Калькулятор расчета монолитного плитного фундамента тут obystroy.com
Как снять комнату в коммунальной квартире здесь
Дренажная система водоотвода вокруг фундамента - stroidom-shop.ru
Home / Мақалалар / Әйел және отбасы / Заңсыз некенің зардабы
Заңсыз некенің зардабы

Заңсыз некенің зардабы

Соңғы жиырма жыл турасында елімізде дінге деген қызығушылықтың артуы діни сауатсыздықтың салдарынан кейбір отандастарымыздың адасуына əкеліп соқты. Отбасында тыныш, бақытты өмірді қалаған қазағым ұл- қызының намаз оқып, дінге бет бұрғанына алғашқы кезде
қуанды. Намазхан жастардың көбеюімен қатар діни теріс ағымдардың пайда болуы «Намаз оқыса ұлымның иманы мықты болады, жаман істерден аулақ, ата-анасын ренжітпей, түзу жолда жүреді» деген əке- шешенің қуаныштарын су сепкендей басты. Бұдан бөлек Сирия
мəселесі де талай ата-анаға қасірет шектірді…
Құран Кəрім некелесуді əмір етсе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадистерінде: «Некелесіңдер, көбейіңдер! Қиямет күні мен сендердің көп екендіктеріңмен мақтанамын» дейді. Сондай -ақ «Неке қию — менің сүннетім. Сүннетімді тəрк еткен адам менен емес» дегені де бар.
Исламдағы некенің бірінші шарты – ер мен əйелдің некеге отыруға бір-біріне ризашылық беруі болса, екіншісі — неке қиылу рəсіміне отбасынан екі куəгер қатысуы тиіс. Үшіншісі — қызға өзі қалап, сұраған сыйлығын алып беру. Шариғат бойынша осы үш шарт міндетті түрде
орындалуға міндетті жəне неке жария етілуге тиісті.
Алайда бүгінгі қоғамда неке мешітте қиылмай, оның шарттары аяқ асты болу, неке мəселесіне жеңіл- желпі қарау, əйел үстіне əйел алу, үйден жасырын неке қию орын алды.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Жəмила (есімі өзгертілді) осындай заңсыз некеден зардап шегіпті.
Жəмила дінге қалай келді?
-Алғаш исламға келгенде анамның телефонынан Дарын Мүбаровтың орамалдың пайдасы жəне тақпағанның зияны туралы уағызын тыңдадым. Құлағыма жағымды естілді. Уағызды өз телефоныма жазып алып, тыңдап жүрдім.
Алайда намаз оқығаныма анам, үйдегілер қарсы болды. 9-шы сыныптан бастап тығылып оқып жүрдім. Кейін əкемді ауылдан шақыртып, «əлі жассың, намаз оқыма!» деп жиналыс жасап, рұқсат бермеді. Ата əжем киімдерімді тығып тастап жүрді. Олар мені мешітке апарып, имамға намазымды қалай оқитынымды көрсеттім. Имам «қызым сен намазды дұрыс оқып жүрген жоқсың» деді.
18 жасымда бір қыз арқылы намаз оқитын жігітпен таныстым. Өздері отбасы болып намаз оқиды екен. Үйде қолдау болмаған соң оған тұрмысқа шығамын деп шештім, себебі хиджабты сақтап қалғым келді. Үйдегілерге тұрмысқа шығатынымды хабарлап, «біз көптен бері
таныспыз» деп өтірік айттым. Сөйтіп бір түнде қашып кеттім.
«Некемді мені қатыстырмай қиды»
Некеміз қиылғанда мен ол жерде болған жоқпын, Куəгерім əкем не ағам болу керек қой, күйеуім: «əкең намаз оқымайды, ол уəли бола алмайды» деп «браттардың» бірін қатыстырыпты. Ол адам маған телефон шалып: «сіздердің некелерің қиылды» деді. Некемнің мешітте
қиылғанын қалап едім. «Некем қиылды ма, жоқ па?» деп күдіктеніп қалдым. Некеміздің сырттай қиылғанын естіген анам «мешітте қиылмаған неке дұрыс емес» деп мешітке, дін басқармасына барды. Отбасымда үлкен айқай болды.
