Калькулятор расчета монолитного плитного фундамента тут obystroy.com
Как снять комнату в коммунальной квартире здесь
Дренажная система водоотвода вокруг фундамента - stroidom-shop.ru
Home / Жаңалықтар / Дәстүрді мойындамау – дінді мансұқ етумен тең
Дәстүрді мойындамау – дінді мансұқ етумен тең

Дәстүрді мойындамау – дінді мансұқ етумен тең

Қазақ даласында ғұмыр кешкен түркі жұртының ислам дінін қабылдағанына он екі ғасырға жуық уақыт болды. Осынау заман тоғысында олар ислам дінін тек қабылдап қана қойған жоқ, оны ғылым мен мәдениетке, дәстүр мен әдебиетке айналдырып, күллі мұсылмандардың өркениетіне өзіндік үлес қосты.

Дінді тек бес уақыт намаз бен оразада ғана басшылыққа алмай, өмірінің әр сәтіне шамшырақ етіп, әр қуаныш пен қайғысына жол көрсетер бағдаршам қылды. Ислам – қазақ даласынан ұлы ғұламаларды дүниеге әкелген дін. Орта Азиядан,  оның ішінде қазақтың сайын даласынан көптеген ғалымдардың шығуы осы сөзімізге дәлел.

Олар ханафи мәзһабын одан әрі дамытып, ақида, фиқһ, көркем мінез бен ислам құндылықтары саласында құнды еңбектер жазды. Сол еңбектерді ақтарып, беттерін парақтасаңыз, шариғатты негізге алған ғалымдардың дәстүрді дәріптеп,  шариғат негіздеріне (принциптеріне) қайшы келмейтін болса оны басшылыққа алып, соның негізінде көптеген үкімдер шығарғанын байқау қиын емес.  Қарапайым халық олардың діндегі сүннет, мұстахат, уәжіп екенін білмеуі мүмкін. Бірақ, әр салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың негізі қасиетті Құраннан, қастерлі хадистерден бастау алғанын зерттей отырып көз жеткізуге болатыны шындық.

Аллаға шүкір! Тәуелсіздік алдық. Егемен ел болдық. Жеріміз, халқымызбен қоса дініміз де азаттық алды. «Сәждеге бас қоятын қайда күнім?» деп арман еткен қараша халық жайнамаздарымен достасып, емін-еркін, қысылмастан Аллаға құлшылық ете бастады. Тәуелсіздігіміздің осынау ширек ғасырында кешегі кеңес кезінде жоғалып, ұмытылуға шақ қалған рухани құндылығымызды біртіндеп түгендеп жатырмыз. Дін мен дәстүр сабақтастығы аясында ағартушылық бағытта кітаптар жарыққа шығып, зерттеулер жасалып, ғалымдар тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Біздің салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз  ислам дініндегі құндылықтармен синкреттелген, біте-қайнасып, сабақтасып кеткен. Кез келген мәдениетіміздегі құндылықты, салт-дәстүрді алып қарасақ діннен негізін табамыз. Оған дәлел іздеп, том-том кітап ақтарудың қажеті жоқ. Бұл біздің қазақы тәрбиемізден көрініп-ақ тұр.

Ата-ана разылығы, үлкенді сыйлау, қонақ күту, көрші ақысы т.с.с. мыңдаған дәстүрлеріміздің негізі – Құран мен сүннет. Себебі, ислам діні ұлттық ерекшеліктерді жоюға, әрбір тілдің табиғи заңдылықтарын мансұқ етуге мүлде шақырған емес әрі шақырмайды да. Керісінше, әрбір елдің өзіне тән жағымды әдет-ғұрыптары мен қалыптасқан заңдылықтарының сақталуына ерекше мән берген.

Дәстүрді мойындамау – дінді мансұқ етумен бірдей. Әлбетте, «дәстүрдің озығы мен тозығы бар». Шариғатқа қайшы келетін дәстүр негізге алынбайды. Дегенмен, шариғатқа қайшы келетін дәстүрге қарағанда, қайшы келмейтіндері басым. Оған төменде көз жеткіземіз.

