Калькулятор расчета монолитного плитного фундамента тут obystroy.com
Как снять комнату в коммунальной квартире здесь
Дренажная система водоотвода вокруг фундамента - stroidom-shop.ru
Home / Мақалалар / Әйел және отбасы / «Әйел жамағатын отбасы мәселесі толғантады»

«Әйел жамағатын отбасы мәселесі толғантады»

Сұхбат

Назгүл ДАНАЕВА,

«Аманат- Жайық» қоғамдық

қорының теологы,

Батыс Қазақстан облысы

«Әйел жамағатын отбасы мәселесі толғантады»

— Назгүл Медерқызы, сіз теолог ретінде облыстағы әйел жамағатымен жұмыс істеп келесіз. Жұмыс бағытыңыз туралы айтсаңыз.

— Діни ұстаз болып жамағатқа қызмет етіп, өңіріміздің діни ахуалын жақсарту жолында қызмет етіп келе жатқаныма 15 жылдан асады. Жалпы осы уақыт аралығындағы жұмысым – дінге бет бұрған аналарға, қыз- келіншектерге тікелей білім, діни дұрыс ақпарат беруге, түсіндірдіру жүргізуге бағытталған. Батыс Қазақстан облысы бойынша әйел жамағаттарымен жұмыс барысында анық байқалатыны — әйел жамағатының басым бөлігінің шариғи білім деңгейінің төмен екендігі. Сондықтан діндар әйел азаматшалардың діни білімін арттыруға, соның ішінде дұрыс діни білім алуына басымдық беремін. Осы бағытта Орал қаласы жамағатымен қатар, 12 ауданмен, соның ішінде 7 ауданның әйел-жамағатымен тығыз жұмыс жасаймын. Азаматшалармен әлеуметтік желі арқылы онлайн түрде де, семинар, курстар арқылы офлайн түрде де байланысып, жеке кездесулер жүргізіп, сұрақтарына жауап беремін.

— Сириядан қанша әйел оралды? Олармен атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелеп берсеңіз.

— «Жусан» гуманитарлық операциясы бойынша Сириядан 31 әйел оралды. 2019 жылдың шілде айынан бастап өңірге оралған әйелдермен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Аталған әйел жамағатына бастапқы кездері теологиялық түсіндіру жұмыстарын қабылдау қиын болды. Бүгінде діни сауатын ашып, тұрақты дәріс алумен қатар тігін, аспаздық, бет әрлеу, шаштараз және кондитерлік курстарға, шеберлік сағаттарына қатысу нәтижесінде қоғамдық құндылықтарға бейімделді. Қазіргі таңда біздің орталықтың және қоғамдық қорлардың ұйымдастыруымен өткізіліп жүрген барлық шараларға белсенді қатысып, теолог ұстаздармен тығыз байланыс ұстап отыр. Сонымен қатар Халықаралық әйелдер қауымының орталығы қауымдастығы, Жастар ресурстық орталығы және жұмыспен қамту орталығы, Денсаулық сақтау басқармасы, Медициналық сақтандыру және АӘК бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Орталық мамандары әйел азаматшалардың барлық сұрақтарына жауап беріп, қолдан келген көмектерін аямауда.

— Сириядан қанша бала оралды? Оларды оңалтуда қандай мекемелермен бірлесіп жұмыс істеп отырсыздар?

— Жалпы бала саны 85, соның ішінде 61-і «Жусан» операциясымен оралған балалар. Балалармен оңалту жұмысында «Аманат-Жайық» қоғамдық қоры және БҚО Білім басқармасымен тығыз байланыстамыз. 2020 жылы «Аманат-Жайық» қоғамдық қоры балалардың қызығушылықтары мен таным деңгейін, қабілеттерін арттыру мақсатында тренингтер ұйымдастырса, Білім басқармасы өткен жылы 7 балаға, биыл 10 балаға Алматы облысы, Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» демалыс орталығына жолдама берді. Балалар ол жерде өзге облыстың балаларымен араласып, әртүрлі мәдени шараларға қатысып, тәуелсіз еліміздегі бақытты балалық шақтың қызықтарын көріп қайтты.