Əрине, кез-келген ата-ана əлпештеп өсірген қызын құтты орнына ата жолымен, ақ батамен ұзатқысы келеді. Тіпті бұл əрбір ата-ананың бала дүниеге келіп, тəй- тəй басқан сəтінен бастап армандаған басты мақсаты. Ал тұрмысқа шыққысы келген қыз не істеуі керек еді?
Қыз бала əке-шешесінің алдынан өтіп, рұқсатын алған соң ғана неке қидыртуға тиісті еді. Бұл жерде мəселе – Жəмиланың шынайы мұсылманшылықтан алыс болғанында жатыр. Яғни, адасу салдарынан Құран мен хадистерге жүгінбей, бар еркін діни теріс ағымды ұстанушы
азаматқа беріп қойғаны оның өмірін ойрандапты…
Жасырын неке туралы ислам дінінде не айтады? Елімізге белгілі дінтанушы Абдусамат Қасым былай дейді:
— Отбасы құрып, ұрпақ көбейу – Ислам дінінде қасиетті де ардақты іс. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үйленіңдер жəне көбейіңдер! Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын», – деп, үйленудің қаншалықты маңызды екенін ұғындырды. Сондықтан да, осы өсиетті орындаудың жолы
– неке қию. Бірақ, некені жасырын жүзеге асыруға болмайды. «Некенің шарты бойынша екі куəгер болса жеткілікті ғой» деуіңіз мүмкін, əрине. Алайда, Имам Мұхаммад, Имам Шафиғи жəне Имам Мəлик (р.а.) бойынша неке қиылу үшін қыз əкесінің рұқсаты керек. Қыз
қамқоршысының (уəли) хабарынсыз қиылған неке – мəуқуф. Яғни, оның құптауынсыз ерлі-зайыптылардың толыққанды бірге өмір сүруіне құқығы жоқ. «Егер қыздың
қамқоршысы некенің өзінің рұқсатынсыз қиылып қойылғанын білсе, ол некені бұза да алады, құптай да алады» деген Имам Мұхаммед.
Сонымен қатар, жасырынып қиылған неке əлсіз, жауапкершілігі төмен болады. Ондай неке ерте ме кеш пе үзілуге жақын тұрады. Ондай жағдайда қыздың ары босқа аяққа тапталып, ертеңгі күні шоқ басып, өмір бойы опық жеп қалуы мүмкін. Өйткені, тəжірибеге сүйенсек, осылай
некелескен жігіттердің көбі өзінің жарын оңай талақ ете салуға даяр тұрады. Бұл жағдайда араларында ештеңе болмаған болса, жақсы ғой. Ал егер «етегі көтеріліп қойған» болса, қыздың жағдайы не болмақ?!
Осындай келеңсіз нəтижелерді ойлағанда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Жария ету – үй болғандықтың белгісі» немесе «Шариғатқа теріс үйлену мен шариғатқа сай үйленудің ара жігін айыратын нəрсе – дабыл қағып, жария ету»деген сөздерінің астарында үлкен мəн-мағына
жатқандығын ұғыну қиын емес. Себебі, той жасап, ағайын-туыстың басын қосып үйленген отбасының керегесі бекем, неке жібі берік болмақ. Елдің батасымен, дұға тілегімен құрылған шаңырақтың отағасына да неке алдында көп жауапкершілік түседі. Осыны естен шығармау
лəзім.
«Алдап соқты»
Күйеуім үйленбестен бұрын «бетіңді жаппайсың, оқуыңды бітіресің» деді. Бірақ тұрмысқа шыққан соң бетімді жаптырды, теледидар қаратпады, көшеге жалғыз шығармады, бəріне тиым салды. «Төрт мазхабтың ішінен біз ең дұрысы — Ханбали мазхабын ұстанамыз, қалғандары
қате. Əбу Ханифа мəзһабындағылар бидғатшылар, олармен араласпа!» деді.