Дегенмен, соңғы кездері дін мен дәстүр тақырыбы өзекті мәселеге айналды. Жастар көптеп дінге бет бұрғанымен, кейбір жас буын өкілдері жастық максимализмге салынып, «мен білеміндікке» еріп, бірден «шейх» атанып,  діннен үкім айтқысы келеді. Құран мен сүннет ұғымын тар ақылға салып, көп нәрсенің байыбына бармай, арам мен адал, күпірлік пен кәпірлік, ширк пен бидғат терминдерін орынсыз пайдаланып, өздері де адасып, өзгелерді де адастырып жатыр.

Жастар тек «айтумен» ғана шектелсе жақсы ғой, онысын түсіндіріп ақылдың тезіне салуға болатын еді. Бірақ, олар айтқандарын амалға асырып, бұрыс түсінікті  өмірлеріне қағида етіп алып, қоғамнан бөлініп, анасының асын ішпей, әкесінің Алланың атымен сойған малынан ауыз тимей, көршісінің алдында міндетін, қонағының алдында әдебін сақтамай, намаз оқымайтындарды жаппай кәпірге санап, өз түсініктерімен келіспейтіндерді тозақы деп, өздері ғана жәннаттықпыз деген оймен жүр. Бұлардың жүгенсіз істеріне тоқтам, ақылсыз түсініктеріне нүкте қою үздіксіз түсіндіру жұмыстарының тоқтаусыз жүріп отыруы арқылы болмақ.

Бұл тақырыпта қалам тербеуіме себеп болған – қазіргі адасып жүрген өзге ағым өкілімен болған әңгіме. Бір «әпендіміздің» менің жағамды ұстатып: «Қазақ халқы надан, Абай ақидада адасқан, Шәкәрім шариғатта шатасқан. Қазақ жеріне шынайы ислам 1991 жылы келді, оған дейін қазақтар мұсылман болған жоқ», – дегенін естіп таңғалғаным бар. Арада ұзақ әңгіме болды. Бірақ, маңызды деген тақырыптарды тілге тиек еткім келеді.

Сәбидің маңдайына күйе жағу

«Көз – жылқыны қазанға, ал адамды қабірге салады» деген ескінің есті сөзін қазақ халқы әуелден-ақ біледі. Бұл сөздің тамыры тереңнен, яғни, дінімізден негіз алып отыр. Себебі, сахаба Жәбир (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Көз – адамды қабірге, түйені қазанға салады» деген хадисін жеткізген екен.

Көз тию ақиқат болғандықтан, бұрынғы адамдар, тіпті, ізгі деген пайғамбарлардың өздері балаларына, өздеріне көз өтіп кетуден қорқып сақтанатын болған. Алла Тағала Құранда Яқуб (Жақып) пайғамбардың (Алланың оған сәлемі болсын ) балаларына айтқан сөздерін былай деп келтіреді:

«Әй, балаларым! Қалаға бір қақпадан кірмей, бөлек-бөлек қақпалардан кіріңдер. Мен сендерге Алладан келгенге көмек бере алмаймын. Үкім ету иелігі Аллада ғана, мен Аллаға жүгініп, Оған ісімді тапсырдым (тәуекел еттім). Біреуге жүгініп, сенім артушылар Аллаға жүгініп, Оған істерін тапсырсын». [«Йусуф» сүресі, 67-аят]

Яқуб пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) неге балаларына «қалаға бір қақпадан кірмеңдер» деді? Құран аяттарын түсіндіретін тәпсір ғалымдары бұл туралы: «Себебі, Яқуб пайғамбардың (Алланың оған сәлемі болсын ) балаларының көптігі, олардың тұлғалық тартымдылығы мен сұлулығы және барлығы да бір-ақ адамның ұлдары болуы – адамдардың көреалмаушылығын туғызып, көздері тиіп кете ме деп қорыққан, алдын ала сақтанған», – дейді.