— Әйелдер жамағатын қандай сұрақтар толғандырады? Жиі қойылатын сұрақтар қандай?

— Діни ұстаз ретінде ислами отбасындағы қыз-келіншектердің тарапынан қойылатын сұрақтарды үнемі сараптап отырамыз. Әйелдердің 70-80 пайызы басындағы келеңсіз жағдайлар туралы айтып, кеңес сұрайды. Ажырасу, ренжісу, күйеуімен тіл табыса алмау туралы жазып, тұйықтан шығар жол іздейді. Намазхан әйелдерден түсетін сұрақтар легі толастамайды. Тіпті кейде бір аптада 10-ға жуық келіншектен аталған мәселелер турасында хабарламалар келеді. Бұл тақырыптар кімді болсын толғандырмай қоймасы анық. Мемлекеттің негізін құрайтын — отбасы, отбасы тұтастығы Отанның да тұтастығы. Сондықтан біз өз жұмысымызда бұл мәселеге қатты мән беріп, қолымыздан келген көмегімізді көрсетіп отырмыз.

«Аманат-Жайық» қоғамдық қорымен бірігіп «Қыз тәрбиесі-ұлт болашағы» атты 1 айлық курс өткізген болатынбыз. Курс ойымыздағыдай оң нәтижесін беріп, ажырасқан отбасылардың қайта қосылуы, ажырасудың алдында тұрған жанұялардың тіл табысып кетуіне тікелей септігін тигізді. Осындай жақсы нәтиже беретін курстарды әлі де өткізу ойымда бар.

-Қыз- келіншектермен ұлттық құндылықтар бағытында атқарып жатқан жұмыстарыңызбен жақсы таныспыз. Жақында өткізген осы курс турасында әңгімелеп берсеңіз.

-Діни ұстаз ретінде ислами отбасындағы қыз-келіншектердің тарапынан отбасындағы келеңсіз жағдайлар — ажырасу, ренжісу туралы сұрақтардың толастамауы мені де толғандырмай қоймады. Бұл көкейкесті мәселелерді ой елегінен өткізе келе, өңіріміздің бойжеткендері мен келіндеріне арналған «Қыз тәрбиесі-ұлт болашағы» атты 1 айлық курс өткізген болатынмын.

Ата- бабамыз қыз баланың бойына қарапайымдылық, сыпайылық,

биязылық, инабаттылық, ұяңдық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, имандылық сияқты қасиеттерді қазақы дәстүрде сіңіріп өсірген. Курсты өткізудегі негізгі мақсатым — қазақ қызының бойында қоғамның ықпалымен жасырынып қалған инабаттылық пен ибаны, иман мен ілтипаттылықты ояту, өмірлік тәжірибемнің үлгі болар тұстарын жеткізу арқылы отбасы қарым-қатынасын айрықша түсіндіру және сөзбен ғана емес, іс арқылы да насихаттау, дәстүрді дәріптеу болды. Аталмыш курстың бірінші сабағы «Қызға қырық үйден тыйым» тақырыбында өтті. Сабақта «Тәрбиенің маңыздылығы», «Ұлттық құндылықтар», «Салт-дәстүрді сақтай білу», «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Көркем мінез», «Мақал-мәтелдер ұғымы» тақырыптарында дәрістер берілді. Курсқа қатысқан қыз- келіншектер «Неке әдебі», «Әйелдің сыртқы ортамен байланысы», «Денсаулық-зор байлық», «Ашу — дұшпан, ақыл — дос», «Жас келінге өсиет», «Әйел қырық шырақты», «Отбасы бақытына жетелейтін жолдар», «Ұлттық қолөнер- тәрбие көзі», «Отбасы құндылықтары» туралы дәріс тыңдап, өз пікірлерін айтып, ой бөлісті. Сондай-ақ, дәстүр мен тұрмыстың сабақтастығын шынайы өмірде көру үшін сиыр сауып, ет асып, ұршық иіріп, көрпе көктеп, аналарымыз мұраға тастап кеткен асыл өнерімізді жаңғыртты.