Үйленген соң ата-анаң, ата- əжең намаз оқымаса араластырмайды. Олардың пісірген етін «аллахуакбар» айтып соймайды, харам етті жесек ағзамызды улаймыз, олар -дінсіздер» деп жегізбеді. «Олардың көзіне көрінбе!» дейді. Өз үйінде «келіндік міндетіңді атқарма!» дейді.
Қонақ келсе шайды əзірлеп беріп, кетіп қаласың.
Ажырасқан соң балаларыма алып барған тамағымды да «сен намаз оқымайсың, тамағың харам» деп көзімше қоқысқа лақтырып тастады.
Əкемнің ағаларының балаларын «Олармен араларыңда неке жүреді, сол себепті сен оларды көрмейсің» деп араластырмады.
Діни мейрамнан басқа мерекелерге, қазақтың ұлттық мейрамдарына қарсы болды, туған күнмен құттықтауға тиым салды. Олардың дəстүрлі ағымнан айырмашылы — қазақтың салт- дəстүрлерін «ширик», «бидғат»
деп жоққа шығарады.
Діндегі адасқандар екінші, үшінші, төртінші əйелді не үшін алады? Ұрпақ өрбітіп, Алланың разылығына бөлену үшін бе немесе өз нəпсісінің əмірін орындау үшін бе?
Жəмила бұл туралы не дейді?
Маған телефон шалып, «некең қиылды» деді. Сол сəтте мен есеңгіреп қалдым… Олардың некеге неге сонша жеңіл қарайтындарын жүре -бара түсіндім.
Сөйтсем, оларға некені сыртыңнан жасырын қию тиімді екен. Себебі, екінші, үшінші, төртінші əйелге өте жеңіл қарайды жəне үсті- үстіне тағы да əйел алып жатқанын бірінші əйеліне айтпайды. Менің көз алдымда бір оқиға болды. Бір бауырымыздың əйелі өзінің үстіне əйел
алғанын естігенде қатты айқай шығарды. Олар білдіртпей некеңді қидырып алып, өздерінің нəпсімен жүре береді. Дəлел сұрасаң қате дəлел айта салады. Егер діни сауатсыз болсаң сеніп, қараңғылықта отыра бересің. Тіпті неке қиылмауы да мүмкін. Сосын ұнамай қалсаң
кешікпей талақ беріп, қиналмай бұрылып жүре береді.
Шариғат бойынша некеге отырғандай, талақ жасағанда да куəгерлер болуға міндетті. Ал Жəмила болса, «талақ беріп ажырасқанда куəгерлер болмады» дейді. Біз талақ мəселесіне орай дін мамандарына хабарласқан едік.
-Діни теріс ағымдағылар исламның шарттарын жамыла отырып, нəпсінің қалауымен, қыздарымызды қорлауды əдетке айналдырған, — дейді Ақтөбе медресе- колледжінің директоры Əбдімүтəлі Дəуренбеков бізге телефон арқылы берген жауабында. — Олар бір-біріне «Мен
пəленшені талақ еттім, сен соны алып ал» деп хабарласып тұрады екен. Ондай жігіттерге бірнеше рет үйлену, ажырасу əншейін нəрсе болып, шариғатты осылай ойыншыққа айналдырып алған. Бір сорақысы, осылайша от басып, мешітке жылап келетін қыздардың қатары тым
көбейіп бара жатыр. Ажырасқан қыздар екінші, үшінші рет тұрмысқа шыққанда жүкті болып шығуы мүмкін. Алайда бұл жерде мəселе — шариғаттың шарттарын білмей, бір жылдың ішінде 5-6 рет тұрмысқа шыққан қыздардың көбейіп
кеткендігінде. Бұл дұрыс емес. Əйел адам ажырасқаннан кейін екінші рет тұрмысқа шыққанша төрт хайыз уақытын, яғни, шамамен төрт ай күтуі тиіс. Соны білмегендіктен, қыздар бір жылда бірнеше рет тұрмыс құрып жатыр. Бұл жаман жолға түскенмен бірдей. Бұл зина болып
есептеледі. Ондай қыздардың əйелдік қасиеті жоғалады, олардың көшедегі жезөкшелерден еш айырмашылығы болмай қалады. Əрине, қыздарымыздың орамал тағып жүргені дұрыс, алайда дін — тек қана орамал емес.