Шариғатта көз тиюден сақтану жолдары баршылық. Солардың бірі – сәбидің маңдайына (немесе иегіне) қара күйе жағу. Бұның негізі шариғаттан бастау алатынын қазақтар білген. Діни әдебиеттерде келген мәшһүр бір хабарда: «Бір күні халифа Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын) өтіп бара жатып, сүйкімді сәбиді көреді. Кейін: «Көз тимесі үшін мына сәбидің иегіне қарамен түртіп қойыңдар», – деп айтады». [Имам Бағауи «Шарх әс-Сунна» 12/166, ибн Қаиим, «Тыйб ән Набауи», 173-б, «Зәд әл Мә’әд»  4/174]

Сәбиге күйе жағу деген әрекеттің шариғатта негізі бар екен. Рас, Аллаға серік қосу – ең үлкен күнә. Бірақ, «Бір Алла» деп өткен халық ешқашан серік қосуға шақырған емес. Егер солай болғанда жәннатпен сүйіншіленген Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын) сахаба бұл іске бұйырмас еді. Жауынгер соғыста оқтан қорғану үшін сауыт кисе, оған ешкім Аллаға серік қостың демейді ғой. Амал ниетке байланысты. Бұл да осы секілді.

Топырақпен ұшықтау (дем салу)

Үлкендердің әңгімелерінен ұққанымыз – таза жүрмей, қарапайым дұрыс өмір салтын сақтамай, жаза басқан адамға тосыннан ауру жабысады. Оны «ұшынды» дейді. Яғни, жынның әсерінен болған ауруды «ұшыну» деген.

Тіптен, адам моласын, күлді бассаңыз, аяғыңыз ауруы мүмкін. Бұл – сіздің ағзаңыздың шошынып ауруы. Оны емдеу тәсілін «ұшық салу» немесе «дем салу» деп атайды.

Бала құлап бір жерін ауыртып алған кезде үлкен әжелеріміз алақанын немесе саусағын түкіріктеп, топырақпен ауырған жерді сипалап, «түф, түф» деп дем салатын.  Дұғаларын оқып, Алладан шипа сұрайтын. Бұл да сүннетте келген дүние.

Айша анамыздан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әдетте науқасқа: «Бисмилләһ! Турбәту ардина, бириқати баъдина, йушфа сақимунә, би-изни Раббина» (Алланың есімімен! Біздің топырағымыз біреуіміздің түкірігімізбен, науқасымызға Раббымыздың рұқсатымен шипа болады!)» – деп айтатыныны жеткізілген [Бұхари мен Мүслім].

Яғни Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл сөздерді айта отырып, сұқ саусағын түкіріктеп, топыраққа тигізіп, пайда болған лай топырақты ауырған жерге жағатын болған.

Қайтыс болған адамның жетісін, қырқын беру

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  «Шейх, бізге дәлел керек!»

Бұл дәстүр де ежелден келе жатыр. Кейбірі оған шариғатта тікелей дәлел жоқ, бірақ шариғат негіздеріне қайшы емес деп рұқсат берсе, кейбірі бұл амал бидғат, дінде жоқ, олай жасау адасу деп рұқсат бермейді. Ал, негізінен, бұған да шариғатымызда сүйенер негіз, салмақты дәлел көзі бар.

Осы тақырыпта зерттеуші, елімізге белгілі исламтанушы ғалым Абдусамад Қасым былай дейді:

Имам Жәләлуддин әс-Суютый (Алла рақым етсін) (1445-1505 жж) атты ғұлама өзінің «әл-Хәуии лиль Фәтәуә» атты еңбегінде атақты табиғин Таус ибн Қайсаннан (Алла рақым етсін): «Шынында, мәйіттер (қабірге қойылған соң) жеті күн бойы сынаққа душар болады. Осыған орай сахабалар сол күндері мәйіттердің атынан ас беруді ұнамды санайтын», – деген риуаятты жеткізген [Имам Дж. Суютый «Әл-Хәуии лиль Фәтәуә», Имам Ахмад «Зуһд»].

Ал, Убайд ибн Умайр (Алла оған разы болсын) атты табиғиннен жеткен тағы бір риуаятта: «Қабірде мүмін адам мен мұнафық адам сынаққа душар болады. Мүміннің сынағы – жеті күн, мұнафықтың (екіжүзді) сынағы – қырық күн», – делінген [Имам Суютый «Әл-Хәуии лиль Фәтәуә» еңбегі, «Мәбхасул мә’әд» бабы].

