымен қоса күнәларына кешірім болады деп біледі.

«Аллаһ жолындағы мұсылманның алдынан шыққан әр түрлі мазасыздық, ауру, қиыншылық, қайғы-қасірет тіпті аяғына кірген тікеннің өзі де күнәларының кешірілуіне кәффарат (себеп) болады», делінген хадис арқылы кез–келген қиыншылық еш болып қалмай ма?

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмір жолына қарайтын болсақ сабырлықты танытатын оқиғалар көп. Ол сабырлық нәтижелері қазіргі кездегі жемісі біз көріп тұрған – Ислам діні. Әр адам өмірінде бір нәтижеге жету үшін сабыр сақтау керек. Кішкентай сәбидің өзі жүруді үйрену үшін көп жығылып барып үйренеді. Ілім алу үшін де жаттауға сабырын болу керек. Сол сияқты барлық жетістіктерге жету үшін сабырды қанат етіп, төзімділікпен, ыждахатпен алға қол созу керек.

Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қатты науқастанып қалады. Қызу сондай көтерілген тіпті, әрқашан суық суды маңдайына тигізіп тұрған. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сахабалары (р.а.): «Біз сізден қатты ыстықты байқадық, — дегенде, Алла Елшісі (с.ғ.с.): Ең ауыр қиыншылық шегетіндер пайғамбарлар, сосын одан кейінгілер, сосын одан кейінгілер,» — деп жауап берген. Пайғамбарлар Алла елшісінің ең таңдаулы, сүйікті құлдары емес пе? Демек қиыншылық пен қайғылардың ең қиынын дәреже жағынан жоғарыға тән болмақ. Жоғарыда айтқанымыздай ол ауыртпалықтарға сабыр етіп шексіз сауптарға ие болсын деп берген Алла Тағаланың бір сыйы ісбетті. Олар қиыншылықтардың қарсысына үлкен сыйлықтарға ие болады.Тағы бір оқиғада талып құлама ауруымен ауыратын әйел адам Алла Елшісіне (с.ғ.с.) Иә, Расулулла (с.ғ.с.) менің құлама ауруым бар, Алла Тағалаға дұға қылыңызшы мен ауруымнан жазылғым келеді, — дегенде, Алла Елшісі (с.ғ.с.): Жарайды мен Алла Тағалаға дұға қылайын, бірақ қаласаң осы ауруыңа сабыр етіп жүрсең жәннаттық боласын, — деді. Сонда әлгі әйел адам сабыр етуді тандаған екен. Кейін біраз жылдар өткен соң Омар р.а. халифалығы кезінде Омар (р.а) сахабаларға:  Жәннаттық адамды көргілерің келеді ма? – деп сұрайды. Иә, — деп сахабалар кім екен деп қарап тұрғанда Омар (р.а.): Міне мына жасы үлкен кәрі әйел, себебі Алла Елшісі (с.ғ.с.) оны жәннатпен сүйіншілеген, — деп әлгі сабыр етем деген ауру әйелге көрсетіпті.»

Кейбір адамдар сынақтар мен қиыншылыққа тап болса әр кімге өз мәселесін айта бастайды. Алла Тағала Құран Кәрімінде адамдарды тағы бір нәрсеге үйреткен:« Менің өтінішім мен қайырым тілеуім тек Алладан ғана және Ол ғана өтініш пен қайырым сұрағанға жауап береді» деп сабыр ету. Иә қайырым тек Алла Тағаладан. Және Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисінде былай дейді: «Қайсы бір адамдармен қарым-қатынаста болып, олардың келтірген қиыншылықтарына сабыр еткен  мұсылман адамдармен қарым-қатынаста болмай, келтірген қиыншылықтарына сабыр етпеген мұсылман адамнан жақсырақ». Құрметті мұсылман қауым сабырлық деген сезімімізді жоғалтпай әр қашан Алланың әмірін орындап, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне берік болайық.

Адам өзін сабырға үйрете алама? Адам өзін кез келген жақсы ахлаққа үйрете алады, тек Құранда сабырлыларды сүйіншілеген аяттарды көп оқып, соған қызығу және сабыр сақтап көп жетістіктерге жеткен, тарих беттерінде оқиғалары қалған адамдардың қиссаларын оқып, амал істеу. Және қандай да бір қиыншылық келсе сабыр сақтап, егер сабыр сақтай алмай қалсаң, қайтадан тырысып өз-өзіңді соған бейімдеу арқылы болады. Сабырлыққа бойын үйренген сайын қандай да бір қиыншылықта жеңілдікті  байқай бастайсын және Алла Тағала мен Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген махаббатың арта түседі. Осы тұста өмір бойы қиыншылық, қайғы басына жаңбырша жауған бір адам туралы жеткен мына құдси хадистерді айтсақ дейміз:

«Қиямет күні Алла Тағала өмір бойы қиыншылық көрген адамды алып келеді де сұрайды: «Сенің жалған дүниедегі өмірің туралы не айтар едің? – деп сұрағанда, ол құл: Мен әрқашан қиыншылық көрумен өттім, — дейді екен. Сонда Алла Тағала періштелерге әмір беріп: Бұл пендеме жәннатты көрсетіндер, — дейді. Жаннаттағы барлық кереметтерді көрген құлынан: Енді не айтасын? – деп Алла Тағала қайта сұраған сәтте, әлгі құл: Мен өмірімде ешқандай қиыншылық көрмеген екенмін, — деп өмірінде басынан өткен барша қиыншылықтарды ұмытып қалады екен». Иә сабыр сақтап басымыздан өткізген барша ауыртпалықтар жәннатта періштелерді таңырқатып, құрметпен бас идіреді.

Қазіргі қоғамда өмір сүріп жүрген мұсылман адам дипрессияға түсіп немесе жүйкесі тозып, көп уайымдағыш болып келсе ол адамның иманында бір ақаулар бар деген сөз. Мұсылман адам ешқашан жүйкесі тозу деген аурумен ауырмайды. Себебі жоғарыда айтылған барлық аят, хадистерге сүйіне отырып кез келген қиыншылықтан жеңіл өтуі керек.  Онсыз да Алла Тағала құлын көтере алатын сынақтармен сынайды. Барлық сынақтардан сүрінбей өту үшін сабырымыз өте қажет әрі ләзім. Сол үшін сабырлы болуымызды Алла Тағала нәсіп етсін.

Оставить комментарий

Scroll To Top
http://srealt.comhttp://otellook.com