Əбдімүтəлі Дəуренбеков айтқандай, бұның зина болып саналатына дəлелді Жəмиланың сөзінен де табуға болады.
«Əйелін «братына» бір түнге береді»
Олар екінші, үшінші, төртінші əйелге ұрпақ жалғастыру мақсатында емес, нəпсі жағымен үйленеді. Мұны қоғамдағы жезөкшелікпен салыстыруға болады. Жезөкшені пайдаланып, кете беретін сияқты уақытша үйленеді де талақ сөзін бір сəтте 3 рет айтып, тастап, бұрылып жүре
береді. Талақ береді, бірақ қайтарғысы келсе кері қайтарып алады. Өздері үкім шығарады немесе ұстазы Дарын бар, соларға звандап, сұрап əлде өздері бауырларымен ақылдасып, шешім шығарады. Сөйтіп оп — оңай тастап кетіп, басқа əйелді ала салады.
Тіпті əйелді қасындағы адамға бір түнге беріп жіберу фактісі де болған. Əйелі болсаң да, талақ жасамаса да бір түндік төсекке басқа еркекке беріп жібереді…
«Əйелді қақпанға алдап түсіреді»
Алғаш танысқанда оларды Əбу Ханифа мəзһабын ұстанады деп ойлап қаласың. Олар мешітке барғанда бақылау камерасына түсіп қалмау үшін намазды Əбу Ханифа мəзһабынша өтірік қимыл жасап оқып тұрады да, үйге келген соң қайтадан өздерінше оқиды. Намазда
имамның сапына тұрмай, өздері бөлек тұрады. Олар адамды осылайша алдап, сеніміне кіріп алған соң теріс ағым жетегінде алып кетеді. Əйелді қақпанға алдап түсіреді. Басында «біз исламды таза ұстанамыз, сенің айтқаныңдай бəрі жақсы болады» дейді де, үйленген соң бəрі
керісінше шығады. Мысалы маған «оқуыңды бітіресің» деп уəде берген, Ал үйленген соң сабаққа жібермеді, оқуымды бітіре алмадым. «Саған диплом неге керек, сен бəрібір жұмыс
істемейсің» деді. Қазір оқуды аяқтап, диплом алмағанның кесірінен мемлекетік, бюджеттік мескемелерде жұмыс істей алмай отырмын.
Мен тұрмысқа шыққанда «ұстанған дінімді сақтап қаламын, оқимын, ислами сауатымды ашамын» деп ойладым. Тұрмысқа шаққан соң «өзім үйретемін» деп мешіттегі ұстаздардан сабақ алуға қарсы болды. Ал оларда үйрететін білім жоқ.
Сосын ҚМДБ- ның кітабын оқытпай, Бухари, Аб даль-Ваххабтың «Үш негіз» кітабын оқытады, шейх Ибн Баздың пəтуаларын тыңдатып, түсінгеніңді сұрайды.
«Нихабты өз еркіммен киген жоқпын»
Бетімді жауып, қолыма қолғап, аяғыма крассовка кигізді. Нихабты өз еркіммен киген жоқпын, қатты тұншықтым, бірақ шешуге болмайды. Бір күні автобуста ауа жетпей, басым ауырып, жүрегім қысылды. Түскен соң аялдамада бетімді ашып, желпініп отырғанымда бір орыс əйелі:
«Ой, бедная, бұл əйелді бүркенуге мəжбүрлеген бе?» деп аяушылық көрсетті. Сол кезде «сен неге олардың көзінше тұншықтым деп білдіртіп отырсың? Бұл дұрыс емес» деп маған ұрысты. Олар əйелдері мен қыздарына қара, қоңыр, көк түсті киім кигізеді. «Əйелін қызғанбайтын
еркек жəннатқа кірмейді. Кезінде Айша анамыз бетін бүркеген» деп сені де бүркеп тастайды. Сестралар қара қарға сияқты қап- қара киініп, дөрекі сөйлеп, исламды жеккөрінішті етті. Түрлі түсті ашық киім киіп, жақсы мінезбен жүрсе дінге қызығушылық болар еді.
