МУАЗ ИБН ЖӘБӘЛ

«Ғалымдар қияметте бір жерге жиналған кезде, Муаз олардан бір оқ адым ілгері тұрады». (Хадис)

Азан шақырып қойған аты – Муаз бин Жәбәл ибн Амр ибн Әус. Лақап аты – Әбу Әбдуррахман. Ансардың алдыңғы қатарлы сахабаларының бірі.

Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны жанындай жақын тұтып жақсы көретін. «Әй, Муаз, сені жақсы көремін»,- деп бұл сүйіспеншілігін жария етіп айтатын. Сахабалардың арасында сымбаттылығымен қоса сыры терең, жұмсақ мінезді, биязы болатын. Сонымен қатар жомарттығымен де аты шыққан-ды. Оны хазіреті Омар да аса жақсы көретін. Ол жайында Омар:

«Ана атаулы бұдан кейін дәл Муаздай адамды дүниеге әкеле алмайды. Егер Муаз болмаса, Омар құрдымға кетер еді. Муаз менің халифалығым кезінде тірі болғанда, оны өзімнен кейін халифа етіп тағайындар едім. Раббым менен оны не үшін халифа еткенімді сұрар болса: «О, Раббым! Сенің Елшіңнің: «Ғалымдар қияметте бір жерге жиналған кезде, Муаз олардан бір оқ атым ілгері тұрады» дегенін естідім» деп жауап берер едім», — деді. (Табақат, 3: 583-590)

Хазіреті Муаз Алла Елшісінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетін берік ұстанатын. Бір күні пайғамбарымыз мешіттің құбыла жақ дуалынан бір түкірік көріп:

«Сіздер намазға тұрған кезде Раббыларыңызбен жүздесесіздер. Раббымыз дұғаларды – құбыла мен сендердің араларыңнан қабыл етеді. Егер кімнің түкіргісі келсе, не сол жағына немесе сол аяғының астына түкірсін» деген-ді. Муаз осы сөзден кейін «Исламды қабылдағаннан бері оң жағыма түкірген емеспін» деп, Алла Елшісінің бүкіл іс-әрекеттерін үнемі орындап үлгі-өнеге алғандығын көрсетіп кеткен екен. (Бұхари, Тәжриди сарих тәржімәсі, 2, 353-354)

Муаз бин Жәбәлдің басты ерекшеліктерінің бірі – Құранды жатқа біліп, оны тамаша әуезбен оқуында еді. Сондықтан да ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Құранды мына төртеуінен: Абдуллаһ ибн Масғұд, Үбәй ибн Қағб, Муаз ибн Жәбәл және Әбу Һузәйфәдан үйреніңдер» деп ерекше атап кеткен. Ол пайғамбарымыздың дәуірінде Құран Кәрімді кітап халіне келтіруге көп еңбек сіңірді. (Муснәд, 2, 190)

Муаз ибн Жәбәл әсіресе тақуалыққа ерекше мән беретін. Түннің бір уағында үнемі тәһәжуд намазына тұратын. Ол мінәжәттан соң:

«Раббым! Дәл қазір көз біткен ұйқыға шомған, көкте жұлдыздар жылтырайды. Сен болсаң әрқашан ояу, жаратқандарыңды тегіс қадағалап тұрасың… Раббым, маған дүние мен ақыретте тура жол нәсіп ет! Шүбәсіз, Сен берген уәдеңнен таймайсың» деп дұға ететін. (Усдул-ғаба, 7, 194-197)

Муаз ибн Жәбәл пайғамбарымыздың хадистерінің бізге дейін келіп жетуіне зор үлес қосты. Ол Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Омар тәрізді сахабалардан хадис риуаят еткен. Ал, одан Әнәс ибн Мәлік, Мәсрук, Әбу Туфәйл, Әсуәд ибн Һиләл, Әбу Мүслим әл-Хәуләни, Абдуллаһ ибн Қайс және Абдуллаһ ибн Ғәнам сияқты кісілер хадис риуаят еткен. Ол риуаят еткен хадистердің саны – жүз елу жеті ғана. (әз-Зәһәби, Тәзкиратуль-хуффаз, 1, 19-22)

Муаз ибн Жәбәл (ол кісіге Алла разы болсын) білімге көп мән беретін. Пайғамбарымыз ол жайлы:

«Үмбетімнің арасында харам мен халалды ең жақсы білетін – Муаз», — деген. (Тирмизи, Манақиб, 33.)