Толығырақ қарап шығу: https://islam.kz/kk/questions/aqida-senim/qaitys-bolgan-adamnyn-jetisin-nemese-qyrqyn-berudin-sharigatta-negizi-bar-ma-781/#gsc.tab=0

Яғни, мәйіттің жетісі мен қырқын беруге шариғатта негіз бар деген сөз.

Баланың ақиқасына сойылған малдың мойын сүйегін сындырмау

Алланың берген нәрестесіне шүкірлік айту мақсатында сойылатын малды «ақиқа» деп атайды. Қазақтарда бұл дәстүр «шілдехана» атауымен белгілі. Ал малдың етін «қалжа» дейді.

Туылған балаға арнап, оның атынан ақиқа сою (яғни қой сою) ләзім. Бұл көптеген ғұламалардың айтулары бойынша сүннет амалға жатады, яғни міндет емес. Бірақ орындасаңыз, сауапты әрі баланың өміріне жақсы әсерін тигізеді.

Ал қалжаның еті босанған келінге тартылады. Оның ішінде, әсіресе малдың мойын сүйегі міндетті түрде мүжілуге беріледі. Мұның екі түрлі мәнісі бар. Әйел босанғаннан кейін бүкіл денесі, тістерінің түбі де босаңқырайды екен. Соны бекіту үшін мойын сүйекті мүжу керек.

Тағы бір мәнісі – сәбидің былқ-сылқ еткен мойыны да осы сүйекті таза қып мүжіп, үйдің бір бұрышына іліп қойса, тез қатаяды екен. Яғни, мойын сүйектің қатқанына қарап, баланың мойыны бекігенін білетін.

Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта: «Ақиқа үшін сойылған малдың сүйегі сындырылмайды», – делінген [Имам Ғазали, «Ихья улумуд-дин», 2/67].

Бұл да осы дәстүрдің түбі шариғатқа тірелетініне дәлел.

Ай мен Күнге қарап қол шошайтпау, дәрет сындырмау

Ауылда ата-әжелеріміздің «Айды нұқып көрсетпе», «Ай мен күнге қарап дәрет сындырма» деп жатқанын естейтінбіз. Сол кезде, не үшін олай айтатынын түсінбей дал болатынбыз. Сөйтсек, бұның астарында тақуалық пен әдеп жатыр екен.

Әрине, ай мен күнге қарап дәрет сындырғаннан басымызға жамандық орнайды деген түсінік қате. Жақсылық пен жамандық тек Алладан. Бірақ, бұл жерде мәселе әдеп жағы болып отыр.

Алла Құранда: «Жер мен көктің жаратылуында және күн мен түннің алма-кезек өзара алмасуында ақыл иелері үшін (Алланың бірлігін, барлығын білдіретін) айқын дәлелдер бар» [«Әли Имран» сүресі, 190-аят] – деп нақты баян етілген. Тағы бір аятта: «Күннің айға жетуі мүмкін емес. Және түн де күндізден ілгерлемейді. Әрбірі көкте жүзеді» [«Ясин» сүресі, 40-аят], – дей келе ай мен күннің қасиетіне тоқталады.

Сонымен қатар,  Құранда арнайы жеке дара «Қамар» (ай) және «Шәмс» (күн) атты сүрелердің аталуы да осы сөзімізге дәлел. Аятта айтылғандай, күн мен ай – Алланың барлығы мен бірлігінің белгілері. Оны арабша «Шә’әир» (شعائر) деп атайды.

Алла Тағала Құранда: «Міне, осы. Кім Алланың белгілерін ұлықтаса: күдіксіз ол, жүректің тақуалығынан» [«Хаж» сүресі, 32-аят], – деген.

Яғни, ай мен күнге құрмет көрсетіп, оған қарап саусақ шошайтпау, дәрет сындырмау – тақуалықтан туындаған әдеп.

Кейін әлгі жігіттің маған: «Қазақ сыпырғышты (сыпыртқы) тігінен неге қоймайды? Жатқызып қана қояды. Болмаса жаман болады деп сенеді. Анам да осылай маған қақсалайды. Осы дұрыс па?» – дегені бар.