-Сіз маман ретінде елге оралған әйелдермен тығыз байланыстасыз. Ұлттық құндылықтарымыз, салт- дәстүр, қазақтың ырым- тиымдары бағытындағы олармен жүргізген жұмыс нәтижесі қандай?

— Нәтижеміз жақсы. Курсқа үзбей келіп, айтылған кеңестер мен насихаттарды тыңдаған нәзік жандар уақыт өте бәрін ой таразысына салып жатыр деп толық айта аламын.

Оларды айтпағанда, жалпы әйел жамағатының арасында отбасы мәселесі өткір тұр. Уығы сынған шаңырағын қайта көтеріп, отбасы бақытымен қайта қауышқандарын әлеуметтік желіде хат арқылы хабарлап, өз ризашылықтарын жеткізуде. Және бұл бір ғана жағдай емес.

Қазақ халқының тұрмыс- тіршілігінде жақсы қасиеттер, салт-сана, салт-дәстүр байлығы ұлттың мәдениеті ретінде дәріптелді. Үлкенді құрметтеу, ізеттілік, көркем мінез, ата-ананың жүзіне мейіріммен қарау — ғибадат, мүміннің мұраты. Мінезіміз дұрыс болмаса дініміз дәрменсіз болатыны анық. Мұсылманның сипаты ұлттық құндылықтарымыздың сипатына қашанда сай келді.

Тұрмыс пен тіршіліктің тасасында қалған отбасылық мәміле, әсіресе, ер мен әйел арасындағы қылдан жіңішке, қылыштан өткір байланыс та ескерусіз қалмады. Әйел қылығын, ер қызметін ұмытқан сәтте салиқалы отбасы болмақ түгілі, шаңырақты сақтау қиынға соғатын мына заманда отбасылық мәселеге қатысты сұрақтардың болуы заңдылық. Тұрмыстың түйткілін шеше алмай жүрген келіншектер үшін бұл курс оң шешім табуға тікелей септігін тигізді. Бұлай деп жазуыма қатысушылардан келген кері байланыс арқау болып отыр.

-Маман ретінде жұмыс барысында кездесіп отырған қандай қиындықтар бар?

-Жалпы облыстағы әйел жамағатының кей бөлігі діни білімді еліміздің

ұстаздарынан алмаған. Олар ғаламтор желісі арқылы шетелдік уағызшыларды тыңдағандықтан кейбірінің діни көзқарастары дәстүрлі исламға қарама-қайшы болып жатады. Мұндай жағдайда жалғыз өзіме жұмыстану қиындық туғызатын кездер де болады. Дегенмен, оңалту жұмысы кезінде психолог маманның көмегіне жүгініп, қиындықтарды жеңуде бірге жұмыстанып отырмыз. Ең бастысы — діндар азаматша қандай ұстанымда болса да, бірінші кезекте оның мұсылмандығы тұрады. Яғни, теріс бағыттағы адам деп емес, өзім секілді Аллаға сенетін, Пайғамбарды (Алланың Оған игіліг мен сәлемі болсын) үлгі ететін, қанымыз бір қазақ қыздары болғандықтан түсінісуде ешқандай қиындық жоқ. Дәстүрлі исламды насихаттау мен оларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр.

Әйел жамағатымен жұмыс жасауда 20 жылдық тәжірибем бар. Ағартушылық бағытта да, діни көзқарасын оңалту бағытында да жергілікті діндар әйел жамағатымен жұмыстануда, өзіме жүктелген міндеттерді абыроймен толық орындап келемін. Жұмыстан тыс уақытты да көбінесе жергілікті діндар әйел жамағатына арнаймын. Облысымызда әйел теолог мамандардың жетіспеушілігі себепті қала жамағатынан бөлек аудандардағы әйел жамағаттарымен де кездесу ұйымдастыруда уақыт тапшылығы жағынан қиындықтар болып қалады. Қазірде осы мәселені шешу барысында орталығымызға келген жас теолог мамандармен жұмыстанып, тәжірибемен бөлісіп, білім алмасып отырамын.

-Назгүл Медерқызы! Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз.

Сұхбатты жүргізген Ұ.Сариева

Оставить комментарий

Scroll To Top
http://srealt.comhttp://otellook.com