Қараңғылық пен жарықтың ара жігін айыра білетін Муаз ибн Жәбәл шынайы білім жайлы былай дейді: «Білімді игеріңіздер. Өйткені, ол Алладан қорқуды күшейтеді. Ғылым іздеу – ғибадат. Ғылыми мәселелерді талқылау – Алланы ұлықтау деген сөз. Ғылымды паш ету – жиһад. Білмегендердің көзін ашу – садақа. Білімді лайық адамдарға үйрету – құлды Аллаға жақындатады. Өйткені, ілім арам мен адалды, ақ пен қараны ажыратып береді. (Табақат, 2/347)

Оның білімдарлығын, ықыласын жақсы білгендіктен адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Исламды адамдарға түсіндіріп, Құранды үйрету үшін оны Йеменге жібереді. Жолға аттанар алдында пайғамбарымызбен арасында болған әңгімені хазіреті Муаз былайша баяндайды:

Алла Елшісі мені Йеменге жіберер кезде: «Сенен бір мәселе жайлы сұралcа неге сүйеніп үкім жасайсың?» — деп сұрады. Мен: «Алланың кітабына сүйеніп, үкім беремін», — деп жауап бердім. «Іздеген жауабыңды Алланың кітабынан таба алмасаң, неге сүйеніп үкім жасайсың?» — деді. «Алла Расулының үкімі бойынша», — дедім. «Одан таба алмасаң ше?» — дегенде, «Өз ақылыммен ойланып шешемін», — деп жауап бердім. Бұл жауапты естіген пайғамбарымыз: «Разы болған мәселесінде Нәбиін табысқа жеткізген Аллаға мадақ!» — деп, йемендіктерге: «Сіздерге асхабымның ішіндегі ілімді және дінді ең жақсы білетін қайырлы адамды жібердім», — деп үшбу хат жазып жібереді. (Табақат, 3/583-590)

Алла Елшісінің Муаз ибн Жәбәлға айтқан мына қағидаларын ақиқаттың жаршылары яғни мұсылмандар өмірлік нысана ретінде қалыптастыру қажет. Әз пайғамбар:

Халықты Исламға үндегенде оны қиындатпай, жеңілдетіңдер. Үрейлендіріп үркітпей, сүйіншілеңдер. Бас-басыңа би болмай, бірігіңдер. Маған ең жақын болғандар – толық мойынсұнғандар мен қайда жүрсе де Аллаға құлшылық етуін үзбейтін тақуа иелері, — деген.

Өсиетін айтып болған соң қиын да жауапты іске лайық деп тапқан жақсы көретін сахабасымен былайша әңгімелесті:

«Әй, Муаз! Бәлкім, бұл біздің соңғы кездесуіміз шығар. Алла сені дінде жетістікке жеткізіп тура жол нәсіп етсін. Алдыңнан, артыңнан, оңыңнан, солыңнан төбеңнен және астыңнан келетін барлық пәле мен қатерден сақтасын. Адамдар мен жындардың жамандықтарын сенен алыстатсын. Сенің себепкерлігіңмен Алла бір адамды тура жолға салса, ол сен үшін бүкіл дүниеден артық. Ей, Муаз, қайтып оралғаныңда, бәлкім, менің қабірім мен мешітімді ғана зиярат етерсің, — деп, Өзінің Ұлы Досына (Аллаға) аттанатын күнінің жақындағанын сездірген еді.

Бұл сөздерді естіген Муаз төбесінен жай түскендей сенделіп, тамағына өксік тығылып, буын-буыны босап, қолдары қалтырап көзі мөлтілдеп жасқа толды. Сол сәтте оның Йеменге кетпек түгілі, орнынан тұруға да дәрмені қалмаған еді. (Муснад, 5/235) Өйткені, Сахабалар үшін Алла Елшісінен жырақ қалу қияметтің қиынындай ауыр соғатын.

Алла Расулының айтқаны тура келді. Пайғамбарымыз дүние салғанға дейін Муаз Йеменде Ислам жолында қызмет етті. Ол жерде мұсылмандардың саны күннен-күнге көбейіп жатты. Бір ретінде Нәһә тайпасынан жүз адам бірден оның себепкерлігімен Исламды қабылдады. (Табақат, 3/584) Муаз ибн Жәбәл пайғамбарымыз қайтыс болып, Әбу Бәкірдің халифалығы тұсында Йеменнен оралды. Қалған өмірін Сирияда өткізіп Иорданияда оба індетіне шалдығып, небәрі отыз сегіз жасында дүниеден озды.

http://srealt.comhttp://otellook.com