Балаларға қуаныш сыйлады

Елімізде  жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық  акциясы өтеді. 1 тамыз — 30 қыркүйек аралығында болатын биылғы акция «Менің таңдауым – балаларға көмек» ұранымен өткізіліп жатыр.

Он бірінші жыл өткізіліп отырған  аталмыш шараның  мақсаты – аз қамтылған немесе көп балалы отбасы балаларын, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйінің тәрбиеленушілерін мектепке дайындау. Яғни балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар алып беру.

Осындай ауқымды игі шараға Тәжиден Батырұлы мешіті жыл сайын  ат салысып келеді. Мешіт биыл да қалыс қалмай, 25 тамыз күні Орал қалалық балалар үйінің тәрбиеленушілері мен аз қамтылған отбасы балаларына қайырымдылық көмек көрсетті.

«Шаңырақ» балалар үйінен 29, БҚО ББ «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығынан» 36 бала және аз қамтылған отбасы санатынан 15 бала, барлығы 80 оқушыға мектепке қажетті оқу құралдары мен сөмке және балалардың бәріне аяқ киім берілді. Тәжиден Батырұлы мешітінің наиб имамы Наурыз Убаев балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оларды оқуда озат болуға, иманды болып өсуге, еліміздің білімді, парасатты азаматтары болуға шақырды. Мешіт ұжымы сөмкелер мен аяқ киімдерді әр баланың жасына сай таңдап алған екен.  Көздің жауын алатын әдемі, сәнді сөмкелерді қолдарына алған балалар қуаныштарын жасыра алмады. Ағаларына алғыстарын жаудырып,  «бізге жиі келіп тұрыңыз» деп тілектерін айтты. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште қуанады» демекші,  балаларға қуаныш сыйлауды мақсат еткен ұйымдастырушылар осындай қайырымдылық шараларының алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.

http://srealt.comhttp://otellook.com