«Тозақпен қорқытады»
Олар хадистерді қатты – қатты айтып тастайды. Ол хадис дұрыс па, бұрыс па, діни сауатың болмаса білмейсің, аузыңды ашып, сеніп отырасың. Қате дəлелдермен жүреді, түсіндіріп айта алмайды. «мынаны істесең тозақтың ана жерінде боласың, «ананы істесең мына жерінде
боласың» дейді.
«Олар өте қатігез»
Олар өте қатігез, тасжүрек. Ажырасқан соң балам əкесінде қалды.
Себебі олар ұл баланы жақсы көреді де, қыздарды адам деп есептемейді.
«Қыз балиғатқа толғанда хиджаб кигіземіз, еш нəрсеге алаңдауға болмайды» деп оған теледидар, мульт-фильм қаратпайды, садикке жібермейді, үйден шығармайды.
Ұлым үшін қатты алаңдаймын Оны қатігез етіп тəрбиелеп жатыр. Балам үйге келгенде оны түсінбей қаламыз, теріс тəрбиемен миын улап тастаған.
Олар қарым- қатынаста өте қатты, адамды аямайды, өтірік айтады, екі жүзді, тəкаббар, ұрысқанда боғауыз айтып, балағаттайды, көп сөйлейді. Мұсылман уəдеге берік болуы керек, ал олар уəдесінде тұрмайды.
«Ата-аналар қолдаса…»
Мен намаз оқимын дегенде ата-анам қолдау көрсетпеді. Бұл ата-ананың қателігі дер едім. Себебі ең жақын адамдарынан түсінушілік таппаған жастар қолдауды сырттан іздейді. Сөйтіп жүріп мен сияқты адасады.
Ата-анам мені ажырасқан соң да қабылдамады. Олар маған «ұзын киіміңді шеш, дінді ұстама, сонда көмек береміз, бірге тұрамыз» деді. Жүрегінде дінге сенімі бар адамға бір сəтте намазын тастау оңай емес. Жұмысым, тұратын үйім балмағандықтан 3 балам əкесінде қалды.
Екі- үш жыл далада балаларсыз жүрдім.
Жасырын, заңсыз некеде адам құқығы аяққа қалай тапталып жатқанын Жəмиланың басынан өткен қиыншылықтарынан көріп отырмыз.
Қазақ ежелден үйге келген қыз баланы төрге отырғызып, құрметтеген. «Қыз бала үйден ренжіп шықса, наласы ұрады» деп қорыққан. Қыз бала ананың ақ сүті, жаратылыстың иесі! Қыз бала- əкенің көзінің нұры. Əкенің қызына деген əкелік махаббаты оның көзінде нұр болып
тұнып тұрады. Себебі атам қазақ бойжеткен қызына өзі де жақындай алмай, сұқ көзден қызғыштай қорып, сырттай сүйсініп, көзінің нұрына балаған. Қыз бала — əкенің ары мен намысы! Ал сол бір əулеттің алақанына салып аялап өсірген гүлдей қыздары діни теріс ағымның
жетегінде кетіп, əміріне бағынып, қуыршағына айналуда. Олардан туған күнəсіз балалар да зардап шегіп жатыр.
«Заңсыз некеде əйелдер мен балалардың құқығын заңды түрде қорғап қалу өте қиын. Себебі неке құжат түрінде рəсімделмеген себепті ер азаматтар өз балаларына деген жауапкершіліктен жалтарады» дейді Орал қаласы Полиция басқармасының экстремизмге қарсы тобының
полияция капитаны Сабыржан Камешов.
«Əке- шешем өмірден сабақ алсын деген шығар»
Қазір жағдайды дұрыстап, екі қызымды қайтарып алдым. Мешіттен білім алдым, дұрыс жолды таңдадым.
