Исламдағы тазалық мәселесі

Тазалық — Ислам дініндегі құндылықтардың бірі. Алла елшісінің (с.ғ.с.) мына сөзінен аңғаруға болады: «Тазалық – иманның жартысы». Яғни,біз тазалықты жай ғана қарапайым сөз емес, үлкен ұлағатты, мағыналы сөздердің бірі ретінде қарап түсінуіміз қажет. Себебі, тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Ол жан-жақты адам өмірін, болашағын, ақыретін, имандылығы мен адамгершілік сияқты кісі ғұмырына тән көптеген бөліктерді қамтиды. Бабаларымыз адам өмірінің зор байлығы – денсаулық десе, ал денсаулықтың кепілі – тазалық екенін ұғындырған.

Ислам дінінің негізгі талаптарының бірі де бірегейі осы тазалық. «Алла Тағала таза, барынша таза құлдарын жақсы көреді» деген. Ислам діні тазалықты екіге бөліп қарастырады. Ол —  сыртқы тазалық және рухани тазалық. Осы сыртқы тазалықтың өзі бірнеше бөлімдерге бөлінеді. Мысалы,  қоршаған ортаның тазалығы, киімнің тазалығы, дененің тазалығы, ішер астың тазалығы т.б. Отырған жердің тазалығына келсек Пайғамбарымыз (с.а.с) адамдар жүретiн жолдың үс­тiне, тынығатын көлеңкелерде, әсiресе жемiстi ағаштардың түбiнде дәрет сындыруға болмайтындығы жөнiнде сахабаларға: «Екi түрлi қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!» дегенде, олар: «Әй, Алланың елшiсi! Екi қарғысты арқалаушы дегенiңiз кiм?» – деп сұрайды. Ол: «Адамдар жүретiн жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы» деген. (Мүслим риуаяты).

Демек, бiз мұсылман ретінде айналамыздағы қоршаған ортаны таза ұстауымыз қажет. Шама келгенше, ағаш отырғызып, табиғатты аялау. Негiзiнде мұсылман бүлдiрушi емес, бүтiндеушi, қиратушы емес дұрыстаушы, зиян келтiрушi емес, пайда әкелушi. Дінімізде қоршаған ортаны бүлдiрмеу ғана емес, оны қорғау да жиi насихатталған. Атап айтқанда, ағаш отырғызу мен құдық қазу дiни тағылымдарда мақталып, мұсылмандар осы iстерге жұмылдырылған. Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм осы мәселенiң маңызы туралы былай дейдi: «Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi (тал шыбығы) болса, қиямет қайым басталып кеткенше қолындағы көшеттi егуге үлгiретiн шама болса, соны дереу отырғызып үлгерсiн»  – дейдi (Бухари риуаяты).  Ардақты пайғамбарымыз үш нәрсе көздiң нұрлануына себеп болады деп: «Жасыл желекке қарауды, ағып жатқан суға және жарқын жүздi адамның бетiне қарауды» айтқан. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз қолымен құрма ағашын егiп, мұсылмандарды солай iстеуге шақырып: «Қандайда бiр мұсылман ағаш егiп немесе егiн ексе, ол егiстiктен адамдар, құрт-құмырсқалар мен құстар жеп азықта­натын болса-дағы, мiндеттi түрде өзiне сауап ретiнде керi қайтады», – деген.  Өкiнiшке қарай, мұсылманшылықты бiлмегеннiң кесiрінен керiсiнше болып жатады. Көшелерде қалай болса солай қолындағы қоқыстарын кез келген жерге тастай салу, темекінің қалдықтарын лақтыра салу, талды сындыру секілді келеңсіз жабайы көрністің куәсі болып жүрміз. Бұл жағдайлар тіпті Алланың үйлері болған мешіттердің ауласында да орын алатыны жаныңды сыздатады.

Тазалық- саулық кепілі. Қазірігі уақытта ғалымдар әр түрлі микроб-бактериялардың атауы мен түрін ашуда. Олар ішекке түсетін болса көбейеді. Бабаларымыз ұрпағын “Қол жумай ас ішпе” деп үйреткен. Бұл тәлім Исламнан алынған. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.с) тамақтың берекесі оның алдында және артында қол жуу арқылы болатынын айтқан.

Пайғамбарымыз (с.а.с) ерекше назар аударған дүниелердің бірі- тістің тазалығы. Ол (с.а.с) үнемі мисуак қолданған. Ауыз тазалығына көңіл бөлгені сонша, жағымсыз иіс шығаратын пияз бен сарымсақ жеуден де тартынатын. Өйткені мұншалықты таза болмаса періштелер де жақындамайтындығын меңзеп: «Сіздер жеңіздер, менің жемеу себебім – маған періште келетіндігінде»,-деп түсіндірген. Кейде кей кісілердің тіс тазалығын күтпейтіндігіне кейіп: «Менің қасыма сарғайған тіспен және жағымсыз иіс шығып тұрған күйде келмеңіздер»,-дейтін.

Бұдан басқа Пайғамбарымыз шаш күтіміне де айтарлықтай көңіл бөлген. Алба-жұлба майланып кеткен кір шаштарды ұнатпаған. Бірде сақал-шашы ұйысқан кір-қожалақ бір кісіні көргенде: «Мына кісі басын жуатындай су, шашын басатындай май таппаған ба?»,-деп ренжіп еді. Бұған қоса: «Кімнің шашы болса, жақсы күтсін»,-деген (Әбу Дауд, Тәрәжжул, 3).

Тазалыққа қатысты тағы бір айта кетерлік мәселе, аяттар мен хадистердің түпкі мағынасына үңіліп, зерттеп, зерделеген ғалымдар дінімізде жүрек тазалығының бәрінен жоғары тұратындығы жайлы шешімге келген. Өйткені, ардақты пайғамбарымыздың жоғарыда айтылған хадисінде тек сумен  атқарылатын сыртқы тазалық айтылмаған. Су арқылы тән кірден арылғанымен жүрек күнәға белшесінен батса, бұның толыққанды тазалыққа жатпасы белгілі. Демек, ішкі және сыртқы тазалық өзара үйлесім тапқанда ғана ол иманның жарты бөлігін құрайды.

Ішкі тазалыққа: өтірік, өсек, балағат сөздерге үйір болмау, екіжүзділік, жалақорлық, ұятсыздық және арсыздық пен, тәкаппарлықтан аулақ болу, күнәлі істерге жуымау, харам ас жемеу, қулық-сұмдық, алдау-арбаудан бойды жырақ ұстап, ешкімнің ала жібін аттамау, кісі ақысына көңіл бөлу, ешкімді күндемеу, жан баласына жамандық ойламау, өзіне өлшеп берілген нығметтерге шүкіршілік ету т.б. жатады. Ой жүгіртіп қараған адам Ислам дінінде тазалық мәселесіне қаншалықты мән бергенін жете түсінеді.

Әлемді өзгерту- өзімізден басталады. Сондықтан тазалыққа әуелі өзімізді тәрбиелеуіміз аса маңызды. Осы арқылы өзге адамдарға үлгі бола білсек қандай ғанибет! Әрқайсымызға тазалық сүйгіш құлдардың қатарынан болуды нәсіп етсін!

 

 

«Аманат-Жайық» қоғамдық 

қорының теолог маманы:                                                        Құмарова  Ерген

http://srealt.comhttp://otellook.com