Мен оған жәй күлімдеп: «Бауырым-ай! Бұл бас қатыратын нәрсе емес қой. Сыпыртқыны тік қойып, сүйесең басы майысып, сыпыруға келмей, пайдасыз болады. Ол қарайған ақша тұрады. Ол пайдаға аспай қалса, жаңасын алу керек. Ақша ысырап болады. Алла Құранда ысырап етуді жек көретінін айтып, тіпті ысырапқорларды шайтанның досына теңеген. Шайтанның досы болып, Алладан алыстау жаман емей немене?», – деп жауап қайтардым. Ол үнсіз қалды…

Сөзімнің соңында мен: «Сен өзіңді намаз оқығаныңа дейін кәпір санадың ба?» – десем,  ол: «Иә», – деп жауап берді.  Мен оған: «Негізі 4 мәзһаб имамдары да аузында кәлимасы бар, Аллаға серік қоспаған, намаз және өзге де міндетті бұйрықтарды парыз екенін мойындаған, бірақ оны жалқаулық не өзге себеппен намаз оқымаған кәпір болмайды деп есептеген.

Тек имам Ахмадтың (Алла рақым етсін) екінші бір көзқарасы бойынша намаз оқымайтын адам кәпір боп саналады. Бірақ бұл көзқарасы әлсіз. Діни әдебиеттерде имам Ахмадтың (Алла рақым етсін) бұл райынан қайтқандығы жазылған. Бұл ұстанымынан қайтуына қарапайым адам емес, ұстазы имам Шафиғи (Алла рақым етсін) себеп болды. Араларында қандай оқиға болғанын айтып берейін бе?», – дедім. Ол келісті.

– Имам Шафиғи: «Уа, Ахмад! Сен ондай адам кәпір болады дейсің бе?» – дегенде, имам Ахмад: «Иә», – деп жауап берді. Сонда әш-Шәфиғи: «Егер ол кәпір болса, ол адамнан қайтадан ислам дінін қабылдау үшін не талап етіледі?» – дейді. Сонда имам Ахмад: «Қайтадан «Лә иләһә иллаллаһ, Мухаммадур Расулуллаһ» деп куәлік сөзін айту арқылы ислам дінін қабылдайды», – дейді.

Әш-Шафиғи: «Ондай болса, куәлік сөзін үнемі тастамай айтып жүретін, бірақ намаз оқымайтын адам қалай ислам дінін қабылдайды?», – дейді. Имам Ахмад: «Ондай адам исламды намаз оқыған сәттен бастап қабылдаған болып табылады», – дейді. Сонда имам Әш-Шәфиғи: «Кәлиманы айтпастан кәпір күйінде оқылған намаз мүлдем есепке алынбайды емес пе? Сол себепті намаз оқуды исламды қабылдаудың алғышарты (себебі) ретінде қою дұрыс болмайды», – деді. Имам Ахмад жауап бермей үнсіз қалды». [Тәжуддин әс-Субки, «Табақат әш -Шәфиғи әл Кубро», 2/61].

Ал сен не айтасың? – дедім. Ол тағы да үнсіз қалды.

Міне, тағысын тағы осылай мысалдарды тізе беруге болады. Әлгі «әпендіме» осы дәстүрлерді шариғатпен сабақтастыра отыра түсіндірдім-ау. Біздің міндет – жеткізу. Ал тура жол – Алладан.

PS: Алла Құранда: «Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам атадан, Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деген.  [«Хужурат»  сүресі, 13-аят]

Яғни, әр елдің өз салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Бір ұлт өзге ұлтты өзіне тән қасиеттерімен (тілі, түр-түсі, салт-дәстүрі т.б.) таниды. Себебі, ислам – әлемдік дін. Жер бетіндегі барлық ұлт өкілдеріне тән сұраныстарына жауап беретін кемел дін.

Бір ережені еске сақтау керек: Ислам дінінде қатаң қағидалар бар. Сол қағидаларға қайшы келмеген жағдайда кез келген ұлттың, елдің салт-дәстүрі құпталады. Қайшы келсе құпталмайды. Әр дәстүрге Құран мен сүннеттен дәлел табу шарт емес. Шариғаттың рухына қайшы келмеуі ғана шарт.

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,

Халықаралық Журналистер одағының мүшесі

Scroll To Top
http://srealt.comhttp://otellook.com