Əке- шешем маған өмірден сабақ алсын деген шығар. Адасу мен қателіктердің кесірінен əке- шешемізге исламды дұрыс жағынан көрсете алмадық. Жалпы бəрі адамның өзіне байланысты. Ойланбай, ашуға, сезімге беріліп кейде қатты кетеміз. Əке шешені кейде тыңдаған
жоқпыз. Намаз оқимын дегенде əке- шешем қолдау бергенде мүмкін тұрмысқа шығып адаспас па едім, мешіттен білім алып, оқуымды бітіріп, жұмысымды істеп, дұрыс бағытта жүрер ме едім деп ойлаймын. Сондықтан барлық ата-анаға намаз оқимын деген ұл- қызын сыртқа
теппей, керісінше қолдау көрсетіп, мешітке ертіп əкеліп, дұрыс жолда жүргенін бақыласа, жылы сөйлеп, бауырына тартса деген тілегім бар.
«Қыздарға айтарым бар…»
Алғаш танысқанда оларды Əбу Ханифа мəзһабын ұстанады деп ойлап қаласың. Сондықтан сөз айтқан жігітке мұсылман екен деп алданып қалмай, оны жан- жақты зерттеп алып, шешім алған дұрыс.
Бастысы- білім алу керек, Білімсіз адамның өмірі- қараңғы. Білімді тұрмысқа шыққан соң аламын деу қателік. Олар «Үйленген соң оқытамын» деп өтірік айтады.Тұрмысқа шыққан соң сені ешқайда шығармайды, тиымдар көбейеді.
Ең бірінші — мешіттен білім, теологтардан бағыт алып, ақ- қараны ажыратып алу қажет. Мəзһаб ұстану маңызды. Əбу Ханифа мəзһабында күнə істесең олар сияқты «тозаққа түсесің» деп қорқытпайды, түзеуге жол көрсетеді, күнəдан тазаруға, жарыққа ұмтылтады.
Сондықтан салафи ағымында екі ойлы болып, түсінбей жүрген жəне басқа да қыздарға тұрмысқа шығуға асықпаңдар дер едім. Шыққан
жағдайда əйелі бар ма, болса неше əйелі бар, бəрін тексеріп жəне некенің қиылғанын көзбен көру керек. Басқа біреуді куəгер деп қатыстыру дұрыс емес. Себебі ажырасқанда куəгердің қатысуымен «неке неге бұзылып жатыр, не себеп болды?» деген сұрақтар төңірегінде əңгіме
болуы керек. Ал даладан қатысқан кəугер ажырасқанда келмейді, тіпті оның кім екенін де білмейсің.
Міне, қазақ қоғамына іріткі салып, ұлттық санамызға сына қаға бастаған діни теріс ағымдағы өмір өкінішке орай, осылай бағыт алып барады.
Бұл келеңсіздіктің алдын қалай алуға болады? Біз мақала дайындалып жатқанда Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Ақпарат орталығының жетекшісі Ағабек Қонарбайға жолыққан едік.
« ҚМДБ неке қиюға төртінші шарт енгізді. Ол – қыз тұрмысқа шыққанда неке қиюға оның ата-анасы қатысуға міндетті, — дейді Ағабек Қонарбай.- Ата-ана қызының некеге тұрып жатқанын білуі жəне рұқсатын беруі қажет. Егер ата-анасы неке қию рəсіміне қатыса алмаса өздерінің
разылығын растайтын басқа туыстары қатыса алады.
Бастысы- үйленуге ниет білдірген жастар мешітке келіп некелерін қидырмастан бұрын АХАЖ- ға барып заңды некеге отырулары керек. Егер неке туралы куəліктері əзір болмаған жағдайда АХАЖ-дан өтуге берілген өтініш хаттың көшірмесі болуы шарт. Шариғат бойынша некесі
мешітте содан кейін қиылады»
Ия, бұл мешіттің шариғат жолымен неке қию шарттары. Бірақ заңсыз неке мешіттен тыс, жасырын қиылып жатқандықтан бұл мəселе əлі де талай адасқан əйелдер мен күнəсіз балалардың өмірлерін өксітері сөзсіз. Ендеше, шешімі қандай? Бұл мəселеге Үкімет назарын аударып,
Парламентте қаралуы тиіс шығар…
Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ
Гүлнəр ҚАЛАУҚЫЗЫ,
кəсіби психолог
Кəсіби психолог ретінде дəстүрлі емес, діни теріс ағымдардан зардап шегіп жүрген қыз-келіншектермен кездесіп тұрамын. Психологиядағы ең қиын сұрақтар осындай теріс ағымдардың ықпалында кеткен қыздар мен əйелдердің тағдырына байланысты. Соның бірі – жасырын
некемен бас қосып, соңынан опық жеп қалған əйелдер. Олар кімдер десек, көп балалы отбасынан шыққан, əлеуметтік жағдайы төмен, болмаса əкесіз не анасыз өскендер. Көбіне көп анасы қызымен сырласа алмаған тəрбиенің кемдігі, қыз
бала, əйелдің өмірдегі орны туралы түсіндірілмеген отбасындағы немесе əкесі, анасы немесе ағасы ішетін қыз балалар үйінен кеткенше асығып, көзін
жұмып тұрмысқа шығып жатады. Өмірдегі мақсатын айқындамаған, бойында
осындай қиындықтарды жеңетін күші жоқ қыздар өмірдегі ең маңызды қадамдарын ойланбай жасауға бой алдырады. Яғни, əдетте олар жылдам тұрмысқа шығуға асығады.
Неке исламдағы шариғат жолы, екі адамның отбасын құрып, некеге адал болып, өмірге ұрпақ əкеліп, бірге тəрбиелеуі. Зайырлы мемлекет болсақ та, Конституцияға, Ата Заңымызға бағынуға тиісті болсақ та, діни қате түсініктің салдарынан заңды некесін қиғысы келмейтін кейбір
азаматтар некелерін мешітте де қидыртпайтын болды.
Дəстүрлі емес діндегі қыздар ер адамды танымай тұрып, жасырын некемен отбасын құрып, соңынан зорлық- зомбылықтарға тап келуде. Күйеуі жасаған психологиялық қысым, күш көрсету, денеге тиген соққы əйел психологиясына өте жоғары əсер етеді. Осының салдарынан
ойлау, қабылдау қабілеті төмен, эмоционалды көңіл күйлері тұрақты емес, девиантты, қатігез балалар көбеюде. Отбасындағы, ата-ананың арасындағы шектеу, тиым, зорлық — зомбылықты көрген бала кейін өзі де осылай жасайды.
Уақытша, жасырын некеден ең бірінші балалар зардап шегуде. Əкенің жауапсыздығынан дүниеге келген күнəсіз балалардың тағдыры өте қиын. Ол жерде балаға көп тиым болады, «ана баламен сөйлеспе, киноға бар ма, теледидар қарама, сыртқа шықпа, мектепте ешкіммен
сөйлеспе, ананы істеме, мынау болмайды» деген шексіз тиымдар баланы шектен тыс психологиялық күйзеліске ұшыратады, бала ішкі эмоцияға беріледі.
Зайырлы отбасында толыққанды, бақытты өмір сүріп жатқан балалар мен жасырын некедегі діни теріс ағымдағылардың балаларын салыстырсам, айырмашылық жер мен көктей.
Дəстүрлі емес діндегі отбасында балалар жас ерекшеліктеріне байланысты өз еркімен, қызығушылықпен өмір сүре алмайды. Балалық шақта қатарластарымен күліп – ойнап, əн салып, билеп, бойдағы энергиясын шығара алмайды. Бұл шектеулер баланы ойлантады, тұйыққа
тірейді, қоғаммен араласпаған соң ойлау қабілеті төмен, ашушаң болады. Қысқасы, үлкендердің қателігі баланың болашағына өшпестей із қалдыруы əбден мүмкін.
Менімен сөйлескен бір əйел «кімге тұрмысқа шығатынымды білмедім, некемізді қиды, сосын бірге тұрдық» десе, екіншісі: «Өмірдегі бар қиындығым осы жасырын некеден деп ойлаймын. Бақытсыздығымды мешітте қидырмаған, ата-анам куə болмаған сырттай қиылған некеден
көремін» деген еді. Жоғарыдағы себептерге орай діни теріс ағымды
ұстанушыға тұрмысқа шығып, кейін өмірлері өксіген осындай əйелдердің жан жарасы психолог ретінде бізді де қатты алаңдатады.

Оставить комментарий

Scroll To Top
http://srealt.comhttp://